Бүгін Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов бастаған топ ПУИД-2 бағдарламасы аясында жүріп жатқан каналарды бетонмен қаптау құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алатау батыр ауылдық округіне қарасты №685 ағын су бекетінің жұмыс барысын қарап, каналдарды бетондау бойынша жұмыс атқарып жатқан «Тахал» және «Мелиоратор» мердігерлік компанияларының өкілдерімен кездесіп, оларды жұмыс жоспарларымен танысты. Сонымен қатар, 4ПР-2 каналының бойындағы құрылыс жұмыстарында орын алған кемшіліктерді қарап, шаруалар мен мердігер компаниялардың жоспарлы келісілген түрде жұмыс жүргізу керектігі сөз болды. Өйткені, Алатау батыр және Қызылқұм ауылдарында жүзеге асып жатқан каналдарды бетондау жұмыстары ондағы диқандардың суармалы жерін суландыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Суармалы жер дегеннен шығады, былтыр Шардара ауданында 57 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мол өнім алынды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 60,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,2 % құрады. Оның ішінде: мал шаруашылығы — 10,1 миллиард теңге, НКИ — 97,8%, өсімдік шаруашылығы — 50 миллиард теңге, НКИ — 103,1 %, балық шаруашылығы қызметі — 0,4 миллиард теңге.
2022 жылы 1010 гектар күздік бидайдан — 3040 тонна, 1530 жаздық арпа дақылынан — 4340 тонна, 8494 гектар бақшадан — 224 240 тонна, 21 183 гектар ескі және жаңа жоңышқадан 211 857 тонна, табиғи, дала шөптерінен 129 050 тонна, сабан 5120 тонна, 4250 гектар сүрлемдік жүгеріден 150 400 тонна, 3510 гектар дәндік жүгеріден 22 815 тонна, 600 гектар күріштен 4810 тонна, 670 гектар маштан 1065 тонна, 15643 гектар мақтадан 45 448 тонна, 250 гектар картоптан 5250 тонна, 660 гектар көкөністен 23 310 тонна өнім жиналды.
2023 жылы 57 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Атап айтқанда: күздік бидай – 1100 гектар, жаздық арпа – 1500 гектар, күріш – 1200 гектар, дәндік жүгері – 3560 гектар, маш – 670 гектар, мақта – 11200 гектар, ескі жоңышқа – 20010 гектар, жаңа жоңышқа – 4100 гектар, сүрлемдік жүгері – 4250 гектар, картоп – 250 гектар, көкөніс – 600 гектар, бақша – 9360 гектар.
Жаушықұм алқабын игеруге келсек, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, жерлерді ұтымды пайдалану, өнімді арттыру, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында Шардара су қоймасынан механикалық әдіспен Жаушықұм алқабының 12192 гектар жерді суландыру жобасы іске асырылуда. Жоба құны — 10,8 миллиард теңге. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан 1-2-ші насос станцияларында топырақ қазу жұмыстары мен 3,5 шақырым инспекторлық жол салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 30 техника, 50 адам жұмылдырылған.
Жоба толығымен іске асқан жағдайда 12192 гектар жер айналымға қосылып, 6 мыңға жуық адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. 12 миллиард теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндірілетін болады.
Шардара ауданында «Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңін (ПУИД-2) іске асыру жұмыстары туралы сөз қозғағанда, ауданда ПУИД-2 (ИДЖЖ-2) жобасы аясында Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент ауыл округтеріндегі 20630,0 гектар суармалы егістік алқаптарда орналасқан ағын су нысандарын (каналдар, қашыртқылар, гидротехникалық құрылыстар және т.б.) қайта құрылымдаудан өткізу үшін тиісті жұмыстар қолға алынғандығын айту қажет. Бүгінгі таңға ағын су каналдарын қайта құрылымдау жұмыстарының 68% пайызы (136 шақырым), ағын су қашыртқылары тазалау жұмыстарының 33% аяқталған (141 шақырым). Жобаның жалпы құны: 23,4 миллиард теңгені құрайды. Іске асу мерзімі: 2019-2023 жылдар. (2022 жылға 6 миллиард теңге, 2023 жылға 9,6 миллиард теңге).
Жалпы жөндеуден өтетін каналдардың ұзындығы – 311,7 шақырым, оның ішінде: бетонмен қапталатыны – 199,5 шақырым, каналдарға орнатылатын қондырғылар – 1285 дана, қашыртқыларды механикалық тазалау – 404,8 шақырым, қашыртқыларға орнатылатын қондырғылар – 273 дана. Құрылыс жұмыстарына 60 дана техника, 200 адам қатысуда.
Бұдан бөлек, жұмысшы топ 140 адамды жұмыспен қамтып отырған Алатау батыр ауылындағы «Шебер» тігін цехының жұмысымен танысып, мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар бойынша ықпал жасайтындықтарын жеткізді.
Айта өтейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су нысандарын реттеу, жүйелеу, жөндеу жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Дәлірегі, каналдарды бетондау жұмыстары облыс аумағында қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, Мақтаарал ауданының Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан К-20 каналы жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайды, канал 10832 гектар егін алқабына ағын су жеткізеді. Бүгінгі таңда каналдың 91 ішкі жүйесіне ПУИД-2 бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы канал 175,3 миллион теңгеге сатып алынып, коммуналдық меншікке өткізілді. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 53 миллион теңге бөлініп, сметалық құжаттары әзірленді. Шаруалар облыс басшылығынан келесі жылы каналдың 27 шақырымын толық бетондау үшін тиісті министрліктен қаржы бөлдіруге ықпал жасауды сұрап отыр.
Өңір басшысы Дархан Сатыбалды айтуынша, Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, өткен жылы 2 нысан пайдалануға берілді. Олар:
- «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы (Сыйымдылығы — 18 миллион текше метр). Нәтижесінде, жылына қосымша 34 миллион текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік берді.
- Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 миллион текше метр су үнемделді.
Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасуда.
Ал «Ақсу» МКК-нің басшысы Ә.Қалмұратовтың мәліметінше, Сайрам ауданының аумағын ағын сумен барлығы 53 канал қамтамасыз етеді. Бұл каналдардың 47-і — Сайрам ауданының коммуналдық меншігінде, бұдан бөлек 6-ы жеке меншікте болып табылады. Суармалы жер көлемі 18500 гектарды құрайды. Судың табиғи шығынын азайту мақсатында 27 аса маңызды магистральды және шаруашылықаралық жер каналдардың құжаттары бетондау жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға облыстық салалық басқармаға ұсынылған. Олардың ішінде биылға ЖСҚ-ы дайындауға Ақбұлақ ауыл округінен «Аламан», Жібек жолы ауыл округінен «Төменгі Аққала», Көлкент ауыл округінен «Теспе» каналы, «Қайнарбұлақ ауыл округінен «Әсіл», «Бауарық», Манкент ауылдық округінен «Сай», «Жоғарғы Аққала» каналдары іріктеліп, алынды. Бұдан бөлек, «Ақбай-Қарасу» каналына жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Қаржы бөлінген соң, бетондау жұмыстары басталады. Өз кезегінде аудандағы мемлекет меншігіндегі каналдардың 305 шақырымы жер каналдары болған соң, осы каналдардағы табиғи су шығыны 50 пайызға жетіп отырғаны анықталған. Осы мәселені шешу үшін каналдарды бетондау, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің балансында тұрған каналдарды механикалық тазалауға алған техниканы ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы қарастыруға ықпал етуін сұрап отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.