Түркістан облысы: Шардара ауданындағы балық шаруашылығын үйрететін мектепке ел кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары

Түркістан облысындағы балық шаруашылығын үйрететін мектепке еліміздің түрлі аймақтарынан келетін кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Шардара балық мектебі» ЖШС-нің директоры Абай Қыпшақбаев мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылы елімізде балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл орайда, Түркістан облысында 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Жалпы, 2022 жылы өңірде 6199,85 тонна тауарлы балық өндірілген. Биыл 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Брифинг барысында мекеме басшысы Абай Қыпшақбаев өңірімізде балық өсіру шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағытта кәсіпкерлерге көмек беретін мектептің нәтижелі жұмыстарымен таныстырды.

Спикердің айтуынша, Түркістан облысында балық өсіру, акваөсіру саласын дамыту мақсатында алғаш рет «Шардара балық мектебі» ЖШС-і 2022 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде мектеп кәсіпкерлерді 70 пайыз тәжірибелік, 30 пайыз жоғары дәрежелі мамандардың теориялық сабақтарымен ұштастырып, оқытып жатыр.

Сондай-ақ, мектептің оқыту курсына қатысушылардың 50 пайызы өзге өңірлерден келген. Атап айтсақ, Түркістан облысынан бөлек, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Тараз және Ақтөбе т.б. қалалардан келетін кәсіпкерлер бар. Бүгінде олар шаруашылықтарын дамыту үшін қажетті білім алып, кәсіптерін жандандырған.

«Шардара ауданында 20 жылдан бері балықты өңдеп, экспорттаумен айналысып келе жатқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Осы мекеменің қасынан балық шаруашылығын дамыту мақсатында оқыту курсын қолға алдық. Басты мақсатымыз — халықты сапалы өніммен қамтып, шаруашылықты өнеркәсіптік деңгейге көтеру, экономикалық тұрғыдан тартымды ету. «Балыққа да бап керек» демекші, бұл жерде кез келген балық өсірумен айналысқысы келетін азамат тәжірибе алмасып, бізбен серіктес бола алады», — деді Абай Бахытжанұлы.

Сондай-ақ, мұнда балықты қолдан және жасанды түрде өсіруге мүмкіндік бар. Одан бөлек, кәсіпкерлерге балықты дернәсілден бастап тауарлы балық көлеміне дейін өсірудің қыр-сырын, әрі қарай балық өсіруге нақты қызығушылық танытқан бизнес өкілдеріне тоған қазу, шарбақ орнату, бассейн құру және ол жерге шабақтарды жіберу жайы үйретіледі.

Мектеп бүгінге дейін 50 оқушыдан тұратын 6 лекті оқытқан. Оның ішінде, 15 бизнес өкілі қызығушылық танытып, балық өсіру кәсібін ашқан. Олар қазіргі таңда мектеппен тұрақты байланыс орнатып, кәсіптерін дамытып отыр. Бір аптаға арналған оқыту курсының ақысы — 200 мың теңге. Оқу курсы, жатын орны мен тамағы осы мектеп тарапынан қамтамасыз етіледі.

Брифингте белгілі болғандай, балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Сонымен қатар, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға арналған техника мен жабдық сатып алуға да қомақты қолдау бар.

Шынын айту керек, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

– Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, – дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов.

Балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген шаруалардың Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамытуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 гектар аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.

Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.

«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлардың арқасында 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Түркістанның балық өсірушілері өз өнімдерін шетелге экспорттап жатыр. Облыста балық шаруашылығы дамып келе жатқан аумақтың бірі — Жетісай ауданы. Жетісай ауданының Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық шағын ауылында орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Абылаев 20 миллион теңге жеке қаржысын өзінің балық шаруашылығына салып, дөңмаңдай, амур, сазан секілді балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген екен. Ұзындығы — 250 метр, ені — 180 метр болатын 3 бассейнде өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы — 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Мамандардың айтуынша, шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар.

Еліміз бойынша жасанды балық өсіруден көш бастап тұрған Түркістан облысында 104 су айдыны бар. Олардан бөлек 4 халықаралық, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысады. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылған екен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған еді. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді», — дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған Түркістан облысының балық өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында тұр.

Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов: «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Балық өсірушілер су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүргенін де айта өтейік. Облыс әкімдігі тарапынан балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын нысандарын ашу жоспарын орындау жүктелді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берген-ді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екені де үнемі назардан түскен емес.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысында жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде берілген жағдайда тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан аспақ. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, облыста 2022 жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен бекітілген Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда.

Жалпы, 2021-2030 жылдары болжамды есептеулер бойынша Бағдарламаны іске асыруға 541,3 млрд. теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 200,7 млрд. теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен 340,5 млрд. теңге қажет болады.

Бұл ретте, балық шаруашылығын субсидиялауға 2021 жылдан 2023 жылға дейін 5,6 млрд. теңге бөлінді.

Мәселен, 2023 жылдың өткен кезеңінде балық шаруашылығы субъектілері 600 млн. теңгеден астам сомаға субсидия алды.

Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының балық ресурстарын сақтау, өсімін молайту және орнықты пайдалану, мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту жөніндегі шараларды көздеу бөлігінде өзгерістер пысықталуда.

Бағдарлама іс-шараларының практикалық іске асырылуы — Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауында.

Жалпы, Қазақстандағы балық шаруашылығы мен оның қазіргі жағдайы, даму перспективаларына келсек, балық шаруашылығы — экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, балық шаруашылығының одан әрі дамуының үлкен әлеуеті бар. Осыған байланысты, біз балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының индикаторларына қол жеткізуге бағдарланған. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және балық өсіру. Бүгінгі таңда 1600-ден астам су айдыны 1200 субъектіге бекітілген, онда 12 мыңнан астам адам балық аулаумен айналысады. Табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.

Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі. Онда ірі балық шаруашылығы су айдындары бар: Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан көлдері, Арал теңізі және басқалары.

Балықты өндеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Қалғаны ішкі нарыққа, жақын және алыс шетелдерге бағдарланған.

Келешекте табиғи су айдындарының табиғи ресурстарын сақтау және орнықты пайдаланумен қатар, балық шаруашылығының үдемелі дамуын қамтамасыз ету көзделген.

Мұнда біз балық аулаудан балық өсіруге біртіндеп қайта бағдарлау бойынша әлемдік тәжірибеге сүйенеміз.

2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарлануда және осы негізде балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарлануда.

Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп, кеңейтілуде. Бірінші кезекте — субсидиялау. Қабылданған шаралардың арқасында бизнес субъектілерінің іскерлік белсенділігінің артуы байқалады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 2022 жылы 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де соңғы 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті.

Жалпы алғанда, мыңнан астам жаңа шаруа қожалықтарын құру жоспарлануда. Олардың 47-сі ірі, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 150 млрд. теңгені құрайды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.