Ағымдағы жылы Шардара ауданы аумағында аса қауіпті Марокко шегірткесі зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 43 мың гектар жер учаскесіне жүргізу жоспарланған. Сәуір айының 4 жұлдызынан бастап Жаушықұм ауыл округінде анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Шардара аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі хабарлады.
Фитосанитариялық мониторинг жұмыстарына 15 азамат және 2 маман тартылуда. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Шардара аудандық филиалының 11 сәуірдегі мәлімет бойынша 10,4 мың гектар жерге анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 1 шаршы метр аумақтағы дернәсілдер саны 7 дананы құрады. Аса қауіпті зиянды шегірткелердің таралау аумағы экономикалық зиянды шегінен асқан жағдайда «Лакустин», «Вантекс» атты улы химикаттармен өңдеу жұмыстары жүргізіледі. «Қолданылған улы химикаттар улағыштығы күшті перепараттар болғандықтан, мал және бал ара шаруашылығы (шопандар мен омарташылар) улы химикаттар шашылған жерлерге 72 сағатқа дейін мал жаюға болмайтындығын хабарлаймыз» — дейді бөлімдегі жауаптылар.
Еске салайық, химиялық өңдеу жұмыстары алғашқы болып Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінен басталды. Мұндағы экономикалық зиянды шегінен асқан 10280 гектар алқаптың 9240 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Арыс қаласында экономикалық зиянды шегінен асқан 3890 гектар алқаптың 3645 гектары өңделіп, 5 жер үсті желдеткіш бүріккіштері жұмыс істеуде.
Келес ауданында да бұл бағытағы жұмыстар жоспарлы түрде іске асуда. Өңірдегі 1770 гектар алқаптың 1575 гектары 2 жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен өңделіп жатыр.
Сауран ауданы бойынша 610 гектардың 260 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 67 240 гектар жерге жоспарланған. Оның ішінде 59050 гектары жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен, ал 8240 гектары әуемен жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 53 ауылдық округте Марокко шегірткесіне қарсы күрес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлімдеді. Спикердің сөзінше, өңірде шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарға сай атқарылып жатыр.
Бұл ретте бір күнде 3500-4000 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Оған 26 жерүсті бүріккіш техникасы мен 1 АН-2 жеңіл ұшағы жұмылдырылған.
«Түркістан облысында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмысы 8 сәуір күні басталды. Жоспарланған 705 000 гектар алқаптың 570 000 гектарында зерттеу, анықтау жұмысы жүргізілді. Марокко шегірткесінің қоныстанған аумағы 90 мың гектарды құрап отыр. Оның 48000 гектарында экономикалық зиянды шегінен асқаны анықталып, 41000 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», — деді Ибрагим Бегасилов.
Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мен фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауылдық округінде жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша Марокко шегірткесі көп тараған аймақтар ретінде белгіленген Сарыағаш ауданында 24 000 гектар, Арыс қаласында 11 000 гектар өңделген.
Өңірдегі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын толықтай аяқтауға әлі уақыт бар. Бұл ретте шегірткеге қарсы күрес күшейтілген.
Алдағы уақытта Марокко шегірткесіне қарсы барлығы 67 290 гектар алқапта, оның ішінде 59 050 гектар жерүсті желдеткіш бүріккіш техникамен, 8240 гектар әуемен химиялық өңдеу жұмысы жүргізілмек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.