Түркістан облысы: Шардара ауданында ағын суды реттеу мәселесі бойынша мәжіліс болды

Республикада суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі Түркістан өңірінің үлесіне тиеді. Сондықтан да ағын су мәселесі облыс шаруалары үшін маңызды саналады. Осыған орай Шардара ауданында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті.

– Облысымыздың оңтүстік өңірлерін ағын сумен қамтамасыз ету «Достық», «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» трансшекаралық магистралды каналдарына тәуелді. Биыл сұранысқа сәйкес, ағын су тұрақты босатылуда. Дегенмен тапшылық туындау тәуекелділігі жоғары. Сіздермен бірлесіп, туындаған мәселерді талқылау және оның шешімін табуға біз өз тарапымыздан ынталымыз. Осы орайда бірінші кезекте жұмысты Шардара ауданынан бастап жатырмыз. Келесі кезекте Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы «Қазсушар» мекемесі тарапынан туындаған мәселелерді толық қарайтын боламыз. «Ирригациялық дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы» құрылысының сапасын жұмысшы топ мүшелерімен құрылыс басына барып талқылауға дайынбыз, — деді облыс әкімінің орынбарасы.

Күн тәртібінде шаруалар көтерген мәселелер қаралды. Оның ішінде ағын су тарифінің қымбаттауы, дақыл түрі бойынша суару нормалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.

Биыл «Қазсушар» РМК-ның ағын су тарифінің қымбаттауы және «Ирригациялық дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы (ПУИИД-2)» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы бойынша Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының АШТӨ-лері тарапынан бірқатар мәселелер түсті. Көтерілген өзекті мәселелердің оңды шешілуін қамтамасыз ету мақсатында, аталған одақтың бірлестік мүшелері аталған аудандардағы шаруалардың ұсынысы мен мәселесін зерделеу бойынша облыс көлемінде жұмысшы топ құрылды.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков баяндама жасап, аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Жандарбек Бақашбаев өз кезегінде ағын суды беру нормалары, жобаның 2-кезеңі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Аталған кәсіпорынның бөлім басшысы Есен Керімбеков ағын судың тарифі жайлы сөз сөйледі.

Жиын барысында жұмысшы топ өкілдеріне сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Бейсенбай Дәулетұлы мәжіліс соңында кезек күтірмейтін мәселерді қысқа мерзімде шешуіміз қажет деді. Оның қатарында АШТӨ-не тікелей ағын су жеткізу үшін, өндірістік кооперативтер қызметін жыл соңына дейін толық алып тастау, ауыл округтерінде суармалы жерлерді түгендеу жұмыстарын жүргізу, аудан аумағындағы су нысандарын бір қолдан басқару мақсатында коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу, асу субсидиясын беру бойынша ауылдық округтерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ИДЖЖЖ-2 бағадарламасы аясында атқарылған жұмыстардың сапасыз және қалған бөлігіндегі жұмыстарға қаржы қарау үшін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне ұсыныс енгізу, сонымен қатар Су метрология мекемесімен каналдардағы су шығынын қайта есептеп, бекіту сынды міндеттер бар.

Түлкібастық шаруалар бидайдан гектарына 30 центнерге жуық өнім алып жатыр

Ауыл шаруашылығы мәселесі тілге тиек етілген тұста назарларыңызға ұсынар тағы бір ақпарат, Түлкібас ауданындағы Жаскешу ауылында орналасқан «Серғазы» шаруа қожалығының төрағасы гектарына 30 центнерге жуық бидай өнімін алуда.

Ал, Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының қадамы аудан көлеміне қарыштап дамып келеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалығының табысы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Берекесі мен ынтымағы жарасқан бұл ұжымды ұзақ жылдардан бері диқан, іскер азамат Мелдебек Сүйіндікұлы Тайлиев басқарып келеді.

«Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы Мелдебек Тайлиевтің сөзінше, өткен жылы 650 гектар жерге бидай, 120 гектарына жоңышқа, 250 гектарына мақсары еккен.

Қазіргі таңда алқапқа 3 комбайн техникасы жұмылдырылған. Комбайншылардың орған бидайын 2 “КамАЗ” көлігі егіс алқабынан тоқтаусыз тасымалдап жатыр. Комбайншылардың, тасымал жұмыстарын атқарып жатқан көлік жүргізушілердің бәрі жергілікті тұрғындар екен.

Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында 24 гектарға масақты дәнді-дақылдар егілген. Оның ішінде, 15,4 мың гектарға — бидай, 8,6 мың гектарына арпа себілген. Қазіргі таңда бұл дақылдардың 12,5 мың гектары орылып, осы уақытқа 29,8 мың тонна өнім жиналған. Бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 25-30 центнерді, арпаның өнімділігі гектарына 22 центнерді құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin