
Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу жобасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қолға алынды. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен өңір басшысы бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын Крахмал өңдеу зауыты. Жүгері дақылын терең өңдейтін зауытта 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Шардарадағы индустриалды аймақта болған облыс басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыс барысын бақылады. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары мен өндіріс орнының әлеуетін талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Инвесторлар зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеу үстінде. Түркістан облысының оңтүстік аумақтарында мақтадан бөлек жүгері егуге бет бұру көзделген.
– Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Инвесторларға жағдай жасап, инфрақұрылымы бар тегін жер телімдерін ұсынып жатырмыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Түркістан облысында бірнеше зауыт, фабрика ашуды көздеп отырмыз. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізбек. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын көбейтуден басқа жол жоқ. Өзіндік табысты арттырмай, өңір де, мемлекет те дамымайды. Шардарадағы бұл зауыт талай отбасының табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады.
Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.
Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.
Айта кету керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған.
Кристалдық глюкоза таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.
Инвестиция көлемі – 31,2 миллиард теңге. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биыл дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары крахмал-сірнесі зауыты құрылысын аяқтап, іске қосу көзделіп отыр.
Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.
Сонымен қатар бүгін өңір басшысының іссапарына орай Түркістан облысындағы барлық аудан, қалалардың өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қаралатын жаңа форматтағы кездесулер Шардара ауданында өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен актив отырысында ауданның қордаланған проблемалары ортаға салынды. Бұл жиналыс бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылады.
Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделеніп, жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да сараланып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар беріледі.
– Бүгін біз Шардара ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мақсат – сыннан нәтиже шығару. Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар, ауыз су, инфрақұрылым мен абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға басты назар аударып, кемшіліктерді жою керек. Төмендеген көрсеткіштерді көтеруге күш салу қажет. Салық базасын ұлғайту, мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды жүзеге асыру керек. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, инвестициялық климатты жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етугеді тапсырамын. Барлық мемлекеттік мекемелердің алдына ағаш отырғызу керек. Көгалдандыру, тазалық жұмыстары күнделікті атқарылсын, – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.
Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.
Облыс әкімі аппаратының тарапынан Шардара ауданының өзекті мәселелері талданып, бірқатар кемшіліктер анықталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Шардараны дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды.
Бұл көрсеткіштер аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасамағанын көрсетеді. Салық салу базасын ұлғайтудың орнына, ауданда керісінше өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан салық салу объектілері салық декларациясында жалдамалы жұмысшылардың санын төмендетіп көрсетеді.
Жастарға несие беру жобасының орындалуы әлсіз. Денсаулық сақтау саласында ауданда бірқатар өзекті мәселелер бар.
Әкім тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі аппараты тарапынан аудандағы жалпы мемлекеттік әлеуметтік нысандардың, жол, санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайларына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатарының жай-күйі сын көтермейді.
Жаңа форматтағы кездесулер бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жасалады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралауда. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманы орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.
Ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Шардара қаласындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінде болды. 420 орындық білім ұясында екі ауысыммен 786 оқушы білім алады. Білім ұясы апатты жағдайда деп танылған. Жаңа мектер салу мәселесі талқыланды.
Атап өтер жайт, Шардара ауданы – Түркістан облысының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аумақтық-әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы — 13 мың шаршы шақырым (облыстың 11,1%-ын құрайды). Орталығы – Шардара қаласы. Аудан 1964 жылы қазан айында Қызылқұм ауданының негізінде құрылды.
Аудан жері негізінен Сырдария өзенінің сол жағалауын, Қызылқұм құмының оңтүстік-шығысын ала, аллювийлік жазықта (Шардара даласы) орналасқан. Қызылқұм өңіріндегі мыңдаған гектар шөлейт алқаптарды игеріп, суландыру арқылы ел қоныстандыру үшін 1958 жылы «Шардара құрылыс» басқармасы құрылды. Кеңестер Одағының әр түкпірінен келген мыңдаған комсомол жастар, жоғары білімді мамандар, осы өлкенің жас кадр мамандары бірлесіп жұмыс істеді. 1967 жылы 15 қазанда Мемлекеттік комиссия сыйымдылығы 5 миллиард 700 миллион текше метр Шардара бөгені мен су электр стансасының құрылысының аяқталғаны жөнінде актіге қол қойды. Сол жылы Сырдария өзенін бойлай ұзындығы 130 шақырым Қызылқұм магистральды каналы іске қосылды.
Климаты айқын континенттік. Қысы біршама жұмсақ, қаңтардың жылдық орташа температурасы –4 – 6°С. Жаз айлары ыстық, аңызақты, шілденің ортасы температурасы 28 – 29°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150 – 200 мм. Аудан аумағында құрылыс материалдары барланған. Жерінің басым бөлігі құмды (Қызылқұм), сұр, сортаң топырақты, өзен аңғарлары шалғынды-сазды топырақты. Мұнда жусан, селеу, сексеуіл, жантақ, жыңғыл, баялыш, Сырдария бойында қамыс, құрақ, тал, жиде өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, ақбөкен, қарақұйрық, бауырымен жорғалаушылар, өзен бойында қаз, үйрек, қырғауыл мекендейді.
Ауылдарда негізінен күріш, қосымша мақта, сүтті, етті мал, жылқы, түйе, көкөніс, бақша өсіруге маманданған 14 кеңшар, 1 күріш өсіру тәжірибелік шаруашылығы болған (1988 жылы «Қазақстан», «Целинный» біріктіріліп, «Жиделі», «Аққала», «Байырқұм» кеңшарлары Арыс ауданына берілді). Олардың негізінде ауданда 5500 ауылшаруашылық тауар өндірушілері тіркелген. Елді мекендер Қызылқұм каналы мен Сырдария өзенінің бойын жағалай орналасқан. Шардара ауданы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 43,0% мақта шаруашылығына тиесілі. Аудандағы егістік жерлердің 91,0% немесе 23,7 мың гектары — мақта егістігі. Аудан шаруашылығының негізін «НИМЕКС» корпорациясының зауыты, «Мырзакент», «Достық» мақта пункттері, «Мырзакент» АҚ, т.б. құрайды.
Денсаулық сақтау саласында 1 аудандық аурухана, 1 қалалық емханасы, 11 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, «Қазақстан» БМСК «Алатау батыр» ауылдық стационарлық бөлімшесі, санитарлық-эпидемиологиялық стансасы, стоматологиялық емхана қызмет көрсетеді. Білім беру, мәдениет салаларында 30 жалпы білім беретін мектеп, 1 колледж, 16 кітапхана, 10 мәдениет үйі, оның ішінде 1 аудандық мәдениет сарайы, 9 ауылдық мәдениет үйі тіркелген. «Ақ әжелер» ансамблі жұмыс істейді. 1969 жылдан ауданы «Өскен өңір» газеті шығады. Аудандағы Ұзыната аулынан 8 км жерде бүтіндей сақталып қалған орта ғасыр ескерткіштерінің бірі – Ұзыната кесенесі орналасқан.
Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Аудан орталығы Шардара қаласының атауының өзі ғалымдардың пайымдауынша парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабыб керуен жолдарының түйіскен жері болған. Бір кездері бұл өңірге Шардара құрылысшыларынан бұрын ғалым-археологтар келген болатын. Қазіргі уақытта сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метр жасанды Шардара су қоймасы орналасқан аумақ тарихи ескерткіштерге толы ескі шежіресімен ерекшеленеді. Ескерткіштер мәңгілікке су астында қалғанымен, адамзат пен ғылым үшін маңызын жоймақ емес. Археологтар салған алғашқы күрек Шардара су қоймасы құрылысының бастамасы іспетті еді. 1959 – 1963 жылдар аралығында бұл өлкеде, яғни Сырдария өзені ортаңғы ағысының жоғарғы бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Экспедиция Қазақ КСР-ы ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғалым-археологтары құрып, басшылық жасаған болатын. Атап айтқанда, қазақстандық ғалымдар М.С. Мерщиев, А.Г. Максимова және олардың мәскеулік әріптестері Б.И. Ваинберг пен Л.М. Левина. Қазба жұмыстары нәтижесінде бұл өңірде біздің заманымыздың IV-XIII ғасырларында өмір сүрген Ақтөбе І, Жаушықұм қалашықтары және І-ші ғасыр басы мен IV ғасырға жататын Ақтөбе ІІ мекені анықталды. Сыр өзені бойынан табылған археологиялық ескерткіштер қатарына Жаман-тоғай, Төребайтұмсық, Қорған мазарлары мен Жаушықұм, Ақтөбе мазарлары жатады. Тарихшы ғалымдар дәлелдері мен дәйектемелер бойынша қазіргі Шардара ауданы орналасқан территория, яғни Сырдария өзенінің ортаңғы ағысынын жоғарғы бөлігі түркі тайпалары мекені болған. Бізге дейінгі жеткен археологиялық және жазба деректерге сүйенсек, Шардара өңіріндегі ескерткіштер біздің заманымыздың VI-VIII-ғасырларында Түрік қағанатына тиесілі болған. Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін бұл аумақ Түркеш тайпалық одағы құрамына өтіп, IX-шы ғасырлардың I-ші жартысында Саманид тайпалары билік құрған. 999 жылы Саманидтер үстемдігі құлауына байланысты түркі династиясының қараханидтер әулиеті өз дәуірін жүргізіп, Ақтөбе қалашығының өсіп, гүлденген кезеңіне жатқызылады. XIII-ші ғасырдың басына моңғол шапқыншылығына байланысты, Сыр өзені бойындағы басқа қалашықтар секілді Ақтөбе қалашығы өзінің тарихи дамуын тоқтатады. Жоғарыда келтірілген тарихи деректер академиктер В.В.Бартольд, А.Н.Бериштам еңбектерінде және XVI-шы ғасырдың теңдессіз, құнды жазба дерегі болып табылатын Фазаллах ибн Рузбихан әл Исфанидің «Мехманнаме Бұхара» атты кітабында кеңінен көрініс тапқан.
Аудан көлемінде орналасқан, бүгінгі күндері тарих тұңғиығына еніп, көне дәуір сырын ішіне бүгін жатқан ескі мекендердің бірі — Сүткент қалашығы. 1900 жылы Н.В.Рудиев және 1949 жылы академик А.Н.Бериштам басқарған ғылыми экспедициялар Сүткент қалашығына археологиялық зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде шаруашылығы мен өзіндік даму құрылымы болған, түркі тайпалары мекені екендігі анықталып дәлелденген. Сонымен қатар X-XVғасырлардағы жазба деректерде де көне Сүткент қалашығында түркі тайпалары тұрғаны жазылады.
Шежірелі Шардарада бүгіндей сақталып қалған орта ғасырлық сирек ескерткіштердің бірі — Ұзын-ата кесенесі бүгінгі көнге алыстан мұнартады. Ол қазіргі Ұзын-ата ауылдың округі орталығынан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан, XIV-шы ғасырдың соңы мен XV-ші ғасырдың басында дүниеге келген тарихи жәдігер. Ескі деректерге сүйене болсақ, Ақсақ Темір әмірімен салынған бұл кесенеде Орта Азияға Ислам дінін таратумен айналысқан, шын есімі Асан-ата аталған әулие кісі жерленген. Асан-Атаның Ақсақ Темірдің жақын кеңесшілерінің бірі болып, сол заманда өмір сүргенін дәлелдейтін деректер академик В.В.Бартольд еңбектерінде де ұшырасады. Ауданның өркениеті дәуіріндегі мағыналы өмірбаяны ресми түрде 1964 жылдан басталады. Ал Қызылқұм өмірін суландыру жолындағы ұлы жорық 1958 жылы тамыз айынан басталады. Сол жылдары Шардара құрылыс басқармасы құрылып, оның бастығы Ә.К.Қасымов бастаған 26 адам қазіргі Шардара қаласы орналасқан Жаушықұмға келіп қоныс тепкен еді.
Өз дәуірінде бүкіл Кеңестер Одағында ерекше маңызға ие болған нысан — Шардара су электр станциясы. Шардара СЭС-ның құрылысы 1967 жылы 15-ші қазанда аяқталып, пайдалануға берілді. Қызылқұм өңірін суландырудың алғашқы кезеңінде бұл аймақта 60 мың гектарға жуық суармалы жер, ұзындығы 130 шақырым магистральді канал іске қосылды. Аудан негізінен сол уақыттарда еліміздің халық шаруашылығында шешуші маңызы бар дақылдың бірі, күріш өсіретін кеңшарлармен қазір қаракөл қой шаруашылықтары жұмыс істеп, «Шардарақұрылыс» басқармасы, «Қызылқұмсовхозстрой» тресі, құрылыс материалдар комбинаты, Су электр станциясы, Астық қабылдау мекемесі секілді ірі кәсіпорындар мен мекемелер бүкіл одаққа танымал болды. 1970-1980 жылдары аудан одақтық, республикалық социалистік жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Ауданның тұңғыш басшысы болып, аудандық партия комитеті I-ші хатшылығына Қауысбек Тұрысбеков, ал атқару комитетінің төрағалығына Әштар Жолдасов тағайындалды.
1980 жылдан бастап ауданның өнеркәсіп кешенінде тағы бір жетекші сала – мақта өндірісі жедел дами бастады. Қазіргі уақытта Шардара ауданы ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған нарықтық экономикаға толық бейімделіп меңгерген аймақ. Ауданның жер көлемі — 13 мың шаршы километр. Сонымен қатар, бұл өңірде 23 ұлттың өкілдері мекен етеді. Жалпы биылғы статистикаға сүйенсек, Шардара ауданында тұрғындар саны 84315-ді құрайды.
Ұлттық құрамы: қазақтар (96,70%), орыстар (1,99%), татарлар (0,32%), өзбектер (0,17%), тәжіктер (0,18%), корейлер (0,13%), басқа ұлт өкілдері (0,5%).
25 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 10 ауылдық округке біріктірілген:
- Ақшеңгелді ауылдық округі;
- Алатау батыр ауылдық округі;
- Достық ауылдық округі;
- Жаушықұм ауылдық округі;
- Көксу ауылдық округі;
- Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округі;
- Қоссейіт ауылдық округі;
- Қызылқұм ауылдық округі;
- Сүткент ауылдық округі;
- Ұзыната ауылдық округі;
- Шардара қалалық әкімдігі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.