Аудан әкімінің орынбасары Н.Сапаровтың төрағалығымен Шардара ауданында 2023 жылғы көктем мезігілінде шіркейге қарсы жүргізіліп жатқан дезинсекциялау және дератизациялау жұмыстары бойынша жиын өтті. Жиынға залалсыздандыру жұмысын жүргізіп жатқан мердігерлік мекеменің мамандары да қатысты.
Онда Сырдария өзені бойында шіркейлердің көбеюі, сол аумақта орналасқан елді мекендерде тұрақты қоныстанған тұрғындардың күнделікті тіршілігіне зиян келтіруде. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.Бекшинның 05.07.2017 жылы №74-ОД бұйрығымен бекітілген «Дезинсекциялау және дератизациялау жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдарға» сәйкес шіркейлермен күресуде түпкілікті нәтижеге жету мақсатында олардың дернәсілдерін санын азайту қажеттілігі айтылды.
Дернәсілдермен күресу үшін Bacillus thuringiensis негізіде бактериялық препараттарды суға жіберу әдісін қолдану тәсілін және су қорғау аймақтарын, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарда химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану шараларын жүргізу жоспарланып, іске асырылуда.
Осы орайда, Сырдария өзені бойында орналасқан елді мекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жүргізуге Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы ММ-мен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылға келісімшарт жасалған. Мердігер мекеме «Satti Tulik» ЖШС анықталып, Сырдария өзені бойымен су қорғау аймақтарында дезинсекция жұмыстарын жүргізу көзделген.
Ағымдағы жылдың 27 сәуіріне Шардара ауданында Сырдария өзенінің су көлеміне байланысты 3 рет маса және шіркейлердің ұрықтарына (личинкаларына) арнайы химиялық инсектицидтер өңдеу әдісі қолданылуда. Мамандардың хабарлауынша, шіркейлердің санын азайтуға байланысты дезинсекциялық жұмыстар, сәуір-мамыр айлары және қажеттілік бойынша одан әрі қарай да жалғастыру көзделген.
Соңғы күндері Түркістан облысында бірнеше аудан шіркейдің шырмауында қалып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Осы орайда, апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде жауапты сала өкілдерінің қатысуымен брифинг өткен-ді.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінді. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.
– Өңірде көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі байқалады. Бұл жағдай елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды, – деді Б. Полатбеков.
Зиянкестермен күресуге бірден-бір жауапты мекеме – «Satti Tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменұлының сөзінше, шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр.
– Өңір бойынша 7 нүкте анықталды. Бұл жерде биологиялық препараттар талапқа сай 2 рет қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр. Жалпы, шіркейлерді түгелдей жою мүмкін емес. Тек санын азайту бағытында жыл сайын жұмыс істейміз. Жұмыстар жалғасады. Бұл жағдай жіті бақылауда, – деді Қайрат Ерменұлы.
Айта кетейік, мердігер «Satti Tulik» ЖШС-і тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топ құрамында, эпизоотология және аса қауыпты инфекциялар лабораториясының меңгерушісі М.Кулемин, Алматы қаласының Зоология институтының аға ғылыми маманы Қ.Кошкимбаев және басқада білікті мамандар бар.
Шіркейдің көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр. Әлеуметтік желіде жарияланған видео авторының айтуынша, шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған.
«Тіпті, қоян көжектері мен төлдеген сиырдың бұзауы және жылқылардың құлындары өліп кетіп жатыр», — дейді автор.
Ал, аталған мәселеге ресми түрде жауап берген Отырар ауданының әкімдігі елді мекендерде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліліп жатқанын жеткізді.
«Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысына сәйкес дернәсіл шіркейлермен күресу үшін «bacillus thuringiensis» бактериялық препараттарын суға жіберу әдісі қолданылып жатыр. Ал, су қорғау аймақтарында, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекендерде, демалыс аумақтарында химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану арқылы тиісті дәрілеу жұмыстары атқарылады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, шіркеймен күрес Арыс қаласының аумағында да жүріп жатыр. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, екі кезең бойынша іске асатын жұмыстар адам көп шоғырланатын аймақтардан басталған.
Түркістан облысының Арыс, Шардара, Отырар сияқты алты ауданында шіркей қаптап кетті. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елді мекен тұрғындары жәндікке таланып жатырмыз деп дабыл қағуда. Күн ысыса зиянкестер көбейіп, жұрт далаға шығудан қалдық дейді. Қанатты жәндіктер тіпті жаңа туған төлдерді шағып, ел өріске мал шығаруды қойыпты.
Сәуір айынан бері шіркейге таланған Көксарай ауылының тұрғындары осылай дабыл қағуда. Себебі шіркей адамдарға ғана емес, үй жануарларына да орасан зиян келтіріп жатқан көрінеді. Күн ұзаққа бетін тұмшаланып жүруге мәжбүр болған халық егіске де, мал жаюға да шыға алмай қалдық деп отыр.
«Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Далаға обшым шығу жоқ қазір. Кішкентай немерелерімізге есікті құлыптап отыратын болдық» — дейді Көксарай ауылының тұрғыны Жанат Нәденова.
Шіркейге таланған тұрғындар бала шағаларымен аурухана жағалап жүр. Солардың бірі -Гүлжан Зұлпыхарова. Ол немерелерімен бірге жарадан көз ашпай қалғанын айтады. Себебі шіркей шаққан жерлер жара болып, жазылмай қалыпты.
Көксарайлықтар осыдан енді шіліңгір шілдеге дейін азапты күндерді кешетіндерін жеткізді. Ал жауаптылар болса зиянкестерге қарсы күрес бір ай емес, бір аптаға ғана кешеуілдегенін мойындады. Бүгінде өңірдің алты ауданында дәрі себу шаралары жүргізілуде.
Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов: «Отырар ауданында алдын ала белгіленген 8 елдімекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы бес ауыл округі белгіленіп, сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі. Енді шіркейге әсері міндетті түрде болады. Себебі, ол ошақтары залалсыздандырылып жатыр» — деді.
Қазіргі таңда шіркейді дәрілеу жұмыстарына 644 млн теңге қаржы қаралып отырғанын жоғары айттық. Сондай-ақ, арнайы ғылыми топ құрылып, жәндіктердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен ауыл тұрғындары соңғы он жылда көзі жойылмаған шіркейден біржолата құтыламыз дегенге сенбейді.
Шіркей (Sіmulііdae) туралы аз кем ақпарат бере өтсек. Ол – қосқанатты қансорғыш жәндіктердің тұқымдасы (қ. Қосқанаттылар). Жер шарында кең тараған, 1000-нан астам түрі белгілі. Дене тұрқы 2 – 4 мм, Шіркейдің көпшілік түрінің аналықтары – құстар мен сүтқоректілердің қансорғыштары. Аталықтары өсімдік шырынымен қоректенеді. Дернәсілдері ағын суларда субстратқа бекініп, тіршілік етеді. Қуыршықтарының бір бөлігі пілләмен оралған. Ересек шіркейлер судан тыс тіршілік етеді. Негізінен таңертең, ымыртта ұшып, осы кезде адамдарды шағады. Сілекейі улы. Шіркейлердің шаққанда жергілікті (папулалар, ісіктер, тағы басқа) және жалпы (гиперемия, дене температурасы көтеріледі, тағы басқа) реакциялар пайда болады. Бұлар адам киімінің астына, көзге, құлаққа кіріп кетеді. Кейбір түрлері адамда және сиырларда, бұғыларда – онхоцеркоз; құстарда – гемоспоридиоз; сондай-ақ туляремия және түйнеме ауруларының қоздырғыштарын таратады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.