Түркістан облысы: Шардара ауданы әкімінің халықпен кездесуінде ағын су каналдарын жөндеу, ауыз су мәселесі, тыңайтқыш, егін жер конкурсының мәселесі, жайылымдық жер, ветеринария маманының тапшылығы бойынша мәселелер көтерілді

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай 2022 жылғы 4 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін бастады. Аудан әкімі кездесуді Достық, Ақшеңгелді, Сүткент және Қызылқұм ауылдық округтерінде өткізіп, аудан бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, кездесу өткен төрт ауылда алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, әр ауылдың тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.

Кездесу барысында әр ауылдық округ бойынша мәселелер айтылып, сауалдар қойылды.

Атап айтқанда, Достық ауылындағы Қазпошта, ағын су каналдарын жөндеу, ауыз су мәселесі, көшеге тас төсеу, тыңайтқыш, егін жер конкурсының мәселесі, ауыл ішіндегі бірқатар көшелерді асфальттау, қосымша балалар алаңшасын салу, ағын су қашыртқыларын тазалау бойынша мәселелер көтерілді. Егізқұм елді мекенінде өткен Ақшеңгелді ауылының тұрғындарымен кездесуде электр бағаналарын ауыстыру, ағын су тарифы мен каналдары, интернет, жер мәселесі, жедел жәрдем көліктерін жаңарту, қосымша спорт үйірмелерін ашу, жекеменшік каналдар мәселесі, футбол алаңшасын ретке келтіру, жекеменшік ғимаратты мемлекеттік теңгерімге алып, балабақша салу мәселесі көтерілді. Сүткент ауылында жол мәселесі, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, ағын су дренаждарын заңдастыру және Қызылқұм ауылынан жайылымдық жер мәселесі, ағын су ақысы, ағын су лотогын реттеу, ветеринария маманының тапшылығы, тұрақты кезекші дәрігер қою, электрик тапшылығы және басқа да жеке мәселелер көтерілді.

«Кездесудегі мақсатымыз – тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жалғасады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сіздермен әр тоқсан сайын кездесіп, есеп беріп тұрамыз. Сондықтан әрқайсысыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша жұмыс істейтін боламыз» — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар әр ауылдағы кездесулерден соң аудан әкімі тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, әрбір тұрғынның жеке мәселелерін тыңдап, шешу бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.