Түркістан өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыс жүруде. Шардара ауданында да іс атқарылып жатыр. Жуырда аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласында салынып жатқан 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары үшін салынуда. Арман Романұлы тұрғын үйлердің құрылысын аралап, мамандарға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Тұрғын үй құрылысын биыл қазан айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ аудан басшысы Шардара қаласы, Шардара-Жетісай бағытына кіші сәулеттік абаттандыру құрылысымен танысты. Ондағы сәулеттік жобаларды қарап, идеяларды талқылады.
«Тұрғын үй кезегінде жылдап тұрғандарды баспанамен қамту үшін барынша әрекет жасауымыз қажет. Білемін, мыңдаған тұрғын үй салуға бюджет қаражаты жетпейді, бірақ жылда аз-аздан сала берсек үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтып, қуаныш сыйлаймыз. Сол үшін қарқынды жұмыс істеуіміз керек. Сонымен қатар ауданға кіреберіс жерді және қала іштерін абаттандырып, келушілер мен аудан тұрғындарының көрікті мекенде жүруіне жағдай жасау басты міндеттеріміздің бірі екенін есте ұстайық», — деді аудан әкімі.
Атап өтерлігі, облыс құрылғаннан бері құрылыс қарқыны 2,9 есеге өсті. 176 көпқабатты үй салынды, 40 мыңдай отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында шамамен 80 мың тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы жалпы 145 000 шаршы метрді құрайтын 191 үй салу жоспары бекітілді. Қазір 159 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2600-ден астам азамат баспаналы болды.
Ал 2024 жылдың 6 айындағы статистикалық мәліметтер бойынша елімізде 7,4 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл — республиканың құрылыс саласындағы елеулі жетістік. Осы жылдағы негізгі мақсат – былтырғы көрсеткішті — 15,5 миллион шаршы метрді 18 миллион шаршы метрге дейін ұлғайту.
2024 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 15,5 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 145 мың отбасы деңгейінде белгіленді. Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларының деректері бойынша 7 440,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2023 жылдың кезеңімен салыстырғанда 101% құрайды. Оның 6 887,1 мың шаршы метрі жеке меншік пен халық есебінен енгізілген.
Республика бойынша барлығы 67 498 тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 16 101-і жеке тұрғын үй.
Мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – халықтың ең мұқтаж, әлеуметтік осал топтарын және су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде 651 677 адам тұр, оның 256 572-сі халықтың әлеуметтік осал топтары.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі қабылданған тұжырымдамасы шеңберінде аса мұқтаж жандардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мынадай шаралар қарастырылған:
— Астана, Алматы және Шымкент қалаларында халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар және жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз 32 350 жалдамалы пәтер сатып алу.
— 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығы бар және құқығы жоқ 22 202 жалдамалы пәтер сатып алу жоспарлануда.
— Жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар (2-10-20, 5-10-20). Соңғы 5 жылда «Отбасы банкі» арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен 53 088-ден астам несие берілді.
Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен 19 342 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде жалғыз тұрғын үй деп танылған 7 386 саяжай. Тұрғын үй комиссиясының техникалық тексеру қорытындысы бойынша келесідей қолдау көрсету туралы шешім қабылданды:
— 2578 тұрғын үй нысанының құрылысы.
— Жылжымайтын мүлік нарығында 6000 тұрғын үйді сатып алу.
— 9243 нысанның жөндеу жұмыстары.
Бүгінгі күні 2578 үйдің құрылысы басталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.