Түркістан облысы: Шетелде тағы 32 дәрігердің біліктілігін көтеру жоспарланып отыр

Түркістан облысында жалпы медицина саласында 24 592 маман қызмет атқарады. Оның 5 486-сы – дәрігер, 19106-сы – орта буынды медицина қызметкері. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 274 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр. Оның 100-ге жуығы құрылысы құрылысы жүріп жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет екені анықталып отыр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» №37/391-VI шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие әрі тапшы мамандықтағы 75 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып, бүгінде 27 жас маманға әлеуметтік жәрдемақы берілген.

Маңызды шешім – Түркістан облысындағы тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады.

Айта кетейік, 2023 жылы 43 дәрігер (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы) шетелдерде біліктілігін көтерді. Мәскеуде 30 дәрігер оқыса, Санкт-Петербургте 6 дәрігер және Ыстамбұлда 7 дәрігер білімін жетілдіріп, тәжірибе жинаған.

2024 жылы Түркістан облысында шетелде тағы 32 дәрігердің (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар травматологы, урология және кардиология) біліктілігін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірге Израиль елінен білікті 2 оқытушы маманын шақырту арқылы 600 медицина қызметкерінің біліктілігін көтеру көзделген.

Атап өтерлігі, Түркістан облысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриатқа 50 грант бөлінді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Комиссия мүшелері гранттарды үміткерлер арасында іріктеп бөлу, грант иегерлерінің тізімін бекіту мәселелерін қарады.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен резидентураға 139 орын бөлінген. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ-і де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Барлық резидентура түлектері Түркістан өңірінде 5 жыл қызмет етіп, білім грантын өтейді.

Бір ескеретінін жайт, аталған гранттарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленеді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, «Алтын белгі» иегерлеріне гранттар үлестіріледі. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт, оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет. 

Жалпы, Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді. Алдағы уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin