«Табиғатта қоқысқа жол жоқ» атты жалпыұлттық экологиялық акциясына сәйкес, 2022 жылы 15 қазан күні Шәуілдір ауыл округінде сенбілік өткізу жоспарлануда. Сенбілікке меншік құқығына қарамай, ауыл округінде тіркелген барлық мекемелерді, жеке кәсіпкерлерді, барлық тұрғындарды қатысуға шақырамыз» — деп мәлімдеді Шәуілдір ауыл округі әкімі аппаратынан.
Сенбілік барысында жол жиегіне жақын өсіп, көлік қозғалысына кедергі жасайтын жыңғылдар мен жол жиегіне өсіп, көшенің сынын бұзып тұрған арам шөптер шабылады. «Барлық ауыл тұрғындарын өз сыртқы қоршауларының сыртындағы өскен жыңғылдар мен арам шөптерді шауып, аула сыртында жатқан тұрмыс қалдықтарын жинап, сенбілікке бір кісідей қатысуға шақырамыз» — дейді жауаптылар.
Айта өтейік, “Табиғатта қоқысқа жол жоқ!” акциясы шеңберінде қоқыстан тазартуды қажет ететін орындардың тізімі анықталды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еріктілерге арналған жалпыұлттық экологиялық акция аясында ең ластанған табиғи орындарды анықтады. Тізімге азаматтардың көбіне баратын табиғи демалыс орындары, саябақтар мен алаңдар, өзендер мен көлдердің айналасы кірді. 2022 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Табиғатта қоқысқа жол жоқ!” атты акциясының басталуы туралы жариялады. Акция табиғатқа тиімсіз, тұтынушылық көзқарасқа қарсы шыққандардың күш-жігерін біріктіруге бағытталды.
Акцияның бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 8 қазанында республиканың барлық өңірлерінде басталған болатын. Бұл күні экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, эковолонтерлер мен қоғамдық ұйымдар қатысады. Барлық ниет білдірушілер іс-шараға қосыла алады!
Акцияның басты мақсаты – жұртшылықтың, әсіресе, жастардың назарын орман екпелерін, демалыс орындарын қоқыспен ластау проблемасына аудару, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға жәрдемдесу, қоршаған табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттау және табиғатпен үйлесімді өмір сүретін қоғамның мәдениетін қалыптастыру.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.