
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданында жедел штаб отырысын өткізіп, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жауаптылардың есебін тыңдады. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда дернәсілдер оянып, белсенділігі артты. Мамандардың мәлімдеуінше, зиянкестермен күреске Арыс қаласы бойынша Қожатоғай, Ақдала, Монтайтас, Дермене ауыл округтеріне 22 жұмыс тобы, Сарыағаш ауданы бойынша Әлімтау, Дарбаза, Жылға, Тегісшіл, Қызылжар, Дербісек, Жібек жолы, Ақжар ауыл округтеріне 15 жұмыс тобы, Келес ауданы бойынша Бірлік, Жамбыл, Бозай, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек, Қошқарата ауыл аймақтарына 17 жұмыс тобы жұмылдырылуда.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, дернәсілдер анықталған аймақтар бойынша Арыста – 46, Келесте – 26, Сарыағашта 13 техника алқаптарды дәрілеуге қатысуда.
Нұрбол Тұрашбеков бекітілген тізімге сәйкес анықтаушылардың жұмысқа толық қатысуын қадағалауды тапсырды. Бекітілген басқармалар тарапынан қосымша аспалы бүріккіштер жеткізілген. Жаңа ошақтарды анықтайтын зерделеушілердің қатарын көбейту керектігі де ескертілді.
– Ошақтарды анықтауға күш салыңыздар. Аймақтарды дәрілеу тоқтаусыз жүргізілуі тиіс. Сіздерден жедел әрі шұғыл әрекет талап етіледі. Жұмыс барысында туындаған қандай да мәселені сол мезетте хабарлаңыздар, 24/7 байланыстамын. Жұмысшы топтарға бекітілген аймақтарды күнделікті өзім аралап тексеремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.