Түркістан облысы балық шаруашылығын өркендету жөнінен республикада көш бастап тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда өңір бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы шеңберінде өңірде балық шаруашылығын әрі қарай дамыту мақсатында аудан һәм қала әкімдіктеріне жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында бүгінде облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетті. Сонымен қатар экспортқа бағыталған ірі 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның жылдық қуаттылығы 12 мың тоннаны құрайды. Жасанды жолмен өсіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылға 7000 тонна балық өсіру жоспары бекітіліп, тек биылғы 8 айдың қорытындысының өзінде 1645 тоннаға жетіпті. Балық аулау мерзімі қазан-қараша айлары болуына байланысты жыл соңында толық орындалады деген болжам жасалып отыр мамандар тарапынан.

Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен 2023 жылы 500 миллион теңге, биыл тағы 500 миллион теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъектісінің шығыстары өтелді.

500 миллион демекші, жуырда ғана Мәжіліс қабырғасында «Акваөсіру туралы» заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру нысандарының өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту. Сондай-ақ А.Бердалин заң жобасының негізгі міндеттеріне де тоқталды.

– Біріншіден, инвестициялық ахуалды жетіл­діру және акваөсіру объектілері мен олар­дың өңделген өнімдерінің экспорттық әлеуе­тін дамыту. Екінші – инновациялық және индус­триал­дық технологиялар мен үдерістердің тиімді ен­гізілуін қолдау. Үшінші – акваөсіру субъек­ті­лерін мемлекеттік қолдау, – дей келе, заң жоба­сын­да су айдындарын конкурстық негізде және конкурс рәсімдерін өткізбей беру тәртібі көзделгенін атап өтті.

Яғни кемі 150 мың АЕК инвестиция болған жағдайда су айдындарын конкурссыз бекіту ұсынылады. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу тәсілі енгізілмек.

– Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруа­шылықтарын құру жөніндегі инвес­ти­ция­лық жобалар үшін егер инвестиция сомасы ке­мінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және рес­публикалық маңызы бар су айдындарын кон­курс өткізбей беру ұсынылады. Бүгінде бұл шама­мен 550 миллион теңгені құрайды, – деді вице-министр.

Дегенмен сұрақ қою кезінде депутат Ерлан Саиров заң жобасындағы көлдерді балық өсіру­шілерге конкурссыз беру нормасына қарсылық танытты.

– Заң жобасында жаңа өндірістік объекті­лер салуға инвестор 550 миллион теңге берсе, өнді­ріс­ті жаңғыртуға 370 миллион теңге салса, сол инвес­тор­ларға балық шаруашылығы айдынын, яғни көлдерді конкурс өткізбей, тегін беру қарас­ты­рылған. Енді сол көлдерді конкурссыз тегін беру сыбайластыққа алып келмей ме? Ертең сол жерде конкурс өткізгендердің тамыр-таныстары жүрмей ме, – деп сұрады депутат.

А.Бердалин сыбайластық тәуекелін инвес­тициялық комиссия арқылы азайту тетігі қарас­тырылғанын айтып өтті.

– Су айдындарын конкурссыз беру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін керек. Қазір резервте арнайы тұрған айдындар бар. Бұл – ірі және терең су аймақтары. Айталық, Каспий теңізінде, Бұқтырма су қоймасында осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Бұл жерде айдындар конкурстан тыс берілетіндіктен, оны инвестициялық комиссия бекітеді. Оның құрамына уәкілетті органдардың, жергілікті әкімдіктердің, бассейндік инспекция өкілдері, «Атамекен» ҰКП және салалық кәсіпорын өкілдері кіреді. Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни сыбайластық тәуекелін азайтады деген ойымыз бар, – деді вице-министр.

Жалпы, Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерден ұққанымыз, елімізде акваөсірудің дамуын бақылайтын ақпараттық жүйе құрылатын болды.

Акваөсіру саласында үш жылда бір рет өткі­зілетін оның даму жағдайын бағалау негізін­де мемлекеттік саясат құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компания­лар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту көз­дел­ген. Бағалау нәтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескеріледі. Цифрландыру мақсатында мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізіледі.

Баяндамашы заң жобасына қосымша мемлекеттік қолдау шаралары енгізілетінін атап өтті. Бұл – субсидиялау, жеңілдетілген кредит, ғылыми сүйемелдеу және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру. Сондай-ақ балық өсіру үшін су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялаудың жаңа түрі қарастырылады. Субсидиялау Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланған.

Сондай-ақ ведомство өкілінің айтуынша, адам­дардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету үшін акваөсіру саласына мем­лекет­тік бақылау енгізілмек. Мұндағы мақсат – акваөсіру өнімдерінің, адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін технологиялық үдерістердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде су жануарларының бөтен түрлерінің енуіне жол бермеу.

– Бақылауды Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, бақылау субъектісіне барып және бармай тек­серу, профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ретте жергі­лік­ті атқарушы органдар бөлімшелеріне қатыс­ты мерзімді, жоспардан тыс тексерулер, қа­шық­тан бақылау нысанында мемлекеттік бақы­лау­ды енгізу көзделген, – деді вице-министр А.Бердалин.

Ал инвестициялық субсидиялауға Түркістан облысы көлемінде 2024 жылға 237,5 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкерге 168,9 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Биыл «Ырыс микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы 232 шаруашылыққа 1020,0 миллиард теңге қарастырылған.

Облыста балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылықтарын құру бойынша басқарма мен балық шаруашылығы инспекциясы аудан һәм қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу жолға қойылған.

Айта кетейік, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді, 22 су айдыны резервте тұр. Қазіргі таңда облыста 137 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 2 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді.

Жалпы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізіліп тұратынын да атап өткен орынды. Осы ретте қазан айында Түркістан облысының Бәйдібек ауданында орналасқан «Шоқ-Талап» шаруа қожалығында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды.

Биыл жаңадан ашылған шаруа қожалығының жұмыстарымен танысу және алдағы уақытта балық шаруашылығын ашуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа қатысты.

«Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков биыл 2 гектар аумаққа жасанды көл жасап, 1600 дана сазан шабағын жібергенін айтып, өзендердің жағалауынан жасанды көл жасауға рұқсат алу басты мақсат екенін жеткізді. Сонымен қоса жеке кәсіпкер Абзал Арынбеков Шаян өзені аңғарынан өзіне ұзақ мерзімге берілген жер телімін пайдалану үшін қандай жұмыстар атқарылу керектігін сұраса, Боралдай ауылдық округінен ЖК «Хайдар Радмир» 2 гектар аумақ жасанды көлге африкалық сомның 10 мың шабағы және 1 мың сазан жіберілгендігі жайлы мәліметімен бөлісе келе қазіргі таңда балықтың дайын азығының тым қымбаттығынан шаруалар қолдан дайындалған азықты (корм) пайдаланып жатқандығын атап өтті.

Өз кезегінде Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.

Бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде тауарлық балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 200-ден асты.

«Шардара» су қоймасына 635 мың дана шабақ жіберілді

Қалай десек те, балық шаруашылығы — әлеуеті зор сала. Үкімет «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» қабылдады. Бағдарлама аясында республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Соның нәтижесінде Түркістан облысы бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға берілген. 22 су айдыны резервте. Қазір өңірде 158 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 3 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді.

Су айдындарын балықпен молайту – басты мәселе. Бүгінгі таңда балық ресурстарының өсімін молайту мақсатында «Шардара» су қоймасына «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 12 грамнан кем емес 635 мың дана шабақ жіберді. Атап айтсақ, оның ішінде 300 мың дана тұқы тектес балық болса, 200 дана ақ амур, 135 мың дана дөңмаңдай шабақтары бар. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарлама аясында балық өсіру ісі жанданып келеді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында жүретін бұл жұмыстар биыл да жалғасып, жасанды жолмен өсірілген балық дернәсілдері су айдынға жіберілді. Жалпы ауданда балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Тұтастай алғанда, елімізде балықты арнайы өсірумен айналысатын 502 шаруашылық бар екен. Бөліп қарастырсақ, оның 364-і – көл-тауарлық балық шаруашылығы, 93-і – тоған. Сондай-ақ тізімге 27 тор қоршамада өсіру, 18 тұйықталған және бассейндік балық шаруашылығы кіреді. Былтыр 17,1 мың тонна балық өсірілген (2020 жылы – 6 798 тонна, 2021 жылы – 7 347 тонна, 2022 жылы – 13 287 тонна). Қолда бағылатын балықтың негізгі түрлері – тұқы (тұқы, дөңмаңдай, амур), албырт (форель), бекіре тұқымдас балықтар және африкалық жайын мен асшаяндар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуында, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуында маңызды рөлі бар секторлардың бірі. Республикадағы Каспий мен Арал теңізінің, Балқаш пен Зайсан көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары, сондай-ақ басқа да су айдындарының осы кәсіпте өз орны бар. Сондай-ақ кәсіптік балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысында жақсы дамыған. Ресми деректе айтылғандай, елімізде жыл сайын 45-50 мың тонна балық аула­нады.

Балық шаруашылығы комитеті берген мәліметке сүйенсек, таби­ғи су айдындарындағы балық қорын сақтау бағытында бра­коньерлікпен күрес күшейген. Ба­лықты қорғаумен қатар, жыл сайын табиғи су айдындарының көктемгі және күзгі мезгілде балық пен олардың шабақтарын құтқару арқылы ресурсын молайту, қыс мезгілінде жаппай қырылуға қарсы іс-шаралар тұрақты жүргізіледі.
Айта кететін жайт, былтыр еліміз 21 шет мемлекетке 25 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттаған. Ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва және Қытай. Жалпы деректерде шетелдіктер бір жылда 14 келі балық тағамын жейтіні айтылады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мәліметте әр адам жылына 16 келі балық тұтыну қажет екен.

Жалпы, балық өсіруге мемлекет тарапынан қолдау көп. Бүгінде балық шаруашылығы субъек­ті­ле­рін субсидиялауда балық шаруа­шы­лығы мен жемшөп өндірісіне са­лын­ған инвестицияларды 25%, азық сатып алу кезіндегі шығыстарды 30%, балық өсірудегі биологиялық негіздемені, балық өсіру материалы мен дәрілік препараттар және бағалы балық түрлерін көбей­ту, аналықтарын сатып алуға жұм­салған шығындарды 50%-ға дейін өтеу бойынша қаржылық қолдау бар. Сондай-ақ Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің осы жылдың 31 мамырындағы №184 бұй­рығымен Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды кредиттеу қағидаларына, жаңа жобаларды құруға немесе қол­да­ныстағыларын кеңейтуге бағыт­тал­ған жобаларды іске асыру кезінде бюджеттік кредиттеуді көздеу бөлігіне өзгерістер енгі­зілген. Онда айтылғандай, қуат­тылығы жылына 25 тоннадан басталатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін шаруашылықтар, өңдеу, одан әрі терең өңдеу және сақтау, өндірістік қуаты тәулігіне 1 тоннадан бас­талатын кәсіпорындарға 2,5% жеңілдікпен 10 жылға дейін несие беру қарастырылған. Қарыздың ең жоғары сомасы – 5 миллиард теңгеге дейін. Бұл өзгерістер биылғы 22 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

Балық өсірумен айналы­сатын­дарға Салық кодексіне сәй­кес арнайы режім қолда­нылады, яғни салық 70%-ға төмендетілді. Екін­ші­ден, инвес­тиция салушыларға салық жеңіл­дік­тері мен преференциялары бар арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұдан басқа да салаға қатысты көптеген шара қабылданды. Оның ішінде шаруашылық жүргізуде көпжылдық мерзімге шарт жасасу, кейбір артық талаптарды алу, шығындарды өтеуден босату, су айдындарында шаруашылықтарды орналастырудағы шектеулер мен кейбір құқықтардың берілуімен қатар, 0,15 гектардан аспайтын тоған мен балық өсіру бассейнін салуға жоба-сметалық құжат әзір­леу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жөніндегі талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты қолданыстағы заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізілген.

Жалпы, балық шаруашылығын дамытуда қабылданып жатқан шаралар арқасында бизнес субъектілері арасында іскерлік артқан. Жыл са­йын салаға деген инвестиция түсімі өсіп келеді.

Мысалы, 2021 жылы – 6,2 миллиард, 2022 жылы – 10,4 миллиард, ал былтыр инвес­­тиция көлемі шамамен
22 миллиард теңгені құрады.

Саладағы түйткілдің бірі – бізде әлі де тауарлы балық өсірудің кенже қалып тұрғаны. Әлемдік дең­гей­мен қарасақ, тауарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда екен. Халқын да қосымша балық өнімімен асырап отыр. Өзбекстанда да қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Онда­ғы көл жүйелері тауарлы балық өсіруді әлдеқашан қолға алған. Ал бізде жұмыс қарқыны баяу, бірақ тың бастамалар жоқ емес.

«Алдымен елдегі өзен-көлдің балығын қорғауда, оның қорын сақтауда бізде дұрыс заң болуы тиіс. Екіншіден, балық аулаудың бірнеше түрі бар. Бізде өндірістік және әуесқойлық түрде аулау жиі кездеседі. Өндірістік, яғни кәсіпшілік аулау кезінде лимит сақталмайды. Осының салдарынан табиғи судағы балық қоры азайған. Бұл жерде балық пен оның түрлерін сақтауда аква өсіру жұмыстары көп көмек береді. Бұл – балықты тоғанда, шарбақты суда, бассейнде өндіріске керекті балық түрлерін қолдан өсіру деген сөз. Әсіресе, тұщы суда өсетін түрлерін дамыту қажет. Жалпы, шет мемлекеттерде бұл аква өсіру өте жақсы дамыған. Бізге олардың тәжірибесін тереңдеп зерттеген дұрыс», — дейді сала өкілдері.

Екінші мәселе – кадр тап­шылығы. Балық шаруашылығы мамандарының айтуын­ша, балық шаруашылығында маман жетіспейді. Яғни балық шаруашылығы комитеті бар, балық инспекциясы мен әкім­діктердегі ихтиолог мамандар бар, бірақ олардың көбінде арнайы дипломы жоқ адамдар жұмыс істеп жатыр.

«Егер жастарымыз бұл ма­мандықты игеріп шықса, дип­­лом ала сала мемлекеттік қызметке орналасар еді. Оған қоса, балық шаруашылығында бизнес дамып келеді. Қазірдің өзінде 500-ден астам балық өсіруші ірі кәсіпорын бар. Оларға да маман жетпейді. Ихтиолог мамандардың ең мық­тысы – бекіре өсіруші. Жалақы 500 мыңнан жоғары» — дейді сарапшылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin