Түркістан облысы бойынша 49 мың бала жайлы мектепте білім алады

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

2025 жылы пайдалануға берілетін 26 100 орындық 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептеліп жатыр.

Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық.

2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық.

Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының қызметкерлері таяуда Астана қаласында орналасқан «Binom School» мектептер желісінде де болды. Осы ретте, жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде «Binom School» мектептер желісінің тәжірибесі ескерілмек.

Еске салайық, әрбір «BINOM» мектебі 127 оқу кабинеті, физика, химия, биология, нано және биотехнологиялар бойынша 9 озық зертханасы бар 5 қабатты ғимарат. Сондай-ақ 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг алаңдары, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-класстар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D принтер, робототехника кабинеттері, металл және ағаштан ою шеберханалары, сөйлеу клубы, TedxBinom, асхана, медициналық пункт және кітапхана, онда қазақстандық және шетелдік жазушылардың, әлемнің жетекші классиктерінің 5000 танымал басылымдары бар. Үстелдік компьютерлерден басқа мектеп оқу үдерісіне арналған ноутбуктермен де қамтамасыз етеді.

Мектептердің артықшылығының бірі – инклюзивті білім беру мүмкіндігі. «BINOM SCHOO»L ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқу ортасын жасады.
Екі спорт залы, көшедегі бірнеше ойын алаңдары балалардың футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік береді, ворк-аут аймағы бар.

Атап өтерлігі, 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін 208 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын баяндаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтқан болатын.

«Ұлттық жобаға сәйкес мектептер құрылысын салу және оларды уақытылы қолданысқа беру «Самұрық-Қазына Констракшнге», жер учаскелерімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өңір әкімдеріне жүктелген. Өткен жылы «Самұрық-Қазына Констракшн» 208 мектепті жобалауды және салуды бастады. Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері осы жылы 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр», — дейді министр.

Оның атап өтуінше, жаңа оқу жылы басталғанға дейін 98, ал қалған 110 нысанды 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынын ескере отырып, біз ұлттық жобаны сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Ол үшін барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар Ұлттық жобада қойылған нақты міндеттерді сапалы орындауы қажет», — дейді Ғани Бейсембаев.

 Ал жалпы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 369 мектеп салынады. Министрлік ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы мектеп тапшылығын, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді жоспарлап отыр.

«2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті (2025 жылы – 152) қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынады», — дейді Ғани Бейсембаев.

Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге бөлу көзделген. Былтыр «Самұрық-Қазына Констракшнге» 500 миллиард теңге аударылған. Биыл – 976,3 миллиард теңге, 2025 жыл – 909,4 миллиард теңге бағытталмақ.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, министрлік заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті.

Атап айтқанда:

мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді;

эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді;

бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды;

қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды. Жедел басқару орталығына шығатын цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде бұғаттау, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді;

ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды;

мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді;

оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.

Енді сол мектептер талапқа сай болып, уақытында қолданысқа берілсе, еліміздегі орын тапшылығы мәселесін шешуге оң әсер етеді. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орны ашылады. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағыт­талған. Айта кетейік, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.

Айтпақшы, Жайлы мектеп қандай болады: қазақстандықтар үшін мектептің ішкі 3-D туры іске қосылды.

«Жоба аясындағы мектептердің орналасу орны мен толтырылуы туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзекті сұрақтарға жауаптарды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ресми парақшасынан көруге болады» — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі «SamrukKazyna Construction» АҚ бірыңғай операторына сілтеме жасай отырып.

Толығырақ ақпаратпен https://jaily-mektep.kz/#about сайтынан танысуға болады. Үш деңгейлі үлгіде мектептің ішкі құрылысы, сыныптардың, асхананың, спорт залдарының, дәліздің орналасуы көрсетілген. Көріністер мейлінше шынайылыққа жақындатылған, мұнда интерьер дизайнын, жиһаздарды, безендірілуін тамашалауға болады. Бұдан басқа кері байланыс нысаны арқылы кез-келген сұраққа жауап алуға болады.  

Мемлекет басшысының тапсырмасымен оқушы орнының тапшылығын шешу, апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 740 мың орынға арналған 369 жаңа форматтағы мектеп салынады, оның 217-сі осы жылдың соңына дейін, қалған 152 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігімен заманауи эргономикалық және қауіпсіз білім беру ортасын құру мақсатында қажетті нормативті құқықтық база әзірленіп, мектеп құрылысы кезіндегі талаптар белгіленген болатын. Сонымен қатар болашақ жайлы мектептерде оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оны сапалы кадрлармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Орайы келгенде еске салайық, ҚР Оқу-ағарту министрлігі апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылы 500 мыңнан астам орынға арналған 302 мектеп салу жоспарлануда.

«Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру түрлі қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 217 мектеп, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 25 жоба, сондай-ақ жергілікті бюджет және жеке инвестицияларды тарту арқылы 60 мектеп салынады», — дейді Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов.

Айта кетейік, мемлекет жыл сайын мектептерді салуға және жаңғыртуға қаражат бөліп келеді. Тек соңғы үш жылда 477 мың орындық 791 мектеп пайдалануға берілді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin