Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығының» жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, 19 сәуір күні Қазығұрт ауданындағы Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп-лицейі базасында «Жалпыадамзаттық құндылыққа бағытталған тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында тәрбие саласы бойынша облыстық семинар өткізілді.
Семинар барысында
«Жалпыадамзаттық құндылықтар – отбасы тәрбиесінің негізі»;
«Құндылықтар спектрі» әдісі;
«Балаңа ақыл айтпа, жол көрсет» (әкелер мектебі жұмысы);
«Ұлттық дода» әдісі;
«Рухани бай елдің рухы мықты» (әжелер мен оқушылар жұмысы);
«Кейс- стади» әдістері;
«Ұлттық құндылыққа негізделген ата-аналар жиналысын тимбилдинг әдісімен өткізу»;
«Жақсы жеңгең — жарты анаң» (жеңгелер мектебі жұмысы) тақырыптары аясында ашық тәрбие сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар көрсетілді.
Сондай-ақ, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог психологтар мен сынып жетекшілері «Жалпыадамзаттық құндылықтар – тұлғаны қалыптастырудың негізі» «А, В, С» әдісі шебер сыныбы мен «Отбасылық — құндылық ағашы» психологиялық тренинг өткізіп, өздерінің еңбектерін кәсіби дәрежеде көрсете білді.
Семинар соңында қатысушы әдіскерлер мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары кері байланыста өз пікірлері, тәжірибелерімен жан-жақты бөлісті.
Бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі көп айтыла бермейді. Шын мәнінде, тәрбие – ізгі дүниенің бастауы. Соның ізімен білім мен ғылым жүрсе, қоғамда әділдік орнап, адамгершілік байрағы желбірейді.
Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Отбасында ұлттық тәрбиенің қайнарына қанып өскен баланың болашағы да зор. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Одан кейін мектептегі тәрбиенің орны бөлек. Қазір біз осы екі тараптағы тәрбиені босаңсытып алдық. Сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиеден де ажырап барамыз. Соның кесірінен қоғамда жеткіншектер арасында түрлі келеңсіз жағдай болып жүр. Әрине, бала тәрбиесінің жауапкершілігі өте жоғары.
Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі — сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары. Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана қол жеткізуге болады.
Даму дегеніміз — ең алдымен, адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік орта жағдайында өтеді. Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда тәрбие қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып, бағыттайтын үрдіс. Қоғамның жаһанданған қазіргі және болашақ өміріне қатысуға мақсаттылықпен даярлау ісі тәрбие арқылы жүзеге асырылады.
Тәрбие үрдісі жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мәдениеттану тұрғыдан оқып үйренуге тура келеді. Олай болса, бұл үрдіс балаға ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны меңгертіп, сол арқылы осы заманғы мәдениетке енуіне мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс, осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың оны игеруі барынша қысқа мерзімде атқарылуы тиіс, сондықтан тәрбие ісі жалпы адамзаттық гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек.
Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Бүгінгі мектеп қабырғасында отырған жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш — орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан да мәдениет арқылы этностық, тарихи, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады. Көптеген авторлар жеке адамның дамып қалыптасуына әсер ететін факторлар тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта т.б. дей келе, тәлім-тәрбие жұмыстарына жан-жақты тоқталады.
Олай болса, мектеп баланың қарқындап даму кезеңі болып саналады. Даму дегеніміз — әр уақытта бірыңғай тұтас үрдіс. Оның кейбір ерекшеліктерін атап көрсетуге болады. Ағзаның дамуы ең алдымен мүшелерінің өсіп-жетілуіне байланысты. Ал, әр түрлі мүшелер бір қалыпты өсіп жетілмейді, өйткені, ағзаның өсу қарқыны тұрақты емес. Сондықтан өсудің тездеу кезеңдері баяулау кезеңдерінен кейін немесе керісінше байқалып отырады. Мысалы, жыныс мүшесінің жетілу кезеңінде өсу күшейеді, соңынан баяулай бастайды. Жеке адамның психикалық дамуы-бұл оның іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы саналылығының өсіп жетілуі. Сананың дамуы мен адамның қоршаған дүниені жете түсінуін, яғни, әлеуметтік ортаға көзқарасымен қатынасын айтады. Ал, сана дегеніміз — объективтік шындықтың бейнелеуінің жоғары формасы. Бұл әрекет оқу-тәрбие үрдісімен тікелей байланыста жүзеге асырылады.
Жеке адамның дамуы дегеніміз — оның нерв жүйесіңдегі функционалдық мүмкіншіліктерінің, психикалық процестерінің адамгершілік қасиеттерінің, білімінің, көзқарастарының оқу қабілетінің адам баласы жасаған материалдық және рухани байлықты игерудің және сол байлықты келешекте жасаудың даму тарихы болып табылады. Баланың дамуында іс-әрекеттің рөлі өте зор. Ол дамудын негізі. Оқушы іс-әрекеті арқылы танымын жетілдіріп, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге жол ашылады. Мектеп оқушыларының мынандай бағыттағы іс-әрекеттерін ұйымдастыруға және рухани-адамгершілік ұстанымдарға бағыттауға болады: өмірлік бағытты көздей білу; адамдық қадір-қасиетін сақтау; қоғамдағы өз орнын таба білу; ой-сезімін дамыту, өз іс-әрекетіне талдау жасау; өзін-өзі еңбекке, дербестікке бейімдеу, т.б.
Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты іс-әрекеттерінің салаларының мазмұны, ұйымдастыру әдістері мен тәсілдері және мотивтері де өзгеріп отырады. Мұны әртүрлі іс-әрекеттерінің түрлерінен байқауға болады. Мектепте іс-әрекеттердің бірнеше түрі бар. Олар: оқу еңбегі, баланың өзіне-өзі қызмет етуі, қоғамдық пайдалы еңбек, өнімді еңбекке баулу. Еңбек тәрбиесі барысында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі іс-әрекеттері іске асырылады. Еңбек тәрбиесінде оқушылардың өзіне-өзі қызмет етуінің маңызы зор. Оқушының еңбек ету іс-әрекеті оның жас ерекшеліктерімен тығыз байланыста өтеді. Бастауыш сыныптардағы іс-әрекеттер көбіне ойын түрінде, үлкендердің еңбек әрекеттерін қайталау үлгісінде дамиды. Осы кезеңдегі берілетін тәлім-тәрбие түрлерінің сапалы болуы өте маңызды.
Белгілі педагог А.С.Макаренко баланың мінез-құлқы мен тәрбиелік бағытының бес жасқа дейін қалыптасатынын айтса, ал американ психологы Блюм 7-8 жасқа дейін баланың жеке қасиеттерінің 70% қалыптасады дейді. Осы пікір қазақ педагогы М.Жұмабаевтың еңбегінде негізгі орын алады. “Педагогака” атты еңбегінде “тәрбиенің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі”, дей келе негізгі тәрбие бесіктен басталуы керектігін жан-жақты талдайды, нақтылайды. Оқушыны дамытуда-білім мен тәрбие беру, өзін-өзі тәрбиелеу негізгі орын алады. Білім ала отырып оқушының ғылыми-танымдық және бүгінгі экономикалық, нарықтық қатынастарға байланысты мағлұматтары молаяды. Бұл жерде оқушының жеке тұлға ретінде дамуына тәрбие үрдісі қандай ықпал етеді деген сауал туындайды.
Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары болып есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру — тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.
Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде білім негіздерін меңгерту арқылы оның тәндік, жандық, рухани, қоғамдық, әлеуметтік үйлесімділігі сақталады. Өмір сүру құндылықтары мен мәнін түсініп, табиғатпен сабақтаса отырып, адамдық игі қасиеттер негізінде дамуға мүмкіндіктер алады. Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін, жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыратын бағытта болу керек.
Бұдан бөлек Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, 2024 жылдың 19 сәуір күні Түркістан қаласындағы Ш.Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Басшы лауазымына үміткер кандидаттың кәсіби құзыреттілігін дамыту» /Басшы лауазымына тағайындау туралы ҚРБжҒМ 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығы/ тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды.
Семинар аудандық, қалалық білім бөлімдеріне қарасты білім беру ұйымдары директор орынбасарларының дайындығын әдістемелік сүйемелдеу, кәсіби құзыреттілігін дамыту, білім беру ұйымдарын басқарудың озық үлгісімен таныстыру, пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
«Педагогты кәсіби дамыту» кафедрасының әдіскері С.Тлеулиев «Басшы лауазымына үміткер кандидаттың кәсіби құзыреттілігін дамыту» /Басшы лауазымына тағайындау туралы ҚРБжҒМ 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығы/ тақырыбы бойынша таныстырды;
Созақ ауданындағы Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицей директоры Б. Мамырғали «Білім беруді басқарудағы аналитика»;
Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінің оқу ісі жөніндегі орынбасары А. Бабашева «Білім берудегі менеджментте ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың маңызы»;
Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бөлім басшысы-заңгері Ғ. Ақбердиев «Қолданыстағы еңбек заңының негіздері» тақырыптарында семинар презентация, тренинг-сабақ, оқыту семинарларын өткізіп, талдау жұмыстарын жүргізді.
Облыстық оқыту семинарына Түркістан облысы білім беру ұйымдарының 60 директор орынбасары қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.