Түркістан облысы медицинасының жетістігі — тұңғыш рет жаңа туған нәрестенің жүрегіне ота жасалды

Облыс көлемінде №1 Облыстық перинаталдық орталықта алғаш рет жаңа туған нәрестенің жүрегіне ота жасалды.

Сәби 2024 жылдың сәуір айында №1 Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Нәрестенің салмағы – 730 грамм, 24 апталық экстремалды салмақпен «шала» туылған болатын. Алғашқы күндері нәрестенің жағдайы күрт ауыр болып, өміріне қауіп төнді. Орталықтың білікті неонатолог дәрігерлерінің және медбикелерінің арқасында клиникалық стандартқа сәйкес, ем жүргізіліп, жағдайы тұрақталды.

Дәрігерлер нәрсетенің дамуы барысында туа біткен жүрек ақауын анықтап, ота жасату үшін дайындыққа кіріскен. Республикалық медициналық авиация желісі арқылы Астана қаласының Ұлттық Ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлерімен байланыс орнатылды. 9 маусым күні тұңғыш рет №1 Облыстық перинаталдық орталық қабырғасында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жоғары санатты дәрігері, кардиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Бақытжан Нуркеев, Кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі А.Кабаканова, УДЗ дәрігері А.Ахмолдаеваның қатысуымен сәтті ота жасалды.

Астаналық кардиохирург және кардио-реаниматолог дәрігерлер тарапынан облыстың перинаталдық орталығының неонатолог дәрігерлерінің жұмысына жоғары баға берілді.

Қазіргі таңда нәрестеге «Жансақтау» бөлімінде күтім жасалып жатыр. Жағдайы бірқалыпты, салмағы – 1700 грамм.

Айта өтейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 миллион 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілді. 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 миллионға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.

Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.

— Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, этика және деонтологияны жақсарту, халықпен коммуникацияны арттыру және технологияларды жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады, — дейді басқарма басшысы.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатынына нық сеніммен қарайды өңір медицинасына жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin