Бір апта бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Маңызды құжатты әзірлеуге Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топпен кездесіп, мәселені талқылаған болатын. Түркістандық тұрғындар да Мемлекет басшысының бұл бастамасын қызу қолдады.
Заң жобасын сол тұстағы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев қосымша баяндама жасады.
Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасын талқылау 1,5 сағатқа созылды. 15 депутат сауалдарын жолдап, пікір білдірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Бұл Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. Заң 4 тараудан және 15 баптан тұрады, Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді.
Заң жобасының негізгі новеллаларына тоқталсақ, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру; Ұлттық қолөнершілер шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу; Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін ғимараттар салуға жол берілмейді. Сонымен бірге шаһар басшылығы мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша шешім қабылдай алады. Түркістан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа қосымша 34 құзырет беріледі.
Айта кетейік, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 31,5%-ға артып, 2024 жылдың 1 қарашасына 236 333 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, өткен жылы 370,8 миллиард теңгеге жетті. 2024 жылға 413,7 миллиард теңге болады деп болжамдануда. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, былтыр 66,2 миллиард теңге түссе, биылғы 10 айда 62,3 миллиард теңге түсті. Қала бюджеті облыс орталығы болғалы 3 есе өсіп, 141,3 миллиард теңгеге (2018 жылы 41,9 миллиард теңге) жетті. Қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі соңғы үш жылда 915,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция – 458,1 миллиард теңге. Биыл 390 миллиард теңге тартылады деп жоспарлануда.
Соңғы үш жылда шаһарда 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 807,3 мың шаршы метрді құрайтын көп пәтерлі 200 тұрғын үй (10 020 пәтерлі) пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп, 22 мыңға жетті. Биыл Түркістанға «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шаралар өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны үш жылда 60 есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 953,9 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,2%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны 22,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 2 есе артқан.
Еске салайық, «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қыркүйек айының аяғында тиісті қаулыға қол қойған болатын.
Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.
Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады.
Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер оргектарндарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.
Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.
Кесене сегіз бөлмеден тұрады. Олар Тайқазан тұрған ортадағы ең үлкен залды айнала орналасқан. 1385-1405 жылдар аралығында кесененің төңірегіне қосалқы ғимараттар салынған. Бүгінде мұражай-қорық аумағына мешіт, Үлкен және Кіші Ақсарай залдары, кітапхана және шаруашылық кешені: құдық, асхана, тұрғынжайлар (хұжралар) және т. б кіреді.
Ескерткіш демекші, реті келгенде айта өтейік, Төлеби ауданындағы Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің Н.П.Подушкин атындағы археология орталығы және Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы қызметкерлерімен бірлесе отырып, далалық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Археологиялық экспедиция жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Подушкин тарихи-мәдени мұраларымызды қорғап әрі сақтап қалу мақсатында Түркістан өңірінде орналасқан Қаңлы кезеңіне тиесілі ескерткіштерді зерттеп, бірнеше жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қасқасу ауылының Сілбелі шатқалындағы барлау жұмыстары барысында Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында жүйесіз 16 қорым, 600 метр шығысқа қарай Сілбелітөбе қонысы орналасқандығы анықталған болатын. Қорымдардың диаметрі 20 метр және биіктігі 2 метрге дейін жетеді. 2019 жылдан бері жүргізілген қазба жұмысы биыл жоспарға сәйкес №5,6 обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Обаның пішіні Т-тәрізді, дәліз тереңдігі үш метрге дейін төменге түскен және жерлеу орнының күмбезі бесікке ұқсас келген. Жерлеу орны б.з.д. I ғасырларға тән. Мұны ғалымдар Қаңлы мемлекетімен байланыстырады.
Қазба жұмыстары барысында №5 обадан бірнеше сүйек қалдықтары мен құмыраның бөліктері табылды. Кіре берісі 50-60 келі болатын таспен жабылған, бірақ анықталғандай обаның өз заманында тоналғанын көруге болады. Ал №6 обада жүргізілген қазба жұмыстары барысында б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ. жататын тұрмыстық жағдайда пайдаланған құмыра, сонымен қатар ағаштан жасалынған қорамсақ ішіне салынған 5 темір жебе ұштары анықталды. Бұдан бөлек ауыздықты әсемдеу үшін қолданған тілшелі тоға, ауыздық және белдік, аяқ-киімнің айылбас тоғалары табылды.
Сілбелітөбе обалы қорымдарында және жалпы екі ашылған обаның бірегейлігі – археологиялық жасақта алғаш рет жоғарыдан қазба түсірмейтін әдісті қолданылып отыр. Олай жасалған себебі топырақ құрамы ақ сұр түсті қатып қалған цемент қоспасы сияқты берік саздан құралған. Сонымен қоса бұндай жерлеу орындарында сол замандағы пайдаланылған құрал сайманның ізі де сақталған. А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен өткен биылғы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелі болды. Алдағы уақыттарда қазба жұмыстары жоспарға сәйкес өз жалғасын таппақ.
Сонымен қатар А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен Созақ ауданының Құмкент ауылдық округіне қарасты Қызылкөл ауылындағы «Қызылкөл» тарихи-мәдени аймағында стационарлық қазба жұмыстарын жүргізілді.
Биылғы археологиялық қазба жұмыстарына университет орталығының қызметкерелінен бөлек, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкерлері де қатысты.
Бұл аймақта бірнеше маңызды археологиялық ескерткіштер, соның ішінде Ақтөбе (қызылкөлдік) қонысы, 200-ден астам қорған мен Шошақтөбе деп аталатын ғибадатхана орналасқан. Қызылкөл көлінің төңірегінде шоғырланған Қызылсеңгір биіктігінде де қорғандар бар. Ғибадатхананың пішіні конус тәрізді, неогендік қызыл түсті топырақтан құралған. Конустың параметрлері: негізі диаметрі 200-240 метр, биіктігі 18-20 метр. Конустың жоғарғы бөлігінде мөлшері 30-22 метр және биіктігі шамамен 2-2,5 метр болатын қолдан жасалып, басқа түсті балшықтан жағылған жасанды стилобат қаланған. Онда 0,5-0,7 метр шамасында сақталған биіктікте көлемі 17-15 метр тас қабырғадан жасалған тік бұрышты құрылыс орналасқан. Қабырғалар арасы тастармен қаланған және уақыт өте тастар бөлмелерге құлағандығы көрінеді.
Ғибадатхананың маңындағы жердің жоғары қабатында мыңнан аса керамиканың бөліктері, сонымен қоса диірмен тастар, дән үккіш, қайрақ тастар жатыр. Сонымен бірге ыдыс, құмыра, тостаған табылған. Болжам бойынша ғибадатханада діни ғұрыптар өткізілген.
2022-2024 жылдардағы стационарлық қазба барысында ескерткіштің шамамен үштен бір бөлігі ашылып, 1,4-1,6 метр тереңдікке дейін түсірілді. Ғибадатхананың архитектурасы күннің шуағы тәрізді болып келгендігі анықталып, 10-ға жуық трапеция тәрізді үшбұрышты және тікбұрышты шағын бөлмелер ашылды. Ғибадатхананың оңтүстік, солтүстік және батыс бөліктері ашылып, еден деңгейінде күлдің орындары жиі кездесті. Толықтай жанбаған ағаштың қалдықтары да байқалды.
Профессор тек қазба жұмыстарымен айналысып қоймай, сол өңірдің тарихын кең көлемде насихаттау мақсатында жергілікті мектептерде дәріс оқуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Қызылкөл ауылында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде «Қызылкөл тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Сабақ барысында мектеп оқушылары көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Айтылған мәліметтерге дәлел ретінде әрі заттай дерек ретінде оқушылар назарына биылғы маусымда табылған жәдігерлерден көрме жасақталды. Өз өңірінің тарихын біліп, көне жәдігерлерді қолымен ұстап көрген оқушыларға өлке тарихының ескерткіштеріне экскурсия ұйымдастырылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.