Түркістан облысы: ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Сауран, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды

Ең алдымен Сауран ауданына Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков арнайы барып, ауданда салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауданның әкімшілік-іскерлік орталығына 38 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция бөлімінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жүргізілуде.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков аумақтық органдар ғимаратының және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылыс жұмыстарын бақылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жақында пайдалануға берілгелі отырған аудандық полиция бөлімінің ғимаратын аралап көрді.

Полиция бөлімінде Ұлттық экономика вице-министрі аудан тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты. Аудан тұрғындары тарапынан аурухана, мәдениет сарайы, спорт кешені сынды ғимараттар салу туралы өтініштер айтылды. Вице-министр аталған нысандардың құжаттары толық рәсімделсе, өз тарапынан қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Құрылыс тақырыбы қозғалғанда, айта өтетін жайт, халықтың ең көп сұранысы тұрғын үй бойынша биылғы 1 маусымға дейінгі жағдайды ескерсек, ауданда тұрғын үй кезегіне 1 379 адам тіркелген. «Әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз» — дейді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров. Сонымен қатар, аудан орталығынан 1 гектар жерге рәміздер алаңын, 2,1 гектар жерге орталық балалар саябағын салуды жоспарланып отыр. Қазіргі таңда белгіленген аумақтың 1-ші кезеңінде 25 мың көшет егілген. 2-ші кезең құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.

Білім беру саласы бойынша Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 12-сі — жекеменшік мектептер. Білім беру мекемелерінде оқушылар саны 25 519 оқушыны құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, қазіргі таңда 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда: Сұлтанбек Қожанов елді мекенінде — 300 орындық мектеп; Еңбекші дихан елді мекенінде — 600 орындық мектеп; Аша елді мекенінде — 600 орындық мектеп.

Сонымен қатар, Ынталы және Құмтүйін елді мекендеріндегі 600 орындық мектеп құрылысы және облыстық бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталатын болады. Биыл Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Аудан әкімдігі жаңа оқу жылына ашуды жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Олар: «M-School» — Шаға ауылдық округінде орналасқан, 400 оқушыға арналған мектеп; «Гимназия Иқан» мектебі, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан, 380 оқушыға арналған; Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан 580 орындық білім ордасы; «Заңғар-М» 2 мектебі, Жүйнек ауылдық округінде салынып жатыр. 700 оқушыға арналған. «Жалил Абдуллаев зияткерлік мектебі», Жүйнек ауылдық округінде орналасқан 500 орындық мектеп.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, ағымдағы жылы әкімшілік-іскерлік орталықтан 500 адамға қызмет көрсететін емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 3 медициналық нысанның — фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары басталады. Олар: «Шаға», «Құсшы ата» фельдшерлік-акушерлік бекеттері және «Жалантөс» медициналық бекеті.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Ойық» медициналық бекеті және «Шекербұлақ» фельдшерлік-акушерлік бекеті құрылысы жүргізілуде.

Ауданда мәдениет және спорт саласында да қуантарлық жаңалықтар бар.  «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылында 120 орындық клуб және кітапхана ғимаратының құрылысы басталды.  Ал, Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Аудан орталығынан 500 орындық Мәдениет үйі мен Жастар орталығын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жобаның құны – 1,9 миллиард теңге.

Бабайқорған ауылындағы спорт зал ғимаратының құрылысы аяқталса, аудан орталығынан жаңа үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ибата, Теке, Ынталы, Абай ауылынан спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайын, Орталық стадионның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, кәсіпкерлер есебінен 4 елді мекенде спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде (Жаңа Иқан, Иассы, Шаға, Оранғай).

Балаларды спортқа баулу мақсатында 5 елді мекенде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, қосымша жыл соңына дейін 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынады.

Коммуналдық сала бойынша автомобиль жолдарына тоқталсақ, аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдар 119,3 шақырымды және елді мекен көшелері  731,9 шақырымды құрайды.  2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 39,7 шақырымды құрайтын 29 ішкі көшеге және облыстық бюджет есебінен 9 шақырымдық «Бабайқорған – Абай» жолына, 15 шақырымды құрайтын «Шорнақ – Ескі Сауран» жолына және 9 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда, елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 5,4%-ға жақсарып, жалпы көрсеткіш 70 %-ға жетеді.

Цифрландыру бойынша ағымдағы жылы  «Кар-Тел» ЖШС-гі мен «Кселл» АҚ операторлары тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Бабайқорған, Ынталы, Аша, Шорнақ, Ибата, Ескі Иқан, Жүйнек, Қарашық секілді 8 елді мекенге жаңа базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша 5 елді мекенде жүргізетін болады.

Сондай-ақ, Бауыржан Омарбеков Түркістан қаласындағы автомобиль жолының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталса, қаладағы қозғалыс айтарлықтай жеңілдейді.

Ордабасы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 3 спорттық кешен салынуда. Бұған қоса, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ауданда мәдени-спорттық кешеннің құрылысы жүргізілуде.

Кешеннің жобасы үш ғимараттан тұрады. Атап айтқанда мұнда мұражай, кітапхана, көрме залы, жайлы қонақ үй, асхана, конференц-зал, спорт орталығы, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған.

Құрылыс аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 150 орындық амфитеатрда облыстық әрі республикалық деңгейдегі кәсіби және олимпиадалық күрес түрлерінен жарыстар өткізу жоспарлануда.

Халықаралық автожол бойында орналасқан заманауи үлгідегі тәулік бойы жұмыс істейтін кешен аймақта туризмнің дамуына ықпал ететін болады. Құрылыстың аяқталу мерзімі — 2024 жылдың қараша айы.

Мұнан соң Сайрам ауданында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Сайрам ауданының жастары көптеген спорттық сайыстарда жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Осыған орай, аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға қолдау таныту, спортшыларға серпіліс сыйлау мақсатында спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Сайрам ауданына жасаған іссапары аясында Қарасу ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Сапар барысында аудан басшысы Арман Сәбитовпен және жауапты тұлғалармен бірге спорт нысанының жағдайын жіті саралады. Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкілдерімен тілдесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы салынуын, жұрт игілігіне тез арада берілуін тапсырды.

Аталған нысанның қажетті қаржысы бюджеттен қаралып, құрылысы 2023 жылы басталған. Бүгінде «ЮгТехНадзор» ЖШС техникалық қадағалауындағы «НурТехСервис» ЖШС мердігер мекеме тарапынан іргетас құю, қабырға қалау, шатыр жабу жұмыстары толық аяқталды. Алдағы уақытта сыртқы әрлеу және электр желілері мен жылу жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп, спорт кешені биыл тамыз айының соңында пайдалануға берілу жоспарлануда.

Айта кетейік, жалпы аудан аумағында 406 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде, 109 спорт зал, 266 спорттық алаң, 2 стадион, 3 спорттық кешен, 1 жүзу бассейні, 1 оқу-жаттығу жиындарын өткізетін орталық, 2 теннис корты, 21 жабық футбол алаңы бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin