Түркістан облысы: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы оқырмандардың сұранысында жүрген 100 дана кітапты сыйға тартты

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып өткен болатын. Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырмасымен «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы аталған акцияны қолдап, жүзеге асыруға атсалысуда. Бұған дейін Созақ ауданының Ақсүмбе ауылдық кітапханасынан басталған акция Сауран ауданының Нұртас ауылдық кітапханасында, Отырар ауданының Шәмші ауылында жалғасын тапқан болатын.

Сонымен қатар жазушы Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай Отырар ауданы Қарғалы ауылдық кітапханасына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай атынан оқырмандардың сұранысында жүрген 100 дана кітапты сыйға тартылды.

Тағылымды шараға кітапхана қызметкерлері, оқырмандар, ауылдың зиялы қауым өкілдері қатысып, кітапхана қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Айта өтейік, мамыр айының басында басталған аталмыш акцияға бірнеше министр өз үлесін қосқан-ды. Сол тұста Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция басталғанын хабарлап, бұл бастамаға жанашыр азаматтарды атсалысуға шақырды. 

Акцияға Аида Балаеваның өзі де үн қосып, Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылына әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еткен. 

«Бұл акцияны өзге де әріпестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді. Мәселен, ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Батырбекұлы жеке атсалысып, еліміздің бірқатар өңіріндегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан табыс етуде. Басқа да әріптестерміз таяуда акцияға қолдау көрсетуге ниет білдірді», – деп жазды Аида Балаева. 

Министр бұл бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздейтінін айта келе, акцияға атсалысуға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтарды шақырды. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек» — деген болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin