Түркістан облысы: Қазығұрт ауданындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін  биыл 73,4 миллиард теңгеге жеткізу межеленіп отыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте ауданның өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Жұмысты ширатуды тапсырып, оларды тез арада ретке келтіру үшін аудан әкіміне 1 шілдеге дейін уақыт берді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көру мәселесі де айтылды.

Мәжілісте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды.

Қазығұрттың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім және медицина саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Талдау қорытындысы негізгі көрсеткіштердің төмендегенін көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласында қойылған межелер орындалмаған. Алайда Түркістан қаласында өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың «2023 жылға негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі жоспар 31,5 млрд. теңге межесі қойылып отыр. 1 тоқсанға инвестиция көлемі 1 млрд. теңгені құрап,  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 147,3%-ға орындалды. Аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 66,7 млрд. теңгеге орындалып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 6,9  млрд. теңгеге өнім көлемі ұлғайды. Нақты көлем индексі 104,7 пайызды құрады. 2023 жылға жоспардың өнім көлемі 73,4 млрд. теңгеге жеткізу межеленіп отыр. 1 тоқсанға өнім көлемі 8,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 155,6%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 3 700 тоннадан астам дизель отыны бөлінді» — дегені есте…

Еркеғали Әлімқұловтың сөзінше, ауданда құрылыс жұмыстары бойынша бекітілген жоспар жүзеге аспаған. Кіріс көлемі төмендеген. Ауданда салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Салық салу объектілерінің (тойхана, жанармай құю станциясы, т.с.с) бағалау құндары нарықтық бағадан төмен бағаланған. Тиісінше салық аз төленуде.

Тазалығы сын көтермейтін ғимараттар мен оның аумағы күл-қоқысқа толған нысандардың жауапты басшылары қатаң сынға алынды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, медицина және білім беру нысандарының, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының күтіп-ұстауы төмен деңгейде. Көшелер мен жол сапасына да сын өте көп.

– Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткішкер кеміген. Бұл дегеніміз, халықтың табысы азайды деген сөз. Жұмысты ширатып, жоспарды орындау керек. Аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдасын. Нәтижесі баяндалсын. Талап өте жоғары. Халыққа шын жаны ашитын азаматтар жұмыс істеуі керек. Жұмыс істегісі келмейтін адам сылтау іздейді. Ақталудың қажеті жоқ. Сіздерге қойылатын талап бар, маған қойылатын талап бар. Артық ешнәрсе сұрамаймыз.

Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, ауданның инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салынсын. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Тазалыққа мән берілсін. Жылдар бойы қараусыз қалған соң ғимараттар осындай деңгейге түскен. Тек бюджетке тәуелді болсақ, іс алға баспайды. Жаңа форматта жұмыс істеуге бет бұру шарт. Ізденіс керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы, Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығын дамытуға «Ауыл аманаты» жобасы зор көмегін тигізері сөзсіз. Себеі аталмыш жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады.

«Ауыл Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жоба аясында берілетін микрокредиттер  саны 2 200 бірлік және 2 332 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін қосымша 8,7 млрд.теңге бөлінуде.

Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Айта өтейік несиелендіру6 бағытта  жүзеге асырылатын болады:

  • Өсімдік шаруашылығын дамыту;
  • Мал шаруашылығын дамыту;
  • Құс шаруашылығын дамыту;
  • Балық шаруашылығын дамыту;
  • Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
  • Тұрғындардың өз кәсібін ашу.

Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 32 ауылдық округтері анықталып, скрининг жұмыстары толық жүргізілді. Әр ауданда жұмысшы тобы құрылып, жобаның шарттары бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама аясында 2023 жылдың 17 сәуірінен бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 3,0 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды.

Әр ауданға жеке тоқталып кететін болсақ:  Созақ ауданы бойынша 92,5 миллион теңгені құрайтын
22 жоба мақұлданды;  Кентау қаласында 42,0 миллион теңгені құрайтын 9 жоба; Отырар ауданында 25,0 миллион теңгені құрайтын 5 жоба; Түлкібас ауданы бойынша 68,0 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, Сайрам ауданы бойынша 34,0 миллион теңгені құрайтын 6 жоба; Келес ауданы бойынша 162,0 миллион теңгені құрайтын 32 жоба;  Сарыағаш ауданында 49,0 миллион теңгені құрайтын 7 жоба; Төлеби ауданы бойынша 97,2 миллион теңгені құрайтын 20 жоба, Қазығұрт ауданы бойынша 122,0 миллион теңгені құрайтын 27 жоба; Шардара ауданында 11,0 миллион теңгені құрайтын 2 жоба; Арыс қаласы бойынша 62,0 миллион теңгені құрайтын 18 жоба; Бәйдібек ауданында 42,5 миллион теңгені құрайтын 10 жоба; Ордабасы ауданы бойынша 121,0 миллион теңгені құрайтын 26 жоба; Сауран ауданында 13,0 миллион теңгені құрайтын 3 жоба; Жетісай ауданы бойынша 48,0 млн теңгені құрайтын
12 жоба; Мақтаарал ауданында 55,5 миллион теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде:  тиісті аумақтағы жұмыссыздық деңгейін 40%, 5 236 бірлік АӘК (АСП) санын 30 % төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар, сүт өндіру көлемі – 40,6% — ға, ет өндірісінің көлемі — 63,2%- ға, жылыжайда өндіретін өнім көлемі — 26,2% — ға ұлғаяды деп күтілуде. Және де  құс өндіру көлемі 2,4 есе, балық өндірісінің көлемі 2,0 есеге көбейту жоспарлануда.

«Мемлекет басшысының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданда Шарбұлақ және Шанақ ауылдық округтері пилоттық режимде іске асырылуда. Атап айтсақ, Шарбұлақ ауылы округінде — сүтті бағыттағы, ал Шанақ ауылы округінде етті бағыттағы жобалар қолға алынған. Шарбұлақ ауылы округінде сүтті бағыттағы жоба.  Жоба басталғалы бері 83 тұлға өз құжаттарын ұсынған, оның 41 тұлғаның құжаттары сараланып, несие алу үшін «Ырыс МҚҰ» ЖШС-на жолданды. Нәтижесімен 22 тұлғаның құжаты қолдау тапты. Қалған 57 тұлғаның құжаттары несие алу үшін бизнес жоспары әзірленуде. Шанақ ауылы округінде Етті бағыттағы жоба.  Басталғалы бері 47 тұлға өз құжаттарын ұсынған, оның 27 тұлғаның құжаттары сараланып, несие алу үшін «Ырыс МҚҰ»  ЖШС-не тапсырылды. Нәтижесімен 5 тұлғаның құжаты қолдау тапты. Қалған 40 тұлғаның құжаттары несие алу үшін бизнес жоспары әзірленуде.  Екі ауылдық округке жалпы 800,0 млн. теңге жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге, ауыл округттерде несие алуға өтініш білдіріп жатқан тұрғындардың саны жалғасуда. «Сонымен қатар, жоба аясында қосымша қаражат берілген жағдайда, Қақпақ және Қызылқия ауылдық округтерінде іске асыратын боламыз», — дейді аудан басшысы.

Облыс әкімі білім, мәдениет, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.

Жаңа форматтағы кездесулерде облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.