Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен «Жастар шыңы – 2024» іс-шарасы өтті. Аталмыш шараға Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Бектаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Көшкінбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серкебаев, сондай-ақ облыстың әр аймағынан жиналған 50-ге жуық жас қатысты.
«Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркіне» қарасты Өгем тауына арнайы ұйымдастырылған саяхаттың негізгі мақсаты – өңірдегі экотуризмді дамыту, киелі орындар мен тарихи мекендерді жастар арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Jasyl Marathon 24» атты плоггинг болып өтті. Шарада Өгем тауының бөктеріндегі қоқыстар жиналып, арнайы техникалардың көмегімен полигондарға жеткізілді.
Тазалық жұмыстарынан кейін аудан әкімдігі, облыс жастары, Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары мен ерікті жастар арасында волейболдан турнир өтті. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің командасы иеленді. Ал 2-орынға «Түркістан» командасы табан тіресе, 3-орын «Қазығұрт ауданы әкімдігінің» командасына бұйырды. Жеңімпаз атанған командаларға аудан әкімінің атынан естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Сонымен қатар бүгін Түркістан шаһарында да 400 адамның қатысуымен тазалық шарасы өтті. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында өткен сенбілікке 13 техника жұмылдырылды. Әмір Темір, Төле би, С.Қожанов, О.Жандосов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының бойындағы күл-қоқыстар шығарылып, қураған шөптер тазартылды. Ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке әжесімен бірге келген қаланың кішкентай 6 жасар тұрғыны Кәусар Әзизханқызы да тазалық жұмыстарына атсалысып, үлкендерге қолғабыс етті. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған қыздың әжесі Гүлнәр Дулатбекованың сөзінше, баланы тазалыққа үйрету – бүлдіршін кезінен басталуы тиіс. Тәрбие – тал бесіктен басталатындықтан әрбір ата-ана балаларын табиғатты қорғауға, қоршаған ортасын таза ұстауға бағыттауы қажет дейді. Сенбілік тек тазалық үшін ғана емес денсаулыққа да өте пайдалы физикалық қозғалыс екендігін алға тартты.
Қала әкімі бекіткен кестеге сәйкес, тазалық шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығы аумағындағы кәсіпкерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар шаһар жұмысына белсенді үлесін қосуда.
Мұнан өзге «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендерде тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Соның бірі ауданға қарасты Қарасу, Қарабұлақ және Көлкент ауылдық округтерінде жалғасты. Тазалық шарасына аудандық жастар ресурстық орталығы, Сайрам ауданы Мансап орталығы мамандары, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жастарының мүшесі Надыржан Хасантаев бастаған ауылдың белсенді жастары мен ақсақалдары да атсалысты.
Тазалық акциясы аясында республикалық маңызы бар жолдардың бойлары мен ішкі көшелер бей-берекет тасталған күл-қоқыстардан тазартылды. Оған қоса орталық көшелердегі аялдамалар қалыпқа келтіріліп сырланды. Бұдан бөлек, жол жиектеріндегі қураған шөптер шабылып, сынған ағаштар арнайы қоқыс аймағына шығарылды. Сондай-ақ, Көлкент ауылдық округіне қарасты Шапырашты ауылындағы Ақтан ата өзенінің бойы тұрмыстық қатты қалдықтардан арылды.
Айта кетейік, аудан аумағында тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуі аудан әкімі Арман Сәбитовтің ұдайы бақылауына алынған. Төңіректі таза ұстауға арналған игі шаралар мұнымен шектелместен, алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді
ҚР Президентінің бастамасымен елдің барлық аймағында көгалдандыру, абаттандыру мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүруде. Бұл шараға кентаулықтарда белсенді қатысып, қала тазалығын сақтауға атсалысуда. Қала және қалаға қарасты ауылдарды абаттандыру мақсатында қалаға арасты Қарнақ ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңша пайдалануға берілді.
Ойын алаңша ауылдың белсенді кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындарының қолдауымен, ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылды. Ойын алаңша ауылдағы тұрғындары тығыз орналасқан әз-Жәнібек көшесіне салынды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов балаларға қуаныш сыйлап, ауылды абаттандыруға демеуші болып, үлес қосқан жандарға алғыс білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, лентасын қиды.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген алаңшасы барлық стандарттарға сай, 1 га аумақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай ойын алаңшасы осымен төртінші рет ауыл балаларына табысталуда. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін әлі 4 ойын алаңшаны табыстауды жоспарлап отыр.
Сарыағаш ауданындағы тазалыққа жауапты мекеменің жұмысы күшейтіледі
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қаланы дамыту жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру, тазалық жұмыстарына арнайы барып, аралап көрді. Аудан басшысы тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңызын айтып, қала аумағында гүлдер отырғызу, қураған ағаш бұталарды ретке келтіру, бордюрлерді жаңарту, көшеттерге суғару жүйелерін тарту, қоршау жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, қалаға қарасты орталық көшелерде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын саралады.
Орталық алаңнан бастау алатын Сарыағаш қаласына қарасты Ысмайылов көшесінің бойымен Қабланбек көшесіне дейін жаяу жүріп аралаған аудан әкімі Сарыағаш қаласының санитарлық тазалық жұмыстарына жауапты «АРТД Групп» мекемесінің өкіліне жұмысшылар санының аз болуы жұмыс атқару сапасына кері әсерін тигізіп жатқанын осы орайда сапасы қанағаттарлықсыз екенін атап, бірқатар ескертпелер берді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан наразылықтар түсіп жатқанын да атап өтіп, салаға жауапты орынбасарларына аталған мекеменің қызмет көрсету мерзімін заң аясында қарастыруды тапсырды.
Келесі кезекте, аудан әкімі Сарыағаш қаласына қарасты Б.Қасымбеков көшесі бойында орналасқан №3, №4 көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы спорт алаңшасының құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады. Аралау барысында тұрғындар аудан басшысына жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарына өз алғыстарын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Көпқабатты тұрғын үйлер аумағына аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тапсырмасына сәйкес 2023 жылы балалар ойын алаңшасының құрылысы жүріп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, қоқыс жәшіктерімен жарықшамдары жаңартылды. Сонымен қатар, аудан әкімінің бастамасымен Сарыағаш қаласына кіреберісіне биылғы жылы күзде егілген жасыл екпелерді қоршау, суғару жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына жұмыстарды сапалы түрде белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып, қала әкіміне жұмысты ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Қазіргі таңда, мердігер мекеме тарапынан республикалық маңызы бар А-15 тасжолының бойындағы жасыл екпелерді суғару жүйесінің тарту, орнату жұмыстары жүргізілуде. Суғару жүйесі автоматтандырылған, тәуліктің белгіленген уақыттарында суару жүйесі өздігінен іске қосылып, аумақты ылғалдандырып отырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.