Түркістан облысы: Қазығұрт ауданының тұрғыны «Ауыл аманаты» жобасымен 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр

Мәжіліс спикері, «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар аясында өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралады. Сондай-ақ тұрғындармен кездесіп, партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Мәжіліс депутаттары, сонымен қатар жауапты сала өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Палата спикері сапарын Сайрам ауданындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «AYKAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралаудан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атсалысқан шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл, әсіресе, тұрғындарының көбі ауылда тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бойынша бөлінетін барлық қаражаттың бестен бір бөлігі дәл осында бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді 40,6 пайызға, етті 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы биыл жоба аясында еліміз бойынша 17 мың адамды қамту көзделіп отыр.

Естеріңізде болса, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша жуырда өңірде арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.

– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды сөзін шегелей.

Мәжілісте өз кезегінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалған-ды.

Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 миллиард теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.

Қалай болғанда да, «Ауыл аманаты» — ауылдарды сақтап қалуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. «Ауыл аманатының» аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары. Бұрын-соңды болмаған тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген қызығушылығын арттыру.

Ауыл азаматтары үшін жобаның шартына қысқаша тоқталсақ:

— ірі қара малдың аналығы бес бастан;

— қой аналығы он бастан;

— биелер бес бастан бастап беріледі.

Осы несие түріне қол жеткізу үшін не істеу керек?

Біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді.

Екінші қадам, жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды.

Үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.

Тауарлы несиемен берілген малды мақсатты пайдалану мәселесіне келсек, алынған мал 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50% аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі, несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады. Бұл — бизнесті дамытып алуға жақсы мүмкіндік.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуы тиіс. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінді, соның есебінен ауылда көптеген кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 миллиард теңге бөлеміз. Жобаның арқасында ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет», — дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Жоба туралы өзге мәліметтер

Барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі.

Жалпы сала мамандары «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын азайтуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екенін айтып отыр.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұмсауға үйретеді. Жобаны өңір тұрғындары жоғары бағалап отыр. Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Жалпы, Палата спикері Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.

– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру. Адамдардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер жасасақ, сонда жұмыс істеп, өздерін лайықты түрде қамтамасыз ете алады, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылындағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Ерлан Қошанов бұл шаруашылыққа да ат басын бұрды. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жобасымен 4 миллион теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1200 оқушыға арналған «Әл-Фараби» атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.

– Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Құтарыс ауылындағы толықтай жеке қаражатқа салынған жаңа спорт кешенінде де болды. Ол партия мүшелеріне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай үлгілерін республика деңгейінде көбірек насихаттауды тапсырды.

Сондай-ақ өңірде Мәжіліс спикері «Жер аманаты» және «Құқықтық көмек» партиялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. «Қарызсыз қоғам» жобасының бірқатар қатысушысы «АМАNАТ» партиясының қатарына қосылды. Жаңа мүшелердің айтуынша, олардың келуіне партияның қарапайым халыққа сөзбен емес, нақты іс жүзінде көмектесетіні себеп болған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.