
Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің 95 жылдық мерейтойына орай, «Ветеринария және зоотехния» мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің ТжКБ ұйымдарының ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері арасында «АГРАРЛЫҚ САЛАДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға республиканың әр өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша 32 колледжден 87 студент қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы Қасымбекова, «Talap» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Асылбек Жорабекұлы Нұрмышев, Өзбекстан Республикасы Зангиота агротехнологиялар техникумы директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Зульфихор Усенович Иматуллаев, Қырғызстан Республикасы К.И.Скрябин атындағы Қырғыз Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Сұлтан Ибраимов атындағы агротехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Чачыкей Рамазановна Ибраимова, Алматы облысы, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Боларбекқызы Бозымбекова колледж ұжымымен қатысушыларға өздерінің ыстық лебіздерін білдірді.
Конференцияның қорытындысы бойынша «Ветеринария» бағыты бойынша жүлделі І орынды «Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің» МКҚК студенті Маржан Орынбасарқызы Омар иеленді.
«Зоотехния» бағыты бойынша Лайло Мураджанқызы Кабирова І орын жеңімпазы болды. Ал, Мақтаарал аграрлық колледжінің студенті Айғаным Жүзтай «Агрономия» бағыты бойынша І орынды жеңіп алды.
Еске салайық, Түркістан облысының Сарыағаш қаласында орналасқан Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің тұсауы 1929 жылы 27 қарашада «Қапланбек зоотехникумы» болып кесілген. Оқу орны 2019 жылы ҚР БжҒМ-нің қаулысымен, Түркістан облысы әкімінің шешімен «Қолданбалы бакалавриат» даярлайтын «Жоғары колледж» дәрежесіне ие болған. Бір ғасырға жуық мерзімде оқу орнының қабырғасынан 30 мыңға жуық түлек түлеп ұшқан. Солардың ішінен Қазақ елінің мақтанышы, «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов та шыққан.
Қапланбек колледжі 1988 жылы салынған 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Оқу корпусында 65 кабинет, зертхана және дәрiсхана, 10 компьютерлік класс, 25 интерактивті тақта, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған оқыту дәрісханалары, 1 конференция залы, 1 мультимедиялық подиум, 1 полимеразды тізбекті реакция зертханасы, қоры 60000 дананы құрайтын кiтапхана, 210 орындық мәжiлiс залы, үлкен спорт кешенi, 2 спорт залы, 160 орындық жатақхана, 1 дәрiгерлiк пункт студенттерге қызмет көрсетіп келеді.
Жоғары колледжде ветеринария саласы бойынша Ветеринарияның қолданбалы бакалавры, Ветеринарлық техник, Ветфельдшер (Зертханалық ісі), Жануарларды ветеринариялық өңдеуші оператор, Жануарлар мен құстарды жасанды ұрықтандыру операторы мамандықтары даярланады. Бүгінгі таңда жаһандану үрдісіне сай кәсіби жоғары сапалы білім қызметін ұсынып, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды мақсат еткен жоғары колледж өз миссиясын жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді.
Жер ананы игеріп, ауыл шаруашылығын өркендететін, халық тұтынатын тауарлардың сапалы өндірілуіне өзіндік үлесін молынан қосатын білікті мамандар даярлауда «Агрономия» бөлімінің орны ерекше. Осыны мақсат тұтқан оқу орнында агрономия саласы бойынша «Өсімдік қорғау және карантин», «Экология», сол сияқты заманауй тенологиямен өнімділікті арттыру, реттеу, есеп-қисабын жасау мақсатында «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша жастарға терең білім беріліп, нарық талабына сай даярлау жүзеге асырылған.
«Зоотехния» мамандығының «Мал шаруашылығы шебері» біліктілігі бойынша «Жас маман» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы құрал-жабдықтар, заманауй екі жылыжай, арнайы жабдықталған кабинеттер алынды. Бағдарлама бойынша алынған заманауи техникаларды меңгеріп, колледж жылыжайында түрлі дақылдарды өсіріп-баптау жұмыстары арқылы білім мен біліктерін ұштастырып, ауыл шаруашылығы саласының хас мамандары болып жетілуде.
2008 жылы колледжге «Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі» статусы беріліп, 2010 жылы ИСО 9001:2009 «Сапа менеджменті жүйесіне» өткен. 2011 жылы «Жыл колледжі» атағын қанжығалап, 2013 жылы ТжКБ беруді институтционалдық дамыту жоспары бойынша Дүниежүзілік Банктің грантына ие болса, 2015 жылы Ұлттық бизнес-рейтингтер орталығының ұйғарымымен білім саласындағы зор жетістіктері үшін «Сала көшбасшысы» атағын жеңіп алған.
Талай белестерді бағындырған «Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің» «Ветеринария», «Зоотехния» мамандықтары бойынша жинақтаған мол тәжірибесі бар. Бірлестік 2008 жылдан «Ветеринария» және «Зоотехния» мамандықтарына арналған Білім стандарттарын, құзіреттілікке негізделген үлгілік оқу-жұмыс бағдарламаларын даярлап, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамынының басқармасымен бірлесе отырып «Модульдік оқыту бағдарламаларының» өзектендіру жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Республикалық «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN- 2021» кәсіби шеберлік байқауында Колледж студенті Мекен Бауыржан «Ветеринария» мамандығына байланысты жаңалықтарымен оза шауып алға шығып, оның нысаналы дамуына бағытталған шығармашыл ойларын нақты жеткізе білгені үшін Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың қолынан чемпиондық медалін мойнына тақты.
Жамбыл облысының Құлан аграрлық колледжінде Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ұстаздары арасында өткен «Республикалық шеберлік-2022» байқауында Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің атынан сайысқа түскен ұстаздар Гүлжан Назиева «Ветеринария» мамандығы бойынша бас жүлдені, Азамат Қалдасов «Агрономия» мамандығы бойынша бірінші орынды иеленіп, өз мамандықтарының хас шеберлері екендігін республика деңгейінде дәлелдеп берді.
Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінде бүгінгі таңда 107 оқытушы жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Оның ішінде 1 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 12 магистр, 32 жоғары санатты, 20 бірінші санатты оқытушылар бар.
Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда ғасырға жуық тәжірибеге ие Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі еліміздің ауыл шаруашылығы саласын ветеринар, зоотехник, агроном сынды қат мамандықтармен қамтамасыз етіп, ғылым мен білім саласында өзіндік үлесін молынан қосудағы миссиясын жалғастырып келеді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласы дамыған жетекші елдердің тәжірибесі олардың «технологиялық революцияны» бастан өткергенін көрсетеді. «RolandBerger» зерттеу агенттігінің мәліметі бойынша, жыл сайын Азиядағы әлеуетті өсудің 20 пайызы ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялардан келеді. АҚШ, Канада және Аустралиядағы ауыл шаруашылығында цифрландыру және автоматтандыру технологияларын енгізу тәжірибесі арқылы ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына ықпал етуде.
Уақыт өте келе көптеген компанияның менеджерлері телематика арқылы нақты уақыт мониторингін анықтап, GPS мониторингін бақылауда ұстап отыр.
«GPS навигациясы, жабдықты бақылау, тасымалдаудан бастап кез келген техниканың барлық жай-күйін, оның тоқтаған жері мен жанармай деңгейін, тіпті ақау шыққан тетікті де кабинетте отырып бақылауға болады. Бұны қашықтықта отырып кешенді қадағалау деп ұққан дұрыс. GPS мониторингін енгізу туралы шешім адам факторының әсерін барынша азайтады және басқарушы диспетчер қашықтығы техниканың барлық мәселесін бір орында отырып шешеді. GPS бақылау жүйелері көліктер мен жабдықтарды бақылау және оларға техникалық қызмет көрсетудің ашық және ыңғайлы процесін қамтамасыз етеді», – дейді аграрлық сарапшылар.
Дәл қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығына цифрлы технологияны енгізуден басқа саланы дамытудың өзге жолы жоқ. 2018 жылдың соңында ел Үкіметі 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруды толықтай аяқтауды жоспарлаған болатын. Ал 2025 жылға қарай цифрландырудан күтілетін экономикалық пайда көлемі 40 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам айтқан. Алайда сала толықтай сандық үлгіге өтпей отыр. Оған түрлі әкімшілік жеке адам факторы да кері әсер етуде. Десе де, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын цифрлы форматқа көшіру уақыт күттірмейтін мәселе екенін ескерген дұрыс. Сондықтан Үкімет те, министрлік те кедергілерді жоюмен қатар шаруа қожалықтарының өкілдерін жаппай қайта даярлаудан өткізіп, сандық технологияның мүмкіндігіне жол ашып бергені жөн болар еді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.