Түркістан облысы: Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенті Түркияда өткен байқаудан жүлдемен оралды

Түркістан облысы білім басқармасына қарасты “Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі” МКҚК-ның 1-курс студенті Аршабай Ақбота Жеңісқызы 8-12 мамыр аралығында Түркия елінде өткен “Ipek Yolu Gogular festivali” байқауына қатысты.

Аталмыш байқауға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген жалпы саны 200-ден астам бүлдіршін мен жасөспірімдер “Көркем сөз”, “Хореография”, “Аспапта ойнау”, “Вокал, т.б. номинациялар бойынша бақ сынасты.

Қорытынды кезеңде бірнеше ақын-жазушылардың шығармашылығы бойынша өткен аудандық, облыстық, респуликалық байқаулардың жүлдегері Ақбота Аршабай “Көркем сөз” өнері” номинациясы бойынша жүлделі І орынды иеленді.

Ал, жеңімпаз студенттің жетекшісі, басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, Анаргүл Есқараева арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Осы орайда Сарыағаш ауданының білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстармен де аз-кем бөлісе кетсек. Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №43 Әл-Фараби атындағы ШЖНББМ-де «Шағын жинақты мектептерде «Lesson Study » зерттеу сабағының ұйымдастырылуы» тақырыбында әдістемелік тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинарға білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Р. Камалдин, химия, биология пәндерінің әдіскері Қ. Қабылова мен мектеп мұғалімдері қатысты. Мақсат — оқуды бағалау мен оқу үшін бағалау үдерісінде өздерінің біліміне бағалау жүргізу арқылы бірлесіп жұмыс істей алатын оқушы дағдысын қалыптастыру. Семинар барысында «Lesson Study» зерттеу сабақтарына ену, «Тәжірибе алаңы» дөңгелек үстел, коучинг сабақтары өтілді. Мектеп ұстазы Айман Арайлым 6-сыныпқа «Е.Жүніс өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында зерттеу сабағын өтті. Айнұр Буриева 3-сыныпқа «Адам балық» тақырыбында сабақ ұйымдастырды.

Семинар қорытындысында білім бөлімінің әдіскері «Lesson Study» үдерісі мұғалімге әрбір жеке оқушының оқуына қатысты өзінің оқыту тәжірибесі туралы ойлануға, сабақтың оқушылар қажеттілігіне сәйкес келуі мақсатында мұғалімдерге инновациялық педагогикалық тәсілді жетілдіруге немесе оның сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ Түркістан облыстық «Дарынды балаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті. Облыс аумағындағы мектептерден қатысқан жас дарындар 4 түрлі бағытта бақ сынасты. «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» жазба ақындар сайысы. «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығын ғылыми-зерттеу бағыты. «Білімді зерек адам болам десең» эссе жазу бағыты. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын ғылыми-зерттеу бағыты.

Байқаудың қорытындысы бойынша, №15 Ш. Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Шынар Батырханқызы Адеханова «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын ғылыми-зерттеу»бағыты бойынша 2-орын иеленді. Жетекшісі — Жанболат Артықұлы. «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағытында Мәшһүр Жүсіптің фольклорлық жазбаларындағы тарихи тұлғаларды сипаттау жобасы бойынша №18 Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Айгүл Қалқожаева 3-орын еншіледі. Жетекшісі — Ақжарқын Смаилова.

Мұнан өзге академик Орынбек Жәутіковтің атын иемденген №55 мектепте алғаш рет математика пәнінен аудандық олимпиада ұйымдастырылды. Білім бәйгесі – мектеп күніне орай жоспарланған апталық аясында өтті.

Математикалық додада 7-8-сыныптардың оқушылары бақ сынады. Олимпиаданың салтанатты рәсімінде білім бөлімінің әдіскері жарыстың ережесімен таныстырды. Мақсат – оқушыларды ғылымға баулу, математикалық ұғымдарды талдауға, сыни тұрғыда ойлауға, күрделі есептерді шешуге дағдыландыру. Олимпиадаға 50-ге жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Бар ғылымның атасы саналатын есепке кімнің жүйрік екендігі анықталмақ. Тың бастаманы мектеп ұжымы әрі қарай бірегейлі дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етіп отыр.

Аталмыш білім ұясында 29 сәуір күні мектеп күніне орай «Самғатқан сан қыранды алтын ұям» атты апталығы бастау алған. Шара аясында мектеп ұстаздары мен оқушылар ғылымға бетбұрыс, ізденіс жұмыстарына ден қойып, апталықтың мазмұнды өтуіне атсалысуда.

Сонымен қатар №69 жалпы білім беретін мектебі мен Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Н.Ә.Назарбаев Зияткерлік мектебінің өзара меморандумы аясында аудандық семинар өтті. “Білім мен тәрбие ұлттық құндылықтарды енгізу — нәтижелі білім тетігі” тақырыбымен өткен жиынға Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Рахымжан Камалдин арнайы қатысып, білім сапасын арттыруға арналған семинарлардың берер пайдасы мен артықшылығы туралы баяндап өтті. Мақсат — білім мен тәрбие негізінде дербес, жылдам өзгеріп жатқан қоғамда лайықты өмір сүріп, функционалды сауаттылығы жан-жақты дамыған, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға бере алатын, Отанның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына зор үлесін қоса алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пән мұғалімі М.Мырзахметова, химия пәнінің мұғалімі Н.Қаныбекқызы және география пәні оқытушысы А.Есенбай қатысып, аталмыш семинарға өздерінің оң бағасын берді әрі күнделікті оқу үдерісіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара соңында бір күндік семинардың қорытындысы шығарылып, қатысушылар пікір алысу форматында білім беру саласындағы негізгі міндеттерін талқылау, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алу, өзекті мәселелер бойынша ой бөлісу және осындай пайдалы іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіру мүмкіндігіне ие болды.

Айтпақшы, аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне жұмыс сапары барысында Ақжар елді мекеніндегі №28 Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінің ауласына жаңадан бой көтеріп жатқан гүлзар бағына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимовпен бірге шырша ағаштарын отырғызды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында мәңгі жасыл ағаштарды ауылдың белсенді жастары да атсалысты. 20 дана шырша, 40 түп гүл көшеттері, сирен көшеттері отырғызылды.

№38 М. Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10- сынып оқушысы Балсезім Қайратқызы Бақыт грэпплингтен Филиппин елінде өткен Азия чемпионатында жеңіске тұғырынан көрініп, 1-орынды иемденді. 56 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен бұрымды мектеп қорыжынын алтын алқамен толықтырды. Балсезім Бақыт бұл спорт түрімен 4 жылдан бері тұрақты түрде шұғылданып келеді. Жаттықтырушысы — Макұл Серік.

Ал №75 Ж. Жабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Бағжан Отынбай бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Ағымдағы жылдың 25 сәуірі мен 8 мамыр аралығында 22 жасқа дейінгі жас боксшылар арасында өткен Азия чемпионатына 25 мемлекеттен 500-ге тарта спортшы қатысқан. Азия чемпионатында тек ауданның ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғады.

Шаршы алаңда шаршауды білмейтін Бағжан алғашқы кездесуін кореялық спортшымен жұдырықтасып оны айқын басымдықпен жеңеді. Кейінгі жекпе жегі вьемтнамдық боксшы арумен өтіп, оны да рингте шақ келтірмей жеңіп шығады. Ал финалда үндістандық былғары қолғап шеберіне есе жіберіп күміс медальді қанжығасына байлап, күзде бокстан жастар арасында Словенияда өтетін Әлем чемпионатына жолдаманы иеленді. Бапкерлері — Болат және Таня Беласаровтар. Бұрымды боксшыны жеңісімен құттықтап, Әлем чемпионатында топ жаруына тілекшіміз!

Тағы бір атап өтер жайт, Сарыағаш ауданындағы білім беру ұйымдары директорларының оқу жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған «Бір күндік сабақ» жобасы – білім сапасын арттыруға бағыт» тақырыбындағы әдістемелік тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды.

Семинардың бағдарламалық мазмұны 3 бөлім бойынша өтті: ақпараттық, практикалық, қорытынды.

Семинардың кіріспесінде білім бөлімінің әдіскері Қатира Қабылова «Бір күндік сабақ» жобасын жүзеге асыру жолдары» бойынша түсінік беріп, алғы сөз сөйледі. №71 ЖББМ директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Дина Динашева мектеп педагогтарымен «Бір күндік сабақ» жобасын ұйымдастырудағы артықшылықтар» тақырыбында ой бөлісті.

Практикалық бөлімде «Бір күндік сабақ» жобасы негізінде білім алушыларда құндылықтарды сіңіру және негізгі құзыреттіліктердің дамуы» тақырыбында топтық; «Сабақты бақылаушылардың критерийлер негізінде бақылау парақтарын толтыру әдісі» тақырыбында шағын топтарда талқылау; «Жобаның педагогтар және білім алушыларды дамытудағы маңызы» тақырыбында постер қорғау жұмыстары жүргізілді. Семинардың қорытынды бөлімінде білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Рақымжан Камалдин жобаның маңызы мен нәтижелілігін түсіндіріп өтті.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin