Түркістан облысы: Қытайлық инвесторлар Сауран ауданына қызығушылық танытып отыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қытайдан келген инвесторлармен кездесу өткізіп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобаларды талқылады. Кездесу барысында қытайлық кәсіпкерлер ауданның ауыл шаруашылығына қаржы салуға ниет танытып, жеміс ағаштарын аудан шаруаларымен бірлесе егу жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында қытайлық инвесторлар Сауран ауданында жеміс ағаштарын егу идеясы туралы өз пікірлерін білдірді. Олар ауданның ауа райы мен жер жағдайын ескере отырып, алғашқы жылдары 10 гектар жерге шабдалы ағаштарын аудан шаруаларымен бірлесіп егуге ниетті. Инвесторлар өздерінің өндірістік тәжірибесіне сүйене отырып, әр гектардан 45 тонна шабдалы алу мүмкіндігін алға тартты. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, алдағы бірнеше жылда өнім көлемін арттыру мақсатында аудандағы 750 гектар жерге жеміс ағаштарын егуге болатынын атап өтті.

Инвесторлар бұл жобаны тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, дайын өнім – шырын сусынын шығару арқылы өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөлуді көздеп отыр. Мұндай жобалар аудан тұрғындарының жұмыс күші үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қытайлық инвесторларға жер рәсімдеу процесі мен оның заңдық талаптары туралы ақпарат берді. Ол инвесторлардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, аудандағы жер жағдайы мен шаруашылық жүргізу мәселелері бойынша нақты түсініктеме берді. Мақсат Таңғатаров жердің қолайлылығы мен заңды рәсімдерге қатысты барлық мәселелерді алдын ала қарау қажеттігін атап өтті.

Әкім, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін меморандумға қол қоюды ұсынды. Бұл қадам екі тарап арасындағы серіктестіктің құқықтық негізін қалауға және жобаның тиімді жүзеге асуына мүмкіндік береді. Қытайлық инвесторлар да бұл ұсынысты қолдап, алдағы уақытта ресми келіссөздер жүргізілетінін айтты.

Келіссөздер барысында қытайлық кәсіпкерлердің нақты талаптары мен ұсыныстары қаралды. Атап айтқанда, инвесторлар алғашқы сынақ ретінде 10 гектар жерге шабдалы егуді бастамақ. Егер алғашқы егілген көшеттері 1 жылда Сауран ауданының ауа райына дағдыланса, өнім көлемін арттырып, аудан көлемінде егіс алаңдарын кеңейту жоспарланып отыр. Олар бұл жобаны тек ауыл шаруашылығы ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне де қолдау көрсету ретінде қарастыруда.

Инвесторлар, сондай-ақ, Сауран ауданында жеміс ағаштарын егу үшін қолайлы жерлерді таңдап, оларды нақты зерттеу үшін арнайы іс-сапарға баруды жоспарлап отыр. Бұл қадам инвестициялық жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңі болады.

Кездесу соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қытайлық инвесторларға ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы даму мүмкіндіктері мен болашағы туралы толық мәлімет беріп, жеміс ағаштарын егу жобасының аудан үшін тиімді болатынына сенім білдірді. Ол екі жақты тиімді серіктестік орнату үшін барлық қажетті қадамдарды атқаруға дайын екенін айтты.

Осы орайда тағы бір атап өтерлігі, жуырда ғана Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерімен кездесу өткізіп, аймақта жаңа кірпіш зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Кездесуде қытайлық «Шин Жиаң Жиңхуи» экологиялық материалдар компаниясы мен Сауран ауданы арасындағы ықтимал инвестициялық жоба талқыланды.

Бұл жоба бойынша зауыт Сауран ауданының аумағында орналасып, экологиялық таза кірпіш өндірісін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жобаның жүзеге асуы мақұлданды. Жоба құны 2,1 миллиард теңге деп бағаланып, іске қосылғаннан кейін зауытта 80 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Күніне 400 мың дана кірпіш өндірілетін зауыт аудан экономикасына айтарлықтай үлес қосып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Ербол Жанғазиев жаңа зауыттың ауданның құрылыс индустриясын дамытуға және экологиялық материалдардың өндірісін арттыруға маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Бұл жоба біздің аудан үшін үлкен мүмкіндіктер туғызады. Бір жағынан, зауыт экологиялық таза өнімдер өндіреді, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін экономикалық пайда әкеледі», – деді ол.

Сондай-ақ, зауыттың құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларының дамуына серпін беретіндігі айтылды. Қытайлық кәсіпкерлер өз тараптарынан зауыттың құрылысын жақын уақытта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Жоба іске асқан жағдайда, Сауран ауданының инфрақұрылымы мен экономикасы жаңа деңгейге көтеріледі. Ербол Жанғазиев Сауран ауданы әкімдігі тарапынан жобаны қолдауға және іске асыруға барлық қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Қытайлық инвесторлармен жасалған келіссөздердің нәтижесі Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды қадам болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin