Түркістан облысы: “Үздік ІТ ұстаз” 2024 облыстық турнирінің сәуір айындағы қорытынды кезеңі аяқталды

Турнирдің мақсаты цифрлық сауаттылықты тереңдету және жаңа цифрлық контенттерді игеру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, мұғалімдердің кәсіптік бағдарлануына қызығушылықты арттыру болып табылады.

Қатысушылар «codeforce.com» платформасында бағдарламалау мен алгоритмдік есептерді шығарып, контест жазды.

Айлық кезеңнің қорытындысы бойынша жүлдегерлер төмендегіше анықталды:

І орын – Ш.Анартаев, Сайрам ауданы;

ІІ орын – Д. Сыздиков, Түркістан қаласы;

ІІІ орын — З.Мирзараимов, Түркістан қаласы.

Жүлдегерлер биыл мамыр айында болатын жылдық финал кезеңге жолдама алды.

Есептерді дайындаған — Спорттық бағдарламалау федерациясы.

Бұдан бөлек Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығының» жылдық жоспарына сәйкес, «Ақпараттық технологиялар» кафедрасы «45 минут» оқу-ағарту бағдарламасында «Үздіктен үйрен» «ROBOTUR» IV облыстық байқау жеңімпаздарының тәжірибесі» тақырыбында тәжірибе алмасу мақсатында эфир болып өтті.

«ROBOTUR» ІV облыстық мұғалімдер арасындағы байқауының жалпы есептік кезең бойынша жеңімпаздары «Qazygurt» құрама командасы қонақта болды. Команда байқауға дайындықтары қалай жүргізгенін, ұсынған инновациялық жобаларын түсіндіріп, әр ойын санаты бойынша қалай жұмыс жасағанын айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті, өңірдегі білім беру ұйымдарының педагогтері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жүргізуші: Білім беруді дамыту орталығы «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының әдіскері Тұрғанбек Назгүл Орынбасарқызы.

Сонымен қатар Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ 2024-2025 жылдарға арналған облыстың жол картасы аясында және орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 25 сәуір күні Бәйдібек ауданы білім бөліміне қарасты «Жолғабас» негізгі орта мектебі базасында «Шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттырудың тәжірибелік негіздері» тақырыбында шебер-сынып өтті.

Аталған аймақтан шебер-сыныпқа директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдері мен аудандық білім бөлімінің кабинет меңгерушісі мен жауапты әдіскері қатысты.

Бағдарлама аясында шебер-сыныптың ашылуы мен мақсаты таныстырылып,

  • «Сабақты зерттеу-мұғалімнің кәсіби жетілуіне бағыттау үдерісі» тақырыбында тренинг,
  • Қазақ әдебиеті пәнінен «Нағыз әже қайда?»,
  • Химия пәнінен «Тұздар, тұздардың қасиеттері»,
  • Физика пәнінен «Ядролық реакциялар. Радиоактивті ыдырау заңы»,
  • Қазақстан тарихы пәнінен «Ы.Алтынсарин-Жаңашыл педагог» тақырыптарында ашық сабақтар көрсетіп, тәжірибе алмасты.

Қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан шағын елді-мекендердегі мектептердің басым көпшілігі – шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептер саны тәуелсіздік алған жылдардан кейін жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі, жастардың ауылда тұрақтамауы шағын мектептер санының жыл сайын көбеюіне әкеліп отыр. Зерттеу бойынша Қазақстан оқушыларының әрбір алтыншы оқушысы шағын жинақталған мектептер жағдайында оқиды және әрбір төртінші мұғалім жағын жинақталған мектептерде сабақ береді.

Шағын жинақты мектептер оқушылардың санына қарай 3 түрге бөлінеді:

1) бастауыш шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 5-40 адамға дейін;

2) негізгі шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 41-80 адамға дейін;

3) орта шағын жинақты мектеп – білім алушылардың саны 81-180 адамға дейін;

Шағын жинақты мектептегі әрбір білім алушының табысты әлеуметтенуіне, кәсіби тұрғыда өзін-өзі тануына, өзін-өзі қалыптастыруына, өмір бойы білім алу мен өзін-өзі жетілдіруіне ықпал ететін қазіргі заманғы сапаллы білім алуы үшін жағдай жасау – бұл әрбір шағын жинақты мектептің алдына қойған мақсаты.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында шағын жинақты мектеп оқушыларының саны аз, біріктірілген сынып-комплектісі бар жалпы білім беретін мектеп деп көрсетілген. Шағын жинақты мектеп тұрғындарының саны аз аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. Қазіргі таңда шағын жинақты мектеп біріктірілген сыныптармен және толық емес сыныптармен жұмыс жасайды. Мектеп құрылымы бұлай өзгеше аталғанымен, мұндағы білім беру мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Шағын жинақты мектептер төмендегідей мақсаттарды алдына қойып жұмыс істеп жатыр:

— шағын жинақталған мектеп оқушыларына жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес білім беру;

— мектеп түлегінің функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;

— оқушылардың қабілеттерін дамыту, өмір бойы үздіксіз білім алуын, өз бетімен білімін жетілдіруін қалыптастыру;

— ауыл шаруашылығы мамандығына бағытталып, ауыл мәдениетін, экономикасын дамытуға үлес қосуы.

Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие қызметіндегі қиындықтар осы мектептерге, біріктірілген сыныптарға арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың болмауынан туындап отыр. Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің аздығы салдарынан шағын мектептерде бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура келеді. Біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Осыған байланысты әр сыныпқа жаңа сабақты түсіндіру кезінде мұғалім сабақ уақытының белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Біріктірілген сыныптардағы сабақтарды ұйымдастыру кез келген мұғалімнен, әсіресе жас мамандардан шығармашылық ізденісті, кәсіби жоғары шеберлікті талап етеді. Мұның өзі шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында сабақ өткізуде мұғалімдерге көмекші болатын әдістемелік құралдардың қажеттілігін туындатады.

Шағын жинақталған мектептердің проблемалары мен қиыншылықтары өте көп. Әсіресе, бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы төмен. Ең негізгі проблемалардың бірі – материалдық-техникалық базасы нашар болуы. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер мен зертханалардың болмауынан зертханалық тәжірибелер жүйелі жасалынбайды. Көрнекі құралдар қоры ескірген, кітап қоры аз. Сондай-ақ интернет желісі нашар немесе мүлде қосылмаған мектептер де баршылық. Кадр тапшы және шағын жинақталған мектеп үшін арнайы маман жоқ. Сондықтан бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді. Мұның үстіне шағын жинақты мектепте бала саны аз болғандықтан, сыныптар топтастырылып сабақ өтетінін ескерсек, оқушының мемлекеттік бағдарламаны толық игеріп, жан-жақты сапалы білім алуына қиындық туғызып отыр.

Шағын жинақты мектептерде оқушылардың білім деңгейін мемлекеттік стандарт дәрежесіне көтеру, оқу тәрбие жұмысының мазмұның жақсарту – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Шағын жинақталған мектептерде мұғалімнің негізгі мақсаты: бағдарлама мен мектеп белгілеген жоспарды орындап шығу екені белгілі. Бұл үшін шағын жинақты мектепте оқу-тәрбие үрдісін кіріктіре оқытудың әдістерін тиімді пайдалана отырып өткізу керек. Екі сынып қатар оқытылатындықтан сабақ кестесін әзірлеу, оқушылардың өздері орындайтын жұмыстарын шебер ұйымдастыру, сабақ уақытын дұрыс пайдалану мәселесі де туындайды.

Кіріктірілген сабақтарда оқушыға өзі өмір сүретін орта туралы, құбылыстар мен заттардың байланысы жайында ауқымды және айқын түсінік беріледі. Мұнда негізгі басымдылық қандай да бір білім көлемін игеруге емес, бейнелі ойлауды дамытуға беріледі. Шағын жинақталған мектепте кіріктіріп оқытудың бұл ерекшеліктері алдыңғы алған білімін қайта жаңғыртуға көмектеседі. Бұл байланыс оқыту барысында нақты жаттығулар мен тапсырмалар арқылы нығая түседі. Осы ерекшеліктерді ескере отырып шағын жинақты мектептердің мұғалімдеріне мынадай талаптар қойылып отыр:

— өздігінен білім көтерудің тиімді әдістерін таңдай білу;

— шағын жинақталған мектеп жағдайына қарай бейімдеу, оқу үрдісін сапаландыру;

— әртүрлі жастағы оқушылар ұжымын басқара білу;

— оқушылардың бірін-бірі өзара білім алуды сапаландыру бағытын дамыту;

— оқушылардың бір отбасы балалары сияқты болып, өзін-өзі басқара білуін ұйымдастыру;

— оқушылар арасындағы бір-біріне деген сенімділігін және сыйластықтарын арттыру;

— оқушылардың ата-аналарын қоғамдық-педагогикалық жұмыстарға қатыстыру.

Шағын жинақты мектеп мәселесін оңтайлы шешудің бір жолы жаңа білім беру кеңістігін құру болды. Ол үшін материалдық-техникалық базасы мықты толық білім беретін мектептерден ресурстық орталықтар ашылады. Ресурстық мектеп – бұл шағын жинақты мектеп оқушыларына бейімделген, әр деңгейлі, көп сатылы, саралай және терең білім алуына жағдай жасайтын, оқу-тәрбие дамуын бағыттап отыратын ауыл мектебі. Шағын жинақты мектеп жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы білім беру, ғылым мен мәдениет және т.б. салаларда ақппараттардың халықаралық дереккөздерін, электрондық оқу материалдарын пайдаланады, тірек мектебімен (ресурстық орталықпен) байланыс орната отырып, оларддың білім қорларын пайдаланады, қашықтан оытуды жүзеге асырады. Жақын орналасқан шағын жинақты мектептерді біріктіретін, білім беру ұйымы болып табылатын тірек мектептер (ресурстық мектептер) оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай туғызады. Тірек мектептердің қорларын қолдану негізінде білім сапасы, мектептердің педагогикалық өзара қарым-қатынасы, тәжірибе алмасу жүйесі дамытылады.

Шағын жинақталған мектептердің проблемалары өте көп. Бірақ соған қарамастан шағын жинақталған мектептердің ауыл жағдайына прогессивті маңызы бар:

— мектеп — ауылдағы негізгі мәдениет орталығы;

— жастардың ауылда тұрақтануына әсер етеді;

— ауылдың рухани мәдениетін көтереді (тақырыптық кештер, кездесулер, т.б.);

— мұғалімдер ата-аналармен етене жақын жұмыс істейді, себебі, бәрін таниды;

Сонымен қатар шағын жинақты мектептің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар:

— балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын арттыруына, отбасын жақын тануына көп мүмкіндік бар;

— дәптер тексеруге, жеке-дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады;

— оқушылардың тәртіп бұзушылығы да аз болады;

— оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді;

— бір оқу бөлмесінде күндделікті бірге болғандықтан, жоғары сынып оқушылары кіші сынып оқушыларына көмек береді;

— әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, олардың білім, білік, дағдыларынының деңгейлерін көтеруге мүмкіндік мол;

— аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кеңінен қолдануға тырысады;

— оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанмен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;

— оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін жаәне бағалауын жүзеге асырады;

— үлкен сынып оқушысы төменгі сыныптың жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік туады.

Шағын жинақты мектеп мәселелері еліміздің барлық өңіріне тән жағдай. Мемлекет тарапынан шағын жинақты мектептерді дамыту мен оның жұмыс жүйесінің назарға алынуы, қолдау көрсетуі еліміздің рухани-мәдени ошағына айналған ауыл мектебін сақтап қалуға қосып жатқан үлесі деуге болады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin