Түркістан облысы: Ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың туған ауылы Ақсүмбеде ақындар айтысы өтті

Түркістан облысының Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде қайраткердің кіндік қаны тамып, туып өскен ауылы Ақсүмбенің төрінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты республикалық думанды ақындар айтысы өтті.

Тағылымды шара барысында зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл-шоқтарын қойды. Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Содан соң шараның өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз насихатталды. Айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековтен бастап, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдәулет Өмірбеков пен Сіламхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Жыр додасына айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілқайыр Сыздықов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұр жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Қорытындылау сәтте жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ақсүмбенің төрінде бұдан бөлек «Алаштың айбатты арысы – Сұлтанбек» атты мерекелік концерті ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй орындады. Өз өнерлерін паш етті. Шараға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар мерекелік кешті шат-шадыман күйде тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған іс-шараның алғашқы күні Шолаққорғанда өткізілді. Алдымен іс-шараға қатысушылар Шолаққорған ауылындағы Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң Сұлтанбек Қожановтың музейімен танысты. Тұлға жайлы бейнетуынды көрсетілді. Әрі қарай «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Шығармашылық демекші, Белоруссия Республикасының Пастава қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.

Түркістан облысының Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.

Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді тағы басқа 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылы «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді. Қазіргі таңда республикалық, облыстық іс шараларға қатысып өнер жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Өзбекстан Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалінде бас жүлде иемденген болатын. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени көпшілік іс-шараларының, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатты, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin