Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бәйдібек ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысын қадағалап шықты

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Бәйдібек ауданына іссапармен барды. Сапар барысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов және аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.

Алдымен Ақбастау ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Биылғы жұмыстарға 200 000 000 теңге бөлінген. Мектептің қуаттылығы – 1200-ге жуық. Жауаптылар және мердігермен кездесіп, нысанның күрделі жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын ескертті. Жөндеу жұмысының сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда екендігін айтып, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Одан соң Тұрақты елді мекеніндегі ағымдағы жөндеуден өткен Ж.Жүнісбеков жалпы орта мектебін аралап көрді. 150 орындық білім ұясындағы ағымдағы жөндеу жұмысы қатаң бақылауда тұр. Сонымен қатар осы елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік тірек нысанының жер телімін көріп, құрылыс нысанын орналастыру жобасымен танысты.

Күрделі жөндеу демекші, Түркістан облысында 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемінің жалпы сомасы 80 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда 66 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл ретте күрделі жөндеуге қажетті қаржы 50,4 миллиард теңгені құрап отыр.

2024 жылға 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,7 миллиард теңге қаржы қаралды. Тарқата айтсақ, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен 7 мектеп (2,7 миллиард теңге), облыстық бюджеттен 15 мектеп (4,9 миллиард теңге) күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 5 мектепті («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен – 3, облыстық бюджеттен – 2) ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне пайдалануға беру жоспарланған. Ал, қалған 17 мектеп («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен — 4, облыстық бюджеттен — 10) келесі жылға өтпелі.         

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары жергілікті тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-ұсыныстарын тыңдады. Ауылдарды ауыз сумен, электр энергиясымен сапалы қамтамасыз ету, мектепке қосымша жай салу және ішкі газ құбырлары жүйесін жүргізу жұмыстарындағы мәселелерді талқылап, оның шешу жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ жауапты бөлім мен мекеме басшыларына заң талаптарына сәйкес тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді жергілікті деңгейде шешу шараларын қарастыруды тапсырды.

Боралдай дәрігерлік амбулаториясында болып, күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Бұл нысанға бюджеттен 768 миллион теңге қаралған. Мердігерге биыл дәрігерлік амбулаторияның күрделі жұмысын жобаға сәйкес өз уақытында әрі сапалы аяқтау қажеттігі жөнінде ескертілді.

Естеріңізде болса, жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек тұрғындарымен кездесуінде: «Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, анықтап, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керек. Бұл ретте ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту маңызды» — деген орамды ойлар мен тиімді ұсыныстар айтқан-ды.

– Біз мемлекеттік бюджет есебінен инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ әр ауданның өзіндік табысы, кірісі молаюы керек. Ол үшін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту аса маңызды. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Ізденіс, талпыныс, ниет қажет. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Осыған орай өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Бұл жұмыстар Бәйдібекте де жандануы тиіс. Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 1,7 миллиард теңге бөлініп, 10 елді мекенде 24 жоба іске асты. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,3 миллиард теңгеге 199 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық бағытта индикаторларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Кейбір салалардағы кемшіліктерге тоқталып, тиісті шешім қабылдауды міндеттеді.

Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың сөзіне сүйенсек, жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 3 жылда 29 пайызға өсіп, былтыр 61 миллиард теңгені құраған. Биыл 5 айда 15 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Биыл 5 айда өзіндік кірістер 1,2 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 21 млрд. теңге болса, былтыр 27 миллиард теңгені құраған. 2024-2025 жылдары шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 24,9 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру арқылы 254 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Ауданда түсті металл мен құрылыс материалдарының қоры анықталған. Осыларды игеру үшін тиісті ұсыныстар берілуде.

Бәйдібек ауданында алдағы жылдары жалпы құны 27 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 182 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Оның ішінде өңдеу, туризм, агроөнеркәсіп, баламалы электрмен қамту және басқа да кәсіпкерлік салалары бар.

«Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 29,4 миллиард теңгеге жеткізу көзделсе, ауыл шаруашылығының өнім көлемін 40,9 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, өткен жылы 3 184 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Жұмыспен қамту шаралары биыл да өз жалғасын табатын болады. 2024 жылы 2 495 адам жаңа жұмыс орындарына жолданбақ. Биыл аудан бойынша жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Олардың ішінде аудандағы Ағыбет және Бәйдібек ата елді мекендерінде дене шынықтыру және сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Одан бөлек, Шақпақ ауылында спорт кешенін, Амансай ауылында мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Ұлттық қордан қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, биыл аудандағы Боралдай елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізіліп, «Ұлттық жоба» аясында екі медициналық тірек пен екі дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, 2024 жылы аудандағы 15 елді мекенде балалар және спорт ойын алаңшалары салынады», — дейді аудан басшысы.

Айта кетсек, аудан аумағында орналасқан 21 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бүгінде 12 елді мекен мен 1 мөлтек ауданға газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бүгінде аудандағы 50 елді мекеннің 44-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары биыл жалғасын табады.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, спорт кешенін салу, электр қуатының сапасы және өзге де мәселелер бойынша өтініштерін айтты. Жеке қабылдауда да өзекті түйткілдер тарқатылып, барлық өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды.

Бейсенбай Дәулетұлының жұмыс сапары Боралдай ауылдық округі Амансай елді мекенінде жалғасты. Аталған елді мекендегі Домалақ ана атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекемеге және жауапты мекеме басшыларына жөндеу жұмысын сапалы жүргізуді, белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді. Бұл мектептің қуаттылығы – 200 оқушы. Сонымен қатар осы елді мекендегі мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын бақылап, мердігер мекемеге өңір басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды өз уақытында ел игілігіне беру керектігін айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin