Түркістан облысы әкімінің орынбасары білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын пысықтады

Түркістан облысының білім беру нысандарындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары сапалы және мерзімінде аяқталуы тиіс. Кеше облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тиісті басқарма өкілдерімен және аудан, қала әкімдерінің жауапты орынбасарларымен бірге осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жиынға мердігер компанияның өкілдері де қатысты.

– Жаңа оқу жылының басталуына бір ай ғана уақыт қалды. Биыл 300-ден астам білім беру ұйымында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде балабақша, мектеп және колледждер де бар. Жалпы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен тозығы жеткен немесе апатты жағдайдағы білім ұяларын реттеу, қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл мақсатқа тиісті қаражат бөліп, ел игілігі үшін бағыттап отырмыз. Енді мерзімінде тиісті жұмыстарды аяқтаңыздар. Үлгереміз деп сапаны ұмытып кетпейік. Мектептің сыртқы жұмыстары да оқу процесіне кедергі жасайды. Бейжай қарамаңыздар. Екі ауысыммен жұмыс істеңіздер. Жұмыс күші жетпесе, оны шешейік, – деген Бейсенбай Дәулетұлы құрылыс барысы қатаң бақыланатынын жеткізді.

Жиын барысында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов баяндама жасап, жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Қазіргі уақытта мектеп саны 1052-ге жетті. Соның ішінде 193 мектеп пен балабақшада, 12 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 7-і «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 5-еуі жаңа оқу жылында халықтың игілігіне тапсырылады. Қалған мектептерге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Сонымен қатар 106 білім нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылмақ.

Төлеби ауданында мектептер жаңаруда

Тақырыпқа орай тілге тиек етер мәселе, Түркістан облысының Төлеби ауданында білім беру мекемелерінің ғимараттары жаңартылады. Бүгінде 68 мектептің біреуінде жаңа ғимарат құрылысы жүргізілсе, 3 білім ошағы ғимаратында күрделі жөндеу, 43-де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бірінші мамыр ауылдық округі Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектебінің құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңда 90 пайыздан астамы жүргізіліп, 2024-2025 оқу жылының басына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Мердігер мекеме — «Дос и К сервис» ЖШС. Құны — 925 миллион теңге. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Сондай-ақ, Көксәйекте аудандық саз мектебі ғимараты құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында ауданда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар: Қосағаш елдімекеніндегі — 300 орындық, Көксәйек елдімекеніндегі — 600 орындық, Достық елдімекеніндегі — 900 орындық мектеп ғимараттары. Бұл мектептің үшеуі де 2024 жылдың соңына пайдалануға беріледі деп көзделген. Оған қоса, Қостөбе шағын жинақты, Қазақстан, Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектептерінің ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Төлеби ауданындағы жалпы білім беру мекемелерінің саны – 126. Оның ішінде 68 мектеп, 56 балабақша, 4 мектептен тыс мекеме, аудандық оқушылар үйі, аудандық саз мектебі, қалалық балалар саз мектебі, көркемсурет мектебі бар.

Түлкібас ауданында жаңа мектеп салынып, 8 білім ұясы ағымдағы жөндеуден өтуде

Сонымен қатар Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Бақыбек мөлтек ауданындағы 300 орындық заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда қабылау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған білім ордасына арнайы табан тіреп, атқарылған жұмыстарды саралады.

Үш негізгі корпустан тұратын білім ұясында балаларға орта білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Іші толық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған, жаңа оқу жылына дайын. Жолды реттеу жұмыстары ғана қалып отыр. Аудан басшысы аталған мәселені тездетіп шешу мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, мерзім белгіледі. Сонымен қатар білім бөлімінің мамандары мен тиісті мекеме басшыларына балалар қауіпсіздігін қатаң сақтау үшін мектеп айналасындағы құдықтардың бетін бітеп, трансформаторларды дереу қоршау қажеттігін ескертті.

Бұдан соң аудан әкімі қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатқан Жанкент мектебіне арнайы барып, ол жердегі атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мектеп сыртын қаптау жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде толық аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда дәл осындай жеті мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Алғабас мектебі аяқталған болса, Молдағұлова мектебінде жұмыс атқарылуда.

Аудан әкімі Ынтымақ ауылындағы А.Оразбаева мектебінде болып, жаңа оқу жылына дайындық барысын қадағалады. Өткен жылдан өтпелі болып, күрделі жөндеуден өткен мектептің директорына мектеп ауласын көріктендіру, көгалдандыру бойынша біршама ескертпелер жасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin