Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сайрам ауданындағы инфрақұрылым, мәдениет және әлеуметтік нысандарының мәселелеріне назар аударды

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Ең алдымен Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қарабұлақ ауылында қазіргі таңда 53 мыңнан астам халық бар. Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, мәселені түбегейлі шешу проблемасы тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген болатын.

Бүгінгі таңда «Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, су резервуарларының қоршау, су ұңғысын қазу және су құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен іске асырылғаннан кейін ауыл тұрғындары ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарындағы құқық қоғау органдарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда өңірлердегі саяси қоғамдық ахуалдың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер пысықталды. Жиында өзекті мәселерді шешу, оларды алдын алу бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.

Мұнан соң Ертай Кенжебекұлы Қарабұлақ ауылының мәдениет үйінде болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1977 жылы салынған ауылдық мәдениет үйінің тозығы жетіп, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жауаптыларға ғимарат құрылысы үшін сметалық құжаттамаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Ауданға жасаған жұмыс сапары Қарабұлақ ауылында орналасқан №41 Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінде жалғасып, мектептің ахуалы ортаға салынды. 1968 жылы 904 оқушы орынға арналып салынған мектепте бүгінде 1 428 оқушы білім алуда. Мектептің тозығы жетуіне байланысты техникалық қорытынды алынған. Егер ескі ғимарат бұзылса орын тапшылығымен 3 ауысымға өту қаупі туындайды.

Бұл мәселені шешу мақсатында мектепке қосымша 500 орындық оқу корпусын салу үшін сметалық құжат әзірленген. Облыс әкімінің орынбасары мәселені арнайы хаттамаға түсіріп, бақылауға алынатынын жеткізді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты.

Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлініп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында 2023 жылы іске қосылған «OZGE» спорт кешеніне арнайы барды. Аталған нысан жеке кәсіпкер тарапынан салынып, 450 млн. теңге инвестиция тартқан. Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған. Қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған. 351 адам аталған спорт түрлерімен айналысады.

Манкент ауылдық округінде жаңа типтік үлгідегі үш тілде оқытылатын 1200 орындық Әл-Фараби жалпы орта жекеменшік мектебі орналасқан. Жекеменшік мектеп 2022 жылы жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов тарапынан салынған. Қазіргі таңда білім ордасында қазақ, орыс және өзбек тілдерінде білім береді. Аталған білім нысанына табан тіреген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мектеп басшылығы және ұстаздармен кездесті.

Сонымен қатар Ақсу ауылындағы «Рахмет» медиа-студиясына барып, жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары медиа-студияны жаңа деңгейге көтеру, рухани бағытта жаңа жобалар әзірлеу керектігін жеткізді.

Одан соң, аудандағы діни саланың жағдайын талқылау мақсатында «Дәулет баба» мешітінде дін саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында діни қызметкерлер өзекті сауалдарын қойды және аудан аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасты.

Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды. Жауаптылармен және мердігермен кездескен Ертай Алтаев маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуі облыс әкімінің қатаң бақылауында екендігін айтып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. 600 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Білім ошағы осы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin