Түркістан облысы әкімінің орынбасары өңір тұрғындарын жеке қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады

Түркістан облысының тұрғындарын жеке қабылдау тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облыс әкім Дархан Сатыбалды мен оның орынбасарлары халық үніне құлақ асып, мәселелерді оңтайлы шешу бағытында жұмыс атқаруда.

«Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті рет жеке қабылдау өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров өзі жетекшілік ететін салалар бойынша өңір тұрғындарын жеке қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Жеке қабылдауда тұрғындар кәсіпкерлік, қаржы саласына қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен, кентаулық жеке кәсіпкер құс шаруашылығын кеңейтуді көздеп отырғанын жеткізіп, мемлекет тарапынан 220 миллион теңге жеңілдетілген несие алуға қолдау көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік қолдаулардың тәртібі мен шарттарына тоқталып, өтініш иесіне кепілдіксіз несие қарастырылмайтындығын жеткізді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасының басшысына мәселені жан-жақты қайта қарап шығуды тапсырды.

Түркістан қаласының тұрғыны ЖК «Айгүл» және «Жарық-Тазалық» ЖШС арасындағы келісімшарт негізінде орындалған жұмыстарының қаржысын уақтылы аударуға ықпал етуді сұрады. Нұралхан Көшеров Түркістан қаласы әкімінің орынбасарына мәселені зерделеп, жеке кәсіпкерлер алдындағы берешекті тез арада өтеуді тапсырды.

Айтпақшы, облыс орталығына байланысты тілге тиек етер ақпарат, Түркістан қаласында 2021 жылдан бастап 3 жылда қоғамдық көліктер 100%-ға жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы 40 автобуспен толықты. Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобус қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бағыттарда 300-ге жуық жүргізуші қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жолаушылар 2 тасымалдаушы мекемеге тиесілі, сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалданады. Олардың бірі «Жолаушы» ЖШС қала тұрғындарына сапа стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Автобустар заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы болуы үшін пандуспен жабдықталған, төмен табалдырықты автобустар қызмет көрсетуде. Олар қоршаған ортаға зияны жоқ Еуро-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.

Расын айту керек, облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95%-ға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр.

Сондай-ақ қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолдаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25-тен аса хаттама толтырылды.

Сөз соңында айтарымыз, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің қабылдауына келген азаматтарға әрбір өтініш бойынша заң шеңберінде жұмыс жүргізілетіні айтылды. Жауапты сала басшыларына ой-пікірлерді назарға алып, мәселелерді шешуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin