Түркістан облысы әкімінің орынбасары экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін, қайта өңдеу саласын дамытудың мемлекеттік қолдау бойынша жаңа тетіктерін жүзеге асыру қажеттігін айтты

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті Түркістан қаласында көкөніс шаруашылығы саласы мен суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді. Оған Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев жетекшілік етті. Көшпелі отырыста депутаттар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің өкілдерімен елімізде көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын, суармалы егіншілік мәселелерін талқылады. Отырыс барысында ішкі нарықты жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етудегі өңірлік ерекшеліктер мен тежеуші факторлар, сондай-ақ саланың басқа да өзекті мәселелері қаралды.

Маңызы зор жиынға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек, Ұлттық экономика министрлігінен — Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары – Қосымбаев Тимур Ернатұлы, Сауда және интеграция министрлігінен – Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әбілдабеков Айдар Ахметбекұлы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен – Су ресурстары комитетінің Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хансейтов Сағдат Батырбекұлы, Ақтөбе облысының әкімдігінен – әкімнің орынбасары Абдуллин Мавр Ерғалиұлы, Мәжіліс депутаттары Мәмбетов Еркебұлан Нұрмағамбетұлы, Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы, Қожаназаров Айдарбек Асанұлы, Сұңқар Ислам Еркінұлы, Нажметдинұлы Болатбек, Елеуов Ғалымжан Алмасбекұлы, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, «Түркістан облысы мен  Шымкент қаласының жылыжай жұмыскерлері және бағбаншылар қауымдастығы» ЖКЗТБ-нің Президенті Сынабаев Мырзахмет Сыпабекұлы және жергілікті шаруа қожалықтарының және салалық қауымдастықтың өкілдері шақырылып, тақырыпқа қатысты сөз сөйледі. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы облыс әкімдігінің ғимаратында өтті.

«Бүгін Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті көкөніс шаруашылығының және суармалы егіншіліктің өзекті мәселелерін талқылау үшін қасиетті Түркістан топырағында алғашқы көшпелі отырысын өткізіп отыр. Осы орайда, облыс басшылығына және баршаңызға бүгінгі отырысымызды ұйымдастыруға атсалысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін.

Бүгінгі жиынымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде  халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналады. Ал, ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну.

Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің –  76 %-ын, бақша өнімдерінің –  64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді.

Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25  %-ы облысқа тиеселі (548,2 мың гектар).

Сонымен қатар, республика халқының 2 миллионнан астам адамы осы өңірде тұрады Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2 119 000 адам. Міне, осының барлығы таңдауымызға себеп болды.

Кеше біз облыс аумағындағы бірнеше ауыл шаруашылықтарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар  бар екенін тағы аңғардық.

Енді, бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау» — деді Серік Егізбаев.

Мұнан соң Серік Рахметоллаұлы: «Жұмыс тәртібін келісіп алайық. Облыс әкімдігінің өкіліне, Ауыл шаруашылығы вице-министріне баяндама жасау үшін, содан кейін депутаттарға және қоғамдық ұйымның өкіліне сөз берейік. Барлығы алдын ала сөз сұрап, жазылған 6 адамға бастапқы сөз береміз. Содан кейін басқа да қатысушылар ерікті түрде сөйлей алады. Баршаңызды талқылауға белсенді түрде қатысуға шақырамын.

Сонымен, негізгі баяндамашыға — 15 минут, ал қалған сөз сөйлеушілерге 7 минутқа дейін беріп, одан кейін сұрақ-жауаптар мен талқылау рәсіміне көбірек уақыт қалдырсақ. Талқылауға қатысатын адамдарға 5 минутқа дейін уақыт беруді ұсынамын.

Осындай жұмыс тәртібімен келісесіздер ме?

Қарсылықтарыңыз жоқ па?

Онда, осы жұмыс тәртібін бекітеміз, баршаңыздан көзделген уақыт регламентін қатаң сақтауды сұраймын. Бөлінген уақыт регламентінің сақталуын қадағалау үшін timekeeper ретінде біздің Комитеттің хатшысы Мәмбетов Еркебұлан Нұрмағамбетұлын тағайындасақ. Бұл отырыс жұмысын оңтайлы  ұйымдастыруға мүмкіндік береді» — деп көшпелі отырыстың жұмыс тәртібін белгілеп алған соң алғашқы сөз тізгінін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына берді.

«Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 триллион теңгеден асты»

Әдепкі сөзін облыс әкімінің орынбасары: «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысын Түркістан облысында ұйымдастырлып отырғанына ризашылығымызды білдіреміз», — деп бастады да, негізгі мәселеге ойысты.

«Өздеріңізге белгілі, климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады.

Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр, өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өтуде.

Осы тұрғыда, Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде.

Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 триллион теңгеден асты.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336,4 миллиард теңгеге жеке инвестициялар тартылды.

Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыстың үлесі жоғары. Өндірілген мақтаның — 100 пайызы, жүзімнің — 74 пайызы, бақшаның – 59 пайызы, жеміс-жидектің — 35 пайызы, мақсарының — 29 пайызы, жүгерінің —
26 пайызы, көкөністің – 24 пайызы және өндірілген еттің — 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы облысқа тиеселі.

Еңбек өнімділігін арттыруда, қарқынды бау, су үнемдеу технологияларын ендіру, жылыжай шаруашылығын дамыту, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобаларын ендіруді жүйелі дамыту үстіндеміз.

Өздеріңіз кеше танысып өткендей, мемлекет тарапынан «Ауыл аманты» жобасы аясында ағымдағы жылға 19,8 миллиард теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз.

Дегенмен де, бүгінгі күннің өзекті мәселесі:

— Ауыл шаруашылығында өнімді кепілді ұлғайту үшін, ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалану, жаңа құрылыстар, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіруді мүмкіндігінше қолға алу қажет.

— Экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін, қайта өңдеу саласын дамытудың мемлекеттік қолдау бойынша жаңа тетіктерін жүзеге асыру.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, елімізде су саласын дамытудың жобасы әзірленуде және ҚР АӨК дамытудың Ұлттық жобасы оның ішінде субсидиялау механизмдерін жетілдіру мәселелері жан-жақты пысықталуда.

Осыған орай, Құрметті мәжіліс депутатары, аталған бағдарламларды қарастыру барысында өңірлердің ерекшелігіне орай, даму басымдылықтарына және қаржының қажетті көлемде бөлінуіне қолдау білдірулеріңізді сұранамыз» — деді Ермек Кенжеханұлы.

Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабек баяндама жасап, Мәжіліс депутаттары Айдарбек Асанұлы Қожаназаров, Болатбек Нажметдинұлы мінберге шықты. Көкейкесті мәселелерді ортаға салды.

Түркістан облысында қазіргі уақытта жылыжайлар көлемі 1 490 гектарды құрайды, бұл — республикалық көрсеткіштің 71 пайызы

Соңыра Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Үсенбекұлы Оспанов сөз алды.

«Сіздерге 2023 жылғы Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарының барысы, ағын сумен қамтамасыз ету және ағын сумен қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер туралы баяндап өтуге рұқсат етіңіздер» — деген оның баяндамасы былайша өрбіді: «Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 860,0 мың гектарға (2022 жылы – 860,9 мың гектар) орналастыру жоспарлануда, яғни өткен жылдың көлемінде. Оның ішінде:

Дәнді дақылдар — 318,0 мың гектар (+4,3 мың гектар);

Мал азықтық — 227,7 мың гектар (+6,7 мың гектар).

Көкөніс, бақша, картоп — 129,1 мың гектар (+9,7 мың гектар);

Майлы дақылдар — 73,5 мың гектар (-6,3 мың гектар);

Мақта — 111,4 мың гектар (-14,9 мың гектар);

Бүгінгі күнге, жоспарланған жаздық егістіктің (496,8 мың гектар) 453 мың гектары егілді (91%).

Анықтама: масақты дақылдар — 76,4 мың гектар (102%), жоңышқа — 47,7 мың гектар (104%), 46,5 мың гектар дәндік жүгерінің 34,6 мың гектары (74%), 44,9 мың гектар көкөністің 36,9 мың гектары (82%), 15,3 мың гектар картоптың 12,9 мың гектары (84%), майлы дақылдар — 74,2 мың гектар (101%), 68,9 мың гектар бақша дақылдарының 61,9 мың гектары (90%), 111,4 мың гектар мақта дақылының 105,8 мың гектар (95%) егілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48,2 мың тонна (ақпан айына – 13,8 мың тонна, наурыз – 13,0 мың тонна, сәуір – 11,4 мың тонна, мамыр – 10,0 мың тонна) жанармай бөлінді. Бөлінген 34,4 мың тонна жанармайдың құны толығымен төленді, оның 31 мың тоннасы агроқұрылымдарға босатылды. (Бағасы 204-206 литр/теңге). Босату жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына 6,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде 497 түрлі минералды тыңайтқыштардың құны 50 % субсидияланып, 331,3 мың гектар егістікті тыңайту жоспарлануда. Қазіргі таңда субсидиялауға 4 096 өтінім түсіп, 2 156 өтінімге оң шешім қабылданды (1,6 миллиард теңге).

Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделді. Меморандум негізінде, «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын есепке ала отырып, облысқа жалпы көлемі 60,0 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілді. Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймада 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы («ҚазАзот» АҚ Сарыағаш ауданы базасында, Шымкент қаласының Қызылсай қоймасында).

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 11,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, 1293 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылды. Ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде АШТӨ-н несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды.

Жалпы дала жұмыстары қалыпты деңгейде мерзімінде жүргізілуде.

Салада еңбек өнімділігін арттыру үшін озық жаңа тәсілдерге басымдылық берудеміз.

Атап айтқанда:

Облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді.

Қазіргі уақытта облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,7 мың гектарды құрайды.

Бұрын баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болса, қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.

2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 8,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бұл облыс халқының алма өніміне қажеттілігін 3 есе қамтамасыз етуге мүміндік береді, сондай-ақ, елімізде алма экспортының әлеуетін арттыруға жол ашылады.

Ағын суды тиімді пайдалану, су шығынын төмендету мақсатында ылғал үнемдеу технологиялары ендірілуде.

Облыста су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқап 27,1 мың гектарды құрайды.

Оның ішінде, 21 мың гектарға тамшылатып суғару технологиясы, 6,1 мың гектарға жаңбырлатып суғару машиналары орналастырылған.

Сонымен қатар, облыста жылыжай шаруашылықтарын дамытуға агроқұрылымдардың қызығушылықтары артуда.

Бұл еліміздің халқын жыл бойына жаңа көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жылыжайлар көлемі 1 490 гектарды құрайды немесе республикалық көрсеткіштің 71 пайызы.

Былтыр өңірдің жылыжай кешендерінен 91 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Бұл маусымдық кезеңде республика халқының 42 пайыз қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Құрметті мәжіліс депутаттары! Бүгінгі таңда өсімдік шаруашылығында түйінді шешуді қажет ететін бірнеше мәселелер бар.

Бірінші: Жылыжай шаруашылығын дамыту.

Жалпы, өңірде 1459 гектар алқапта 3 366 бірлік жылыжай орналасқан, республиканың 71%, онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің жылыжай кешендерінде 90 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Бүкіл елдің маусымдық қажеттілігінің 42% қамтамасыз етеді.

Жылыжай шаруашылықтары маусымаралық кезеңде ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады.

Алайда, өңірдің жылыжай шаруашылықтары Орталық Азия шаруашылықтары тарапынан көкөніс өнімдері нарығында жоғары бәсекелестікке ұшырауда.

Көрші елдерге қарағанда салқын климаттық ауа райы (жылыту маусымы 1-1,5 айға созылады), энергия тасымалдаушыларға жоғары тарифтер (жылыжай өнімінің өзіндік құнындағы энергия көздерінің (жарық, газ, көмір) үлесі 45% дейін жетеді) жылыжай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетуде.

   Сонымен қатар, жылыжай шаруашылығын соңғы жылдары мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілмейтіндіктен, кейбір жылыжайлар дұрыс пайдаланылмайды. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, болашақта осы сала құлдырып, 12 мыңнан астам адам жұмыссыз қалу қаупі бар.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірістерді дамыту, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жылыжайларды мемлекеттік қолдаудың келесі шараларын қабылдауды қажет етеді.

  1. Жылыжайларды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жылыжайларды гектарлық субсидиялау бағдарламасын қолданысқа енгізу;
  2. Жылыжай шаруашылығын жеңілдетілген несиелеу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Кең дала» несиелік бағдарламасына қосу;
  3. Инвестициялық субсидиялар бағдарламасы шеңберінде жылыжай кешендерін салуға/кеңейтуге арналған инвестициялық шығындарды өтеу үлесін қолданыстағы 25%-дан 50% — ға дейін ұлғайту;
  4. Жылыту маусымы кезеңінде көмір отынын төмен бағамен тікелей жеткізуді қамтамасыз ету.

2023 жылы 4 ақпанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі С. М. Жұманғарин біздің облысқа сапары барысында жылыжай шаруашылықтарының өкілдерімен кездесу өткізіп, осы ұсыныстарға қолдау білдірді.

Мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын қабылдаған кезде жылыжайлардың жалпы ауданын қосымша 500 гектарға ұлғайту мүмкіндігі бар.

Нәтижесінде республика халқының қажеттіліктері жылыжайларда өндірілген көкөніс өнімдерімен маусымдық кезеңдерде толық қанағаттандырылатын болады.

Екінші: Мақта шаруашылығын дамыту.

Түркістан облысы — республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті-мақта жиналады.

Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді.

Мақта бағасының тұрақсыздығы жыл сайын шаруалардың наразылықтарын тудыруда.

Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 (үш) кәсіпорын бар, олардың үлесіне қайта өңделген мақта талшығының 18%-дан аспайды («AZALA TECHTILE» ЖШС, «AZALA СОТТОН» ЖШС, «АІІІАПСЕ» ЖШС (ЮТЕКС).

Сондықтан біз көрші Өзбекстан мемлекетінің мақта-тоқыма кластерін дамытудағы оң тәжірибесін пайдалануымыз керек.

Өзбекстанда тоқыма және тігін өнеркәсібін мемлекеттік қолдау есебінен көптеген бәсекеге қабілетті кәсіпорындар (419 тоқыма және 1 293 тігін және трикотаж кәсіпорындары) ашылды. Бұл кластерлердегі иірілген жіптерді қайта өңдеу деңгейі 50%-ға жетті,
2023 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 70%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Бұл үшін мемлекет маталарды бояуға және аралас маталарды өндіруге арналған жабдықты сатып алуға 150 миллион доллар грант бөлуді жоспарлап отыр, ал өз өнімдерінің кем дегенде 80% экспорттайтын тоқыма кәсіпорындары қазіргі 12% орнына 1% мөлшерлемемен 3 жыл ішінде әлеуметтік салық төлейді. Сонымен қатар, оларда 3 жылға кейінге қалдырылған мүлік салығын төлеу мүмкіндігі бар.

Үкімет тарапынан мақта-тоқыма кластерін құру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет.

Ол мақта шаруашылығын, оның ғылыми базасын, елдегі тоқыма және жеңіл өнеркәсіпті жүйелі дамытуды көздеуі тиіс.

 Осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын, оның ішінде инвестициялық субсидиялауды (мақта өңдеу және тоқыма кәсіпорындарының қуаттарын салу / кеңейту кезіндегі шығындардың 50 % өтеу), көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін жылдық 2,5% мақта шаруашылықтарына кредит беру және дайын өнімді экспорттайтын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер қарастыру кажет.

Елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы – су қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі немесе 552 мың гектары облысқа тиесілі. 

Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану — біз үшін бірінші кезекте тұрған мәселе. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Ал пайдаланылатын судың 83%-дан астамы ауыл шаруашылығына бағытталады (Қалған 17 % — балық, өнеркәсіп, ауыз су, экология).

Қазіргі таңда Шардара су қоймасында 4,6 миллиард текше метр, Көксарай су реттегішінде 1,1 миллиард текше метр су бар. Жалпы суару маусымын қалыпты деңгейде өткізу жоспарлануда.

Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 миллион текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын.

Осы мәселені шешу үшін, облыста бірқатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысаны пайдалануға берілді.

  1. Сыйымдылығы 18 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 миллион текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды.
  2. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді.

Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Айта кететін жағдай, көктемгі тасқын сулардың болу тәуекелділігі таулы аймақтарда жоғары болып табылады. 

Ағымдағы жылдың 2-3 ақпанында жаңбырдың толаусыз жаууы, таулы аудандарда мол қардың еруі салдарынан 4 ауданда 21 елдімекеннің 234 ауласында су басу қауіптілігі орын алған болатын. (Кентау (Қарнақ) қаласы мен Бәйдібек (Мыңбұлақ, Қосбұлақ, Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Орангай, Майдантал, Шаға), Ордабасы (Темірлан, Шұбар, Бадам, Шұбарсу) аудандары.

Жедел атқарылған іс-шаралар: Кептелістегі мұздарды жару, елді мекендерге келген суларды каналдарға дер кезінде бұру нәтижесінде қауіп қатерлердің алды алынды.

Ендігі кезекте төтенше жағдайлардың алдын алу және артық суды жинап тиімді егістікке пайдалану мақсатында, «Боралдай» (50 миллион текше метр, жоба құны 15 миллиард теңге), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (68 миллион текше метр, жоба құны 16,9 миллиард теңге) жобалары әзірленуде.

Бұл жобалар арқылы суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша 130,0 миллион текше метр ағын су жеткізіледі.

Айта кететін жағдай көктемгі тасқын су кезеңінде артық суларды «Бөген» су қоймасына қабылдай алмай, Арыс өзені арқылы Сырдария өзеніне тастауға мәжбүрміз. Биылдың өзінде тасқын сулардың есебінен 230 миллион текше метр ағын су Сырдария өзеніне амалсыздан тасталынды (АМК су өткізу қабілеті 45 текше метр/секунд). Сондықтан да артық сулардың ысырабына жол бермеу үшін бұл жобалар біз үшін өте маңызды.

«Бәйдібек ата» су қоймасының құрылыс жұмыстарын бастауға 2023 жылға республикалық бюджеттен 5,0 миллиард теңге қаржы қажет. Бұл бойынша ҚР ЭТРМ-не бюджеттік өтінім ұсынылды.

Сауран ауданы аумағында орналасқан «Майдантал» және «Ырмақ өзен» су қоймалары 2022 жылы аудандық коммуналдық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылданды. Су қоймалары облыстық меншікке қабылданғанға дейін 50 %-дан артық су жинау мүмкіндігі жоқ болатын. Себебі су қоймалардың гидротехникалық жағдайы сын көтермейтін (төтенше жағдай қауіптілігі бар). Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаржы қаралып жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде су қорын 100 % -ға дейін жеткізуге қол жеткізілді.    

Сонымен қатар, айта кететін жағдай облыста ұзындығы 12,3 мың шақырымды құрайтын 3147 канал болса, оның бүгінгі таңда 9,3 мың шақырымы немесе
76 пайызыны жөндеуді қажет етеді.

Осыған орай, басымдылыққа және қаржы мүмкіндіктеріне байланысты, 2023 – 2027 жылдары каналдарды жөндеуді кезең-кезеңге бөліп отырмыз. Қажетті қаржы көлемі — 117,5 миллиард теңге.

Нәтижесінде, 155 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады.

Аграрлық саланы қарқынды дамытуда жыл сайын туындайтын ағын су мәселесі жүйелі күрделі проблемаға ретінде қалыптастып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтарды жеке және қоғамдық қабылдау барысында, ауыл шаруашылығы жөніндегі өтініштері мен пікірлерінің 80 % астамы ағын су мәселесін қозғаумен қатысты болуда.  

Осы тұста, республикалық меншіктегі су нысандары бойынша облыста құрылысы басталып, аяқталмай қалған су нысандарының салдарынан шаруаларды кепілді ағын сумен қамтамасыз ету мүмкіншілігі болмай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімділігінің төмендеуіне әсер етуде.

Атап айтқанда:

  1. Жетісай ауданы «К-30 каналын қайта қалпына келтіру» жобасы. Жобаның құны: 6,1 миллиард теңге.

2012 жылы жөндеу жұмыстары басталған. 2016-2017 жылдары жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. 2018 жылдан бастап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Каналдың 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы, ішкі тармақтарының 175 шақырымы бетондалу керек болса, оның 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының бірде біреуі қойылмаған. Құрылысқа қаралған қаржы 6,1 миллиард теңгенің 3,6 миллиард теңгесі игерілген. Атқарылған құрылыс жұмыстарының жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналуда.

Ұсыныс: Су ресурстары комитеті тарапынан жобаға әзірленген қайта түзету (корректировка) жұмыстарын Республикалық бюджеттік комиссия қарауына ұсынып, мамыр айының соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізу.

Нәтижесінде: Каналды толықтай бетонмен қаптау нәтижесінде, 13 034 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Ағымдағы жылдың 14 сәуірі күні облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының бастамасымен облыс аумағындағы су нысандарының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғ. Азидуллиннің төрағалығымен мәжіліс өтті.

Мәжіліс қорытындысына сәйкес, министрлікпен бірлесіп арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазіргі таңда іс-шаралар жоспары — ҚР ЭТРМ вице-министрінің қарауында.

  1. Жетісай ауданы «К-28 каналын қайта қалпына келтіру» жобасы. Жобаның құны: 239 миллион теңге.

«Шаруашылықаралық К-28 каналының ПК-86 дан ПК-145-ке дейін 5,9 шақырымын бетонмен қаптау және канал бойындағы гидроқұрылымдарды қайта құру» жобасының жөндеу жұмыстары 2010 жылы басталған. Аталған каналдың Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен өтетін бөлігі (1,9 шақырымы) жөндеуден өткізілмей, аяқталмай қалған. Осының салдарынан төменгі бөлігінде орналасқан 3,0 мың гектар суармалы жерлерге кепілді ағын су жеткізіп беру мүмкіншілігі болмауда және Ш.Ділдәбеков ауыл округі тұсында ыза сулар пайда болып, үй іргелік жерлерде су басу фактілері орын алуда.

Ұсыныс: Жобаның өзектілігі кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, аяқталмаған құрылыс жұмыстарын заң аясында пайдалануға қабылдау жұмыстарын жүргізіп, күтіп ұстаушы мекеме тарапынан 1,9 шақырымын жыл соңына дейін күрделі жөндеуден өткізу.

  1. Мақтаарал ауданы «К-20 каналын қайта қалпына келтіру» жобасы. Жобаның құны: 5,0 миллиард теңге.

2022 жылы Мақтаарал ауданындағы К-20 магистралды каналы жеке меншіктен аудандық коммуналдық меншіктің теңгеріміне сатып алынды (180 миллион теңге).

Каналдың жалпы ұзындығы 27 шақырым (оның ішінде, жер арық – 5 шақырым) Суармалы жер көлемі: 10,8 мың гектар.

Бүгінгі күні каналдың бетондалған бөлігінің тозығы жетіп, гидротехникалық талаптарға сай жұмыс атқармауда. Ал, бетондалмаған бөлігінде каналдың ПӘК 0,65-ке дейін төмендеп, ағын суды кепілді жеткізу мүмкіндігі болмауда.

Қосымша анықтама:

Мақтаарал ауданында 529 дана канал бар (оның ішінде, республикалық — 528 дана, коммуналдық — 1 дана) жалпы ұзындығы — 1 152 шақырым (оның ішінде, республикалық — 1 125 шақырым, коммуналдық — 27 шақырым).

Ұсыныс: Мақтаарал ауданындағы каналдардың барлығын бір қолдан басқару мақсатында К-20 каналын республикалық меншікке қабылдай отырып, каналды қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаржы қарастыру.

  1. Жетісай ауданы «Машиналық каналды реконструкциялау» жобасы. Жобаның құны: 14,7 миллиард теңге.

«Машиналық каналдың» 2011 жылы пайдалану берілген кезден бастап, нысанның кешенінде техникалық ақаулардың орын алуы және жобалық көрсеткіштерден қуаттылығы төмендеу салдарынан «Сүлеймен ата» мазараты тұсындағы еңістері құлап, жоспарлы енінен едәуір кеңейіп, бір бетінен мазаратқа екінші бетінен К-30-II каналына жыл сайын қауіп төндіруде. Былтыр вегетациялық кезеңде барлығы 12 насостың 5-н ғана қосуға мүкіндік болып, 20-23 текше метр/секунд ағын су берілді.

Ұсыныс: Машиналық каналдың мәселесін шешу үшін, бірінші кезекте Ислам Даму Банкінен іске асырылатын тік дренажды ұңғымалардың құрылысын, аталған канал аумағынан (территория) басталуын қамтамасыз ету.

Түпкілікті шешу үшін каналды 12 насоспен қоса толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Нәтижесінде: Суару маусымында (вегетация) Достық МК-на қосымша 60 текше метр/секунд ағын су жеткізілетін болады.

Слайд-10.  5. «Қызылқұм магистралды каналын реконструкциялау» (3-кезек) жобасы. Жобаның құны: 1,7 миллиард теңге.

Бүгінгі таңда — 362,8 миллион теңге қаржы игеріліп, каналдың 500 метрі бетонмен қапталған (жоба бойынша 3,8 шақырым бетонмен қапталады). Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 2014 жылы басталған. Реконструкциялау уақыты 10 айға жоспарланған. Алайда, реконструкциялау жұмыстары бүгінгі күнге дейін аяқталған жоқ. Қазіргі таңда Алатау Батыр ауылдық округінің тұсында ыза сулар пайда болып, каналдың гидротехникалық жағдайы нашарлаған.

Ұсыныс: Жобаға әзірленген қайта түзету жұмыстарын Республикалық бюджеттік комиссия қарауына ұсынып, мамыр айының соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізу.

Нәтижесінде: Алатау Батыр ауылдық округінің тұсында пайда болған ыза сулардың алдын алып, каналдың осы бөлігінде болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алады.

  1. «Қызылқұм магистралды каналын реконструкциялау» жобасы. Жобаның құны: 60,0 миллиард теңге.

Қызылқұм магистралды каналының ұзындығы — 106 шақырым, су өткізу қабылеті 200 текше метр/секунд құрайды. Каналдың көлемі үлкен болуына байланысты, каналға босатылған су 1 апта көлемінде толтырылады. Сонымен қатар, каналдың фильтрациялық шығыны 70% құрауда. Салдарынан, «Алатау батыр», «Қызылқұм», «Ақшеңгелді», «Ақалтын» ауылдық округтері аумағында ыза сулар көтеріліп, жердің сорлануы орын алуда. Жыл сайын күрделеніп келе жатқан ағын су тапшылығын ескере отырып, каналдың су өткізу қабілетін азайтып, толықтай бетонмен қаптау қажет.

Ұсыныс: Каналды толықтай бетонмен қаптау бойынша Су ресурстары комитеті тарапынан зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет.

Нәтижесінде: Каналда су шығыны азайып, ПӘК 0,70-ден 0,95-ке дейін артатын болады. 245 миллион текше метр су үнемделеі. (жылдық лимиті 980 * 25%=245)

  1. «Көксарай су реттегішін қайта қалпына келтіру» жобасы. Жобаның құны: 35,0 миллиард теңге.

Көксарай су реттегішінің жалпы су көлемі — 3,0 миллиард текше метр. Бүгінгі таңда Көксарай су реттегіші бөгетінің апатты жағдайда болуына байланысты, 1,8 миллиард текше метрден артық су жинау мүмкіндігі жоқ. Аталған көлемнен асырған жағдайда судың фильтрациялық шығыны нормадан 2-3 есеге дейін артып кетеді.

Ұсыныс. Аталған жобаның маңыздылығы кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, Су ресурстары комитеті тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама қортындысын алу қажет.

Нәтижесінде: Төтенше жағдайдың алды алынып, 3,0 миллиард текше метрге дейін су жинау мүмкіндігі болады.

  1. Түркістан облысы Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарының ирригациясы мен дренаждық жүйелерін реконструкциялау (3-фаза). Жобаның құны: 35,0 миллиард теңге. (ПУИД-3)

Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарындағы  ирригация мен дренаждық жүйелеріне көп жылдар бері, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеу салдарынан техникалық жай-күйлері нашарлаған.

Жоба барысында жалпы 1 590 шақырым каналдар қалпына келтіріліп, 1 759 шақырым қашыртқылар қалпына келтіріліп, 6 209 дана гидротехникалық құрылымдар күрделі жөндеуден, 59 дана тік дренажды ұңғыма қалпына келтірілетін болады.

Ұсыныс: Дүниежүзілік банкі қарызы шеңберінде іске асырылатын ИДЖЖ-3 кезеңінің Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғарғы екендігін ескеріп, Су ресурстары комитеті тарапынан жобаға техникалық-экономикалық негіздемелерін қазірден бастау қажет.

Нәтижесінде:  93,0 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және мелиоративтік жағдайы жақсарады.

  1. «Түркістан облысында ПК-247-ден ПК-496-ға дейін түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу (4 кезең)» жобасы. Жобаның құны: 11,5 миллиард теңге.

Атқарылған жұмыстар: ЖСҚ дайын. 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,0 миллион теңге қаржы бөлінді.  1,0 шақырым жер жұмыстары жүргізілді.

Ұсыныс. Аталған жобаның түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары жобалардың бірі екендігін ескеріп, республикалық бюджеттен ағымдағы жылға құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 5,0 миллиард теңге бөлу қажет. ҚР ЭТРМ-ге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Нәтижесінде: 29 миллион текше метр ағын су үнемделеді және 25 дана гидроқұрылым автоматтандырылатын болады.

  1. «Арыс магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасы. Жобаның құны: 46,0 миллиард теңге.

Атқарылған жұмыстар: ЖСҚ дайын.

Аталған жобаның түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары жобалардың бірі екендігін ескеріп, республикалық бюджеттен ағымдағы жылға құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 7,0 миллиард теңге бөлу қажет. ҚР ЭТРМ-ге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Нәтижесінде: жылына 80 миллион текше метр ағын су үнемделеді. Су өткізу қабілеті 45 текше метр/секундтан 60 текше метр/секундқа дейін жеткізіледі.

  1. «Бөген су қоймасын күрделі жөндеу» жобасы. Жобаның құны: 15,0 миллиард теңге.

Түркістан облысындағы сыйымдылығы 370 миллион текше метрді құрайтын «Бөген» су қоймасы 1967 жылы салынып, пайдаланылуға берілді. 2021-2022 жылдары «Бөген» су қоймасына көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде су қойманың жағдайы қанағаттанарлықсыз деңгейде екендігі анықталды.

Ескертпе: Гидротехникалық талаптарға сәйкес бетонның жарамдылық мерзімі — 50 жыл.

Атқарылған жұмыстар: 2023 жылға  ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 148,0 миллион теңге қаржы бөлінді. ЖСҚ әзірленуде. Жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарлануда.

Ұсыныс: 2024 жылға құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 5,0 миллиард теңге бөлу қажет.

Нәтижесінде: Ордабасы ауданында 4 ауылдық округты (Бөген, Жеңіс, Қарақұм, Төрткүл), Арыс қаласында 2 ауылдық округты (Дермене, Ақдала), Отырар ауданында 2 ауылдық округты (Ақтөбе, Шілік) және 29,2 мың гектар суармалы жерді су басу қаупінің алды алынады, 66 мың гектар суармалы жерге кепілді ағын су жеткізіледі.

  1. «Қосқорған су қоймасы күрделі жөндеу» жобасы. Жоба құны: 7,0 миллиард теңге.

Түркістан облысындағы сыйымдылығы 37,2 миллион текше метрді (суармалы жер көлемі 7,5 гектар) құрайтын «Қосқорған» су қоймасы 1982 жылы салынып, пайдаланылуға берілді. 2021-2022 жылдары «Қосқорған» су қоймасына көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде су қойманың жағдайы қанағаттанарлықсыз деңгейде екендігі анықталды.

Ескертпе: Гидротехникалық талаптарға сәйкес бетонның жарамдылық мерзімі — 50 жыл.

Атқарылған жұмыстар: ЖСҚ әзірленуде. Ағымдағы жылдың шілде айына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарлануда.

Ұсыныс: 2023 жылға құрылыс жұмыстарын бастуға республикалық бюджеттен 1,0 миллиард теңге бөлу қажет.

Нәтижесінде:  Сауран ауданына қарасты 4 елді мекенді және Түркістан қаласын су басу қауіпінің алды алынады.

Құрметті Мәжіліс депутаттары! Жоғарыда аталған жобалардың ұзақ уақыттан бері оңды шешімін таппауы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің наразылықтарын тудыруда.

Сіздерден көтеріліп отырған мәселенінің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тигізетін маңыздылығын ескере отырып, республикалық бюджеттен су нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен тиісті қаржылардың бөлінуіне оңды ықпал етуіңізді сұранамын» — деп сөзін қорытындылады Тұрғанбек Оспанов.

Мұнан соң сөз жылыжай жұмыскерлері және бағбаншылар қауымдастығының президенті Мырзахмет Сыпабекұлы Сынабаевқа берілді.

Сұрақ-жауап рәсімінде баяндамашылар мен көшпелі отырысқа арнайы шақырылған орталық мемлекеттік органдардың өкілдеріне сұрақтар қойылды.

«Диқандар көп шоғырланған жерде шамамен 50 шақырым арақашықтықта өнімді сорттау, тазалау және қаптау орталықтарын салу қажет»

Жиын соңында Серік Егізбаев «Бүгінгі тақырып бойынша жан-жақты және барынша өзекті талқылау болды. Барлық сөз сөйлеушілердің көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау мен өңдеу жолдарын жақсарту мен жетілдіру бойынша айтқан ұсыныстарына талдау жасалып, олар алдағы уақытта өтетін үлкен жиынның күн тәртібінің негізіне алынады.

 Осы отырыстың негізінде 22 мамырда Астанада Үкімет сағаты өтетінін хабарлаймын, онда Ауыл шаруашылығы министрі Е.Ш.Қарашөкеев мырза баяндама жасайды және басқа мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдар мен салалық қауымдастықтың өкілдері қатысады.

Бүгінгі отырыста айтылған барлық ой-пікірлеріңіз Үкімет сағатының ұсыныстарына енгізілетін болады.

Алдымызда әлі бір аптадай уақыт бар. Егер әлі де айтылмай қалған тағы ұсыныстарыңыз болса, облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы немесе тікелей Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетіне жазбаша түрде жолдай аласыздар» — дей келе, өз тарапынан бірқатар өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

«Алғашқы көшпелі отырысымызды Түркістан аймағынан бастауымыздың бірнеше себебі бар. Түркістан облысы — еліміздің азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында стратегиялық орны бар аймақ. Бау-бақша дақылдарын өсіруге қолайлы табиғи жағдайы және жеткілікті еңбек ресурсы — біздің ең басты артықшылығымыз.

Бірақ, қазіргі қымбатшылыққа байланысты Үкіметтің таңдап алған саясаты бәрімізді қынжылтады. «Өнімің халыққа арзан болсын» деп, фермерлерді әртүрлі шектеумен қысамыз, шекарадан еш бөгетсіз шетелдің тауарын өткіземіз. Сонда отандық мүдде қайда? «Мына жер пайдаланушы өз диқандарымыздың жағдайына үңіліп, қашан оларға демеу жасаймыз?» деген орынды сұрақ бар көкейде.

Жалпы бүгін сұрақтарды диқандар қойғаны дұрыс. Мен өз тарапымнан сұрақтар емес, жалпы бірнеше өзекті ұсыныстарға тоқталғым келеді.

Біріншіден, ол саланы қаржылық сауықтандыру.

Қазір ең басты проблема — диқандарға көктемгі дала жұмыстарын өткізуге қаражат тауып беру. Осы жиналысқа дайындық барысында біраз шаруалармен сөйлестім. Ең сорақысы, бау-бақша өсіретін, жылыжаймен айналысатын диқандарымыз бүгінде Үкіметтің жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасынан қол үзген, оларға «Кең дала» бағдарламасымен қаржы алуға мүмкіндік жоқ.

Бұл салалар жоғары технологияны және еңбек өнімділігін қажет ететін салалар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Аграрлық несиелік корпорациясы бар болғаны 262 бюджеттік бағдарламаның қаржылық экономикалық негіздемесіне өзгеріс енгізсе жеткілікті. Сонда мәселе толықтай шешіледі.

Осы сұрақты жылыжаймен айналысатын диқандар былтыр қойған. Алайда мәселе әлі шешілмеген. Кім құлықсыз: Министрлік пе әлде «Бәйтерек» пе?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі өзінің баяндамасында 1400 гектар жылыжай бар деді, бұл 16 миллион гектар бидай алқабы емес қой. Бар жоғы 300 жылыжайды қолдауға қауқарымыз жетпейді. Ең көп шығындар осы диқандарда: «досветка», тұқым, тыңайтқыштар.

«Бәйтеректің» қаржылық ұйымдарынан басқа да қаржыландыру бағдарламалары бойынша осындай немқұрайлықты байқадық. Кеше «Аделя» шаруа қожалығында болдық. Иесі несиенің пайыздық үстемесін субсидиялау бағдарламасына ілігу үшін «рефинансирование» жасауды сұрап отыр. Қазір ол банкке 20% төлейді, ал субсидия есебінен 6% төлеуге болар еді. Қалған қаражат есебінен жұмысшылардың жалақысын өсіруші еді. Тағы да немқұрайлық. Мәселені шешу үшін тек директорлар кеңесінің шешімі қажет. Сіздерге сол қиын ба?

Мұндай мысалдар өте көп: «Аделя» шаруа қожалығында — 10 гектар, «Шәріп» шаруа қожалығында  -5 гектар, «»Нұр агро ЖШС – 5 гектар, «Сауда ас» ЖШС – 4 гектар, «Таза өнім» ЖШС – 10 гектар және басқа да өндірістік жылыжайлардың барлығы — осындай жағдайда. Олардың бар сұрап тұрғаны – саланы және өндірісті сақтап қалу. Бұлардың өтініштеріне құлақ асып, несиені қайтару графиктерін қайта қарау қажет. Өндіріс объектілерін қазір тартып алып, басқа біреуге сатқаннан ештеңе өзгермейді.

Дәл қазір жылыжаймен және баумен айналысатын диқандардың қаржылық жағдайы өте нашар, банкроттың алдында тұр бұлар. Кейбірі бизнесін сатып жатыр, Үкіметтің қолдауынан күдер үзген азаматтар. Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған диқандар барлық өндірістерін тоқтатуда. Қазір қолдамасақ, кейін толықтай импортқа тәуелді боламыз.

Ішкі нарықты қорғау және импорт мәселелеріне көшсек. Қазір контрабандамен келіп жатқан арзан қызанақ пен қияр жығылғанға жұдырық болып тұр. Көрші елдерден арзан өнімдер ретінде тіркелген қызанақтар келіп жатыр. Тиісінше осы бағадан кедендік салық пен төлемдер төленеді. Контрабандамен келген көкөністер бойынша ештеңе төленбейді.

Диқандар бірнеше рет осы мәселені көтерді. Бірақ мемлекеттік органдар ішкі нарықты қорғау үшін шаралар қабылдайтын болсақ, баға өсіп кетеді деп қорқады. Баға өспейді. Алып сатарлардың пайдасы азаяды. Біздің барлық көршілеріміз өз нарықтарын қорғауда. Өзбекстан кеден төлемдерін өсірді, Ресей фитосанитарлық бақылауды күшейтті, Қытай квота енгізіп, жоғарғы кедендік алымдарды енгізді.

Ең қорқыныштысы, контрабандамен келген өнім қазақстандық өнімге айналып, диқандардың құжатымен экспортқа шығуда. Ал егер ол өнімнен ауру шықса, кімге шектеу қойылады?

Біздің фитосанитарлық бақылауымыз қайда? Неліктен шекарада зертханалық тексеру жоқ? Шекарадағы коррупциялық факторларды жою бойынша қандай шаралар қабылдануда? Парламент инспекторларға видеоджетон сатып алуға көп қаражатты бөлуді қолдады. Олар сатып алынды ма? Инспекторлардың жұмысына кім мониторинг жасап отыр? Нәтижесі қайда?

Тағы бір топ ұсыныстар шағын диқандар үшін нарықтағы кедергілерді алып тастауға бағытталады.

Көкөніс нарығында пайданың 70%-ын алыпсатарлар қалтасына басып жатыр. Бұл өнімнің соңғы құнының өсуіне тікелей әсер етуде. Мысалы, жылыжайдағы 500 теңгелік қияр базар сөресінде 1200-1500 теңгеден саудалануда.

Диқандар егістік жерден өнімін делдалдың талабы бойынша сатады. Сортталмаған, жуылмаған тауар арзан тұрады. Өнімді жеткізіп беретін транспорт ол жоқ.

Осы орайда қазір біз келесі міндеттерді қолға алуымыз қажет:

  • диқандар көп шоғырланған жерде шамамен 50 шақырым арақашықтықта өнімді сорттау, тазалау және қаптау орталықтарын салу қажет. Әр осындай орталық сол ауданның негізгі өнім өсіру бағытына ескеріліп салынуы қажет. Мысалы, Түркістанның Ордабасы ауданы пияз өсірсе, Мақтаарал ауданында ерте орамжапыраққа бағытталуы қажет.
  • Мұндай орталықтар мемлекет тарапынан салынып тікелей диқандар қауымдастықтарына басқарылуға берілуі қажет. Негізгі талап диқандар үшін қолжетімді бағада қойма қызметін алу және барлық қосалқы төлемдерді шектеу.

Нәтижесінде біз мына диқандарды алыпсатарларға жем қылдырмаймыз, еңбектеніп өсірген өнімін пұлдап сатуға жағдай жасаймыз, ал қарапайым халық үшін өнімнің бағасы тұрақты және қол жетімді болады» — деді Серік Рахметоллаұлы.

Айта кетейік, Түркістан облысына сапары барысында бір күн бұрын депутаттар бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарына барды. Көкөніс өсіру бойынша «Аделя» жылыжай кешені, алма және басқа да жемістерді өсіру, сақтау және өңдеу бойынша «Dala Fruit» компаниясы, сүт өнімдерін өндіру бойынша «Бөрте Милка» кешені, ірі қара мал өсіру бойынша «Nurym Group» кәсіпорны және өзге де нысандарды аралап көрді.

Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

 

 

 

 

 

    

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.