Түркістан облысы: «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивальі аясында Созақ ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивальі аясында Түркістан төрінде Созақ ауданының мәдениет күндері жалғасуда.

Бұған дейін «Этноауыл» аумағында ұлттық дәстүріміз бен спортымыз ұлықталса, бүгін салт-дәстүрлерге байланысты көріністер, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардан және аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. «Теріскей – таланттар мекені» атты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Қырық өтірік» тақырыбында көше театры стиліндегі көрініс-қойылым көпшілік назарына ұсынылды.

Аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді.

Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және «RIO» тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Естеріңізде болса, қыркүйектің 5-інде Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері басталған-ды. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.

Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.

Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.

Айта кетейік, іс-шара 6 қыркүйекте жалғасын тапты. Сағат 10:00-13:00 аралығында Этноауылда ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіледі және ұлттық тағамдардың көрме-жəрмеңкесі өтеді. Ал сағат 20:00-де «Керуен сарай» туристік кешенінде «Текті төрім – Түлкібас» атты аудан өнерпаздарының гала-концерті өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin