«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы Жетісай ауданының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жетісай көшінің шымылдығы «Этноауыл» аумағында ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, отандық ақын-жазушылардың туындылары мен шетелдік қаламгерлердің аудармаларынан кітап көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылды. Шара барысында ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен Үндістан мен Түркия, Австралия мен Польша, Корея, АҚШ елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Сонымен қатар «Салт-дәстүрім салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай және заттай бағалы сыйлықтарға ие болды.
Фестиваль мақсаты – сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту.
Айта кетейік, Жетісай ауданының мәдениет күндері екі күнге жалғасады. 24 тамыз күні «Этноауыл» аймағында сағат 10:00-де «Байтақ елім, Қазақстан!» атты Жетісай ауданы шығармашылық өнер мектептерінің концерттік бағдарламасы өтсе, 12:00-де «Асықата» халық театрының «Салт-дәстүр – салтымыздың салтанаты» атты көрініс қойылады. Ал, сағат 19:00-де «Керуен сарай» аумағында «Түркістаным – Тұраным, Жетісайым – Жұмағым» атты аудан өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланады.
Атап өтер жайт, Түркістан шаһарында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды.
Жетісай аудандық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.
Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.
Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан — 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс — 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды.
Ал асық атудан ІІІ орынды — «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды — «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орынды — Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.
Гір тасын көтеруде ІІІ орын — түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын — жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, садақ атудан — түркістандық Рамазан Батыржан, отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.
Спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Отырар, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды.
Еске салайық, түнеугүні ғана «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Түркістан қаласының мәдениет күндері қорытындыланды. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, сахна төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
– Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастау керек деп, көне шаһарға ерекше мән беріп келеді. Қаламыз алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіні сөзсіз, – деді қала басшысы.
Мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы мен Кеңес Әлімжан ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламада «Яссы» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнер сүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Айта кетейік, екі күнге созылған мәдениет күндері барысында Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, төл өнеріміз паш етілді. Келесі көшті 23-24 тамыз күндері Жетісай ауданының өнерпаздары жалғады.
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Жетісай ауданының мәдениет күндері өтті. Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.
Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы, қазақ эстрадасының жұлдыздары, жетісайлық Асан Пердешов пен Жолдасбек Әбдіханов қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі, арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Ал екінші күні ауданның шығармашылық өнер мектептері бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасы мен «Асықата» халық театрының көріністері көпшілік назарына ұсынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.