Түркістан облысы: «Өнерлі өлке» фестивалі шеңберінде кентаулықтар бір тонна бауырсақ таратты

Тарихы бай, тағылымы терең Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері басталды.

Бүгін Этноауылда ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдар насихатталып, «Қаратау тәжі» ұлттық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы көрмесі және шеберлік сағаттары көпшіліктің көзайымына айналса, «Қаратау жауһарлары» өлке тарихынан сыр шертетін көрме және фотоаймақ келген қонақтарға таныстырылды.

Одан бөлек, жастар сауық-сайран құрып «Алтыбақан» ойынын көрсетсе, жас ақындар айтыс өнерінен сынға түсті. Кентау қаласының халықтық атағы бар «Шапалақ» театры «Аңыз астары» атты көріністер көрсетіп, елдің ыстық-ықыласына бөленді. Кентау қаласынан шыққан қала мақтаныштарының «Аңыз адам» көрмесі мен «Дәстүрлер даналығы» ұрпақ тәрбиесіне терең мән берілетін салт-дәстүрлеріміздің ерекше түрлерінен қойылымдар көрерменге жол тартты.

Түркістан төрінде осылайша ашық аспан астында мәдени шараны барынша жан-жақты көрерменге ұсынған кентаулықтар «БауырсақFest» ұйымдастырып келген қонақтарға бір тонна бауырсақ таратты.

Айте кетейік, Кентау қаласының мәдени күндері 12 қыркүйекте сағат 10:00-ден ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, ұлттық ойындар, батпырауық ұшырудан сайыс басталады. Кешке танымал жарық жұлдыздары АқботаНұр Сейтмаханбетова, Kayl Рух лақап атымен танымал жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Кештің көркін ашатын жүргізушілер — Түркістан театрының мықты майталмандары Ақсұлтан Әнуарбек, Гүлзада Айтбаева.

Бүгінгі шара «Береке бастауы» ауыл шаруашылығы өнімдері, кондитерлік және тағы басқа өнімдердің жәрмеңкесінен бастау алды. «Жаңа бағыт» заманауи қолөнер түрлері көпшілікке көрсетілді. Оның ішінде Кентау қаласында сұранысқа ие робототехника құрылғылары, аппаратпен ағаш кесу, гипстан түрлі дүние жасау секілді туындылар бар.

Бүгінде Кентауда жетістігі мол сурет көрмесі және «Мен кәсіпкер боламын» балалардың көрме-жәрмеңкесі салтанат құрды. Көпшілікті тәнті еткен балалардың өнері көпке үлгі.

Аламан алаңда «Дала дүбірі» ұлттық спорттық ойындарда тұрғындар сайысқа түсті. Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, қой көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрес, тоғызқұмалақтан тартысты сайыстар өткізіліп, каратэ-до-шотокан, көркем гимнастика шеберлері көрермендерді өнерлерімен тамсандырды. Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Этноауыл сахнасында «Балалықтың аспаны» Кентау қаласы оқушылар үйінің және саз мектебінің концерттік бағдарламасы өткізілді. Онда әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі жанрда би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аға буындар бүлдіршіндермен бірге батпырауық ұшырып, балалар әлеміне саяхат жасады.

Орайы келгенде атап өтер маңызды ақпарат, Кентау қаласындағы «Кентау Сервис» МКК №5 Жылу электр орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауына алынған.

Қазіргі уақытта орталықтағы негізгі жабдықтың тозуы 85%-дан асады. Оның ішінде, 1952-1955 жылдары іске қосылған №7, 8 бу қазандықтарына соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. 1958 жылы №9, 10 бу қазандары іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 1990 жылы жүргізілді. №11, 12 бу қазандары 1958 жылы іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілді. Талап бойынша мұндай жұмыстар 5 жыл сайын жүргізілуі тиіс.

Осы жылғы жылыту маусымында станция тұрақты режимде 4 қазандықпен жұмыс істеді. Қазандықтардың тозығы жеткендіктен, жылу беру маусымында қазандықтар бірнеше рет сөндіріліп, жылудың сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Кентау қаласының №5 ЖЭО жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №8, 11 қазандықтар 30 тамызда аяқталды, №9, 10 қазандықтар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асырылып жатыр. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қатаң бақылауға алынған. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі тетігі арқылы 240 МВт жаңа газотурбиналық электр станциясының құрылысы жобасын іске асыру үшін үшжақты келісімге қол қайылып, Жол картасы бекітілді.

Сондай-ақ, облыстағы 293,1 шақырымды құрайтын жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 46,5 пайызды құрады. Жоспарға сәйкес, Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. Оған республикалық бюджеттен 4,6 миллиард теңге қаралды. Сонымен қатар 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді.

Айта кетейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылды. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан болса, жалпы абоненттер саны 16 мыңға жуық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin