Түркістан облысы: Өнертапқыш өрендер сынға түсті

Жақында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық техникалық шығармашылық және өнертапқыштық жарысы өтті.

Мақсат – Қазақстандағы балалар арасында техникалық шығармашылықты дамыту, жеке тұлғаның бәсекеге қабілетті артықшылықтарын, шығармашылық құзыреттілігін және кәсіби өзін-өзі анықтауын қалыптастыру үшін жағдай жасау.

Сайыс қорытындысы бойынша Түркістан қаласының Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің 8-ші сынып оқушысы Бодаухан Ерсайын “Радиомен басқарылатын көлік модельдері” аталымы бойынша ІІ орынға табан тіреді. Жетекшісі — информатика пәні мұғалімі Сырым Қожамұратов.

Сонымен қатар Түлкібас ауданының Састөбе ауылындағы А.Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5-ші сынып оқушысы Мұхтар Дінмұхамет те “Зымыран модельдері” бойынша ІІ орынға көтерілді. Жетекшісі — информатика пәні мұғалімі Ринат Байтасов.

Ал Арыс қаласындағы Қабылсай атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-ші сынып оқушысы Райымбек Нұрасыл «Автотрассалық модельдер» жарысы бойынша ІІІ орынды иемденді. Жетекшісі — көркем еңбек пәні мұғалімі Ербол Жақсылықұлы.

Аталған жеңімпаздардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталса, ал қалған барлық қатысушыларға сертификат табысталды. Жарысқа қатысушыларды іріктеп, ұйымдастырып, жетекшілік жасаған — “Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы” КММ директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары Бекбол Досболғанов.

Айтпақшы, түркістандық жас талант Түркия еліне жолдама алды. Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылдың 21-22 маусым күндері Қырғызстан Республикасында өткен «Алтын жұлдыз» Халықаралық шығармашылық байқауында «Сурет искусствосы» жанры бойынша еліміздің жас талантты суретшісі, Түркістан облысының білім басқармасының Батырхан Өтеп атындағы өнер мектебінің 8-ші сынып оқушысы Әсел Дүйсенбек ең жоғары көрсеткішпен жүлделі І орынды жеңіп алды.

Бұдан бөлек жуырда Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында «Мағжан оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының қорытынды кезеңі өткен болатын. Қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушылардың классикалық әдебиетті оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген «Мағжан оқулары» үш бағыт бойынша өткізілді.

Жүлделі орынға Мақтаарал ауданындағы Сырым Датұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Ермек Бейбарыс, Ордабасы ауданындағы Өтебай Тұрманжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Алпамыс Нұрболат ие болды. І орынға — велосипед, ІІ орынға «Samsung» ұялы телефоны сыйға тартылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin