Түркістан облысы: Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Жетісай ауданындағы К-30 және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналдарының жағдайымен танысты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына іссапары барысында құрылысында кедергілерге тап болған әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап шықты. Облыс басшысы Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Дихан елді мекеніндегі құрылысы тоқтап қалған К-30 каналының жағдайымен танысып, жауаптылармен өзекті мәселелерін талқылады.

Осыдан он жыл бұрын су арнасының гидроқұрылғыларын қайта құру жұмыстары басталған. Араға уақыт салып жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. 2018 жылдан бастап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Каналдың 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы, ішкі тармақтарының 175 шақырымы бетондалу керек болса, оның 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының ешбірі қойылмаған. Құрылысқа қаралған қаржы 6,076 миллиард теңгенің, 3,6 миллиард теңгесі игеріліп кеткен. Атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшіліктер тіркелуде, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналуда, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашарлап жатыр.

– Өңіріміз үшін ағын судың аса маңызды екенін білесіздер. Жұмыс дұрыс жоспарланбаған. Зардабын ел тартып отыр. Мәселені түбегейлі шешіп, каналды толық жөндеу керек. Диқандарға қолдау көрсеткен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су беру каналының да (Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы) өзекті мәселелерімен танысты. Ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 2009-2010 жылдары салынған. Суармалы жер көлемі – 86 700 гектар. Жетісай ауданының егістік алқаптарында «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын судың тапшылығы сезіліп отыр. Осы деректер талқыланып, канал мәселесі бақылауға алынды.

Дархан Сатыбалды Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумақтың инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелерді де саралады. Жетісай қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Бес қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын көгалдандыру-көркейту және абаттандыру жұмыстары аяқталмаған және электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен «Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласының ауданы 80 гектар аумақта 110/35/10 кВ ҚС қосалқы станциясының құрылысы» нысанына жоба әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржыны бөлдіру үшін салалық басқармаға бюджеттік өтінім жолданған. Жоба іске асқанда Жетісай қаласы аумағындағы 12 көпқабатты, 440 пәтерлі үйлер, яғни 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмек.

Облыс басшысы құрылысы созылған құрылыс жұмыстарын созбалаңға салғандарды сынға алып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстауды міндеттеді.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданының активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Құнарлы жерімен, еңбекқор тұрғындарымен әйгілі аймақтың өткір мәселелерін ашық талқылап, ауданды дамыту жөнінде кеңесті. Өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін айтты.

Көшпелі мәжілісте аудан әкімі Серік Мамытов ауданның даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары бойынша баяндады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, ішкі өнім, инвестиция салаларындағы көрсеткіштер төмен. Денсаулық сақтау және білім саласы ғимараттарының жай-күйі де сынға ілінді.

Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі де кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмайды. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Жетісай ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.

– Тек бюджетке байланатын заман өтті. Жан-жақты болу керек. Мәселені өздігінен шешіп, инвесторларды көптеп тартуды күшейту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге, мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жүктеді. Күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелей, мемлекетшіл-реформатор болуды, аймақтарды жан-жақты дамытуды тапсырды. Тазалықты сақтауға, ғимараттарды күтіп-ұстауды қолға алу керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, өндіріс орындарын ашу керектігін айтты. Осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді. Ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелді. Аудан жұмысын саралауға бағытталған мәжіліс отырысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Келесі жиналыста олардың орындалуы пысықталады. Нәтижесі шығарылады. Жауапты сала басшыларына шара көріледі.

Иә, иә, Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделеніп, жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыс сапарын бүгін Мақтаарал ауданында жалғастырып, аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да сараланып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.

– Бүгін біз Мақтаарал ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Біз сынау үшін емес, түзеу үшін келдік. Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым мен абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды. Кемшіліктерді жою үшін бір ай мерзім беремін. Салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, инвестициялық климатты жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын. Тазалық мәселесін күнделікті қамтамасыз етуді қолға алу керек. Тексеру келеді деп тазалық жасау – көзбояушылық. Жұмыстар тынымсыз жүргізілу керек. Біз сіздерден нәтиже күтеміз, – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.

Мақтааралдың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды.

Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Жиында әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Мәжілісте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар да айтылды.

Облыс әкімі аппаратының тарапынан Мақтаарал ауданының өзекті мәселелері талданып, бірқатар кемшіліктер анықталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Мақтааралды дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды.

Бұл көрсеткіштер аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасамағанын көрсетеді. Салық салу базасын ұлғайтудың орнына, ауданда керісінше өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан салық салу объектілері салық декларациясында жалдамалы жұмысшылардың санын төмендетіп көрсетеді.

Жастарға несие беру жобасының орындалуы әлсіз. Денсаулық сақтау саласында ауданда бірқатар өзекті мәселелер бар.

Әкім тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі аппараты тарапынан аудандағы жалпы мемлекеттік әлеуметтік нысандардың, жол, санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайларына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатарының жай-күйі сын көтермейді.

Жаңа форматтағы кездесулер бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жасалады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралауда. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманы орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Мырзакент кентіндегі құрылысы жүріп жатқан Орталық саябақты реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Нысан құрылысы 2022 жылдың қазан айында басталған. Орталық саябақ 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен Дархан Сатыбалды жауапты басшылардан сапалы жұмыс жүргізуді және уақытылы пайдалануға тапсыруды талап етті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.