Түркістан облысы: Өңір басшысы Кентаудағы жылу энерго орталығындағы жұмыстарды бақылады

Кентаудағы Жылу энерго орталығының қазандықтарын жөндеу, жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жексенбі күні кезекті рет Кентаудағы Жылу энерго орталығына барып, құрылыс барысын қадағалады.

Мердігерлердің есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін дәстүргей сай Жылу энерго орталығында жиналыс өткізді. Жұмыстар сараланып, кемшіліктер айтылды

Жиында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың, мердігер компания басшылығы мен жауаптылардың есептері тыңдалды. Жұмысты жылдамдату жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге әрбір қазандық сапалы болуы тиіс екені тағы да ескертілді.

Айта кетейік, Кентаудағы Жылу энерго орталығында жыл басынан бері «ЭМ-холдинг» ЖШС «Қазандықтарды реконструкциялау» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген кестеге сәйкес №8, №11 қазандықтар бойынша жұмыстардың аяқталуы биылғы 30 тамызға, №9, №10 қазандықтар қыркүйектің екінші онкүндігіне, ал №7, №12 қазандықтардың құрылысын аяқтау 30 қарашаға жоспарланған. Сондай-ақ №5 және №6 қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тапсырыс беруші тарапынан бақылау және уақтылы ден қою мақсатында штаб құрылған. Штабтың кеңесінде жұмыс кестесінен артта қалу, сапа бойынша ескертулер анықталады және тәуекелдер туралы алдын ала ескертіледі. Тапсырыс беруші тарапынан жабдықтар мен материалдарды жеткізу жөніндегі мердігерлік ұйым шарттарының орындалуына бақылау жүргізіліп жатыр.

«Биыл қыста Кентау қаласында жылудан проблема болмайды». Қала басшылығы осылай деп сендіріп отыр. Қазір жылу энерго орталығында 8 қазандық жөнделіп жатыр. Оның екеуі кеңес заманында істеп шығып, жарамсыз болып қалған. Бұл жұмыстарға 13,6 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде қазандықтардың қабырғаларынан бастап, ауа қыздырғыш, су айдайтын құбырлары, түтін соратын насостар толығымен ауыстырылып жатыр. Орталық қыста 14 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етпек. Былтыр қыста ЖЭО ақау шығып, қала тұрғындары бірнеше күн жылусыз қалған болатын.

 «Төрт жаңа қазандық жылу маусымына дайын болады. Екі қазандық резервте тұрады. Сол себепті биыл енді жылу маусымына жақсы дайындықпен кіретін мүмкіндігіміз бар. Соған дайындық жүріп жатыр. Былтырғыдай резерв жоқ болып, жылу бере алмайтын қауіп сейіліп отыр» — дейді жылу энерго орталығының бас инженері Мұхтар Мақұлбекұлы.

Еске салайық, кәсіпорын 1934 жылы құрылып, қондырғылар 1952 жылы орнатылған. Жалпы, орталықта 8 қазандық бар. Қазіргі таңда оның алтауы – күрделі жөндеуден, екеуі – ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Биыл жылыту маусымында 4 қазандық толық іске қосылса, ал қалған 4 қазандық резервтік күйде болады. Бұл туралы орталықтың бас инженері Мұхтар Мұхитдинов мәлімдеді.

Сондай-ақ, Кентау қаласындағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелері мен 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, жылу орталығын басқару станциясы заманауи технологиялармен толық автоматтандырылып жатыр. Жалпы жөндеу жұмыстарына 220 адам жұмылдырылған.

Айта кетсек, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 14 мыңға жуық абонент қосылған. Оның ішінде, бюджеттік мекемелер саны — 108, жеке секторлы тұрғын үйлер саны – 2 295, көпқабатты тұрғын үйлер саны — 347, коммерциялық нысандар саны — 441.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin