Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жүйелене түсті. Облыс бойынша тазалық және абаттандыру жоспары бекітіліп, әр сала өкілдері ретімен тұрақты түрде сенбіліктерге шығуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар тағы да бір италқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Өңірдегі елді мекендердегі кешелер мен бюджеттік мекеме ғимараттары, тұрғын үйлердің, аулалардың тазалығын назарда ұстаңыздар. Нысандарды әктеу, сырлау, жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізілсін. Спорт, білім, мәдениет және өзге де мекемелер, мешіттер таза әрі сәнді болып, жан-жағы көгалдандырылуы тиіс. Гүлдер егілсін. Әр мекемеге жауапты басшы осы жұмысты үйлестірсін. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары аймақтарға тұрақты түрде мониторинг жасаңыздар. Ретсіз шашылған қоқыс болмауы керек. Абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүйелей түскен жөн. Полицейлер тарапынан да осы саладағы тәртіпті сақтауға қадағалау күшейтілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды ұлттық және өңірлік табиғи парктерде, демалыс орындарында, туристік және мәдени ескерткіштер маңындағы тазалықты күшейтіп, реттеуді қатаң тапсырды.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов дін, спорт және архив мекемелері бойынша тазалық, абаттандыру жұмыстары нәтижесін баяндады. Облыстағы 18 архив нысаны аумағындағы сенбіліктерге 300 қызметкер қатысқан. 1000-нан аса ағаш әктеліп, 22 көше тазаланған. 10 тонна қоқыс шығарылған. Өңірдегі 77 спорт мекемесінде 3500 қызметкер бар. Олар 41 ғимарат қабырғасын, 51 ғимарат іргетасын әктеп, сәндеп, жан-жағын тазалап, 1000 түп гүл отырғызған. 34 техниканы пайдаланып, 41 тонна қоқыс шығарған. Мешіттерде де «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылып имамдар мен жергілікті жамағат тазалық жұмыстарына атсалысқан. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
Жиында Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың, тарихи-мәдени нысандары мен демалыс аймақтарының санитарлық тазалығына жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы ой қозғады. Облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына және жоғарыда аталған нысандардың басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Түркістан облысында «TAZA QAZAQSTAN» платформасы сәтті жұмыс істеп тұр
Орайы келгенде, атап өтер мәселе, еліміздің барлық аумағында шілде айынан бастап «Taza Qazaqstan» платформасы іске қосылды. Түркістан облысында да «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті іске асырылуда.
Өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданады. Жұмыс алгоритмі бойынша операторларға түскен өтінімдер санаттарына сай әкімдік қызметкерлеріне, яғни орындаушыларға жолданады. Жұмыстың орындалу мерзімі – 3 жұмыс күнінен 14 күнге дейін. Орындаушы атқарылған жұмыстарды фотоға таспалап, платформаға жүктейді. Өтініш иесіне жауап сол мезетте telegram-бот арқылы түседі. Осылайша, тұрғындармен кері байланыс орнатылады.
Қазіргі уақытта жүйеге жалпы 216 өтінім түсіп, оның 74-і орындалды. Қалған өтінімдер мағынасыз әрі сапасыз болғандықтан, кері қайтарылды.
Жүйе жұмысын оңтайландыру мақсатында жүйені әзірлеушілермен бірге күнделікті тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қала әкімдерін жүйеге енгізіп, оқыту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 807 елді мекенде сенбілік өткізілетін болады. Бүгінгі күнге дейін 133 елді мекенде сенбіліктер өткізіліп, 763,7 тонна қоқыс шығарылды. Бұл шараға 21 604 тұрғын, 261 техника тартылды. Бұдан бөлек, әр аптаның сенбі күні жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда.
Жауапты сала мамандары арқылы апта сайын аудан, қала аумақтарының тазалығына мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы екі ай ішінде басқарма мамандарымен аудан, қалаларда 757 қоқыс орны анықталып, соның ішінде 718-і тазаланды. «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ тарапынан 2024 жылы 41 заңсыз бейберекет қоқыс орны анықталып, бүгінгі таңға 24 орын толығымен тазаланып, жұмыстар өз жалғасын табуда.
Одан бөлек, құқық қорғау органдары тарапынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодексіне сәйкес тазалықты сақтамаған азаматтарға хаттамалар толтырылып, айыппұл салынуда. Биылғы шілде айындағы көрсеткіш бойынша қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 16 мыңнан астам хаттама толтырылып 178,2 миллион теңгеге айыппұл салынды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында полицейлер 21 000-нан астам құқық бұзушылықты анықтады
Иә, Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 21 382 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде 13 220-сы жалпы пайдалану орындарының ластануы, 5382-сі абаттандыру ережелерін бұзу болса, 3570-і – жол жамылғысының ластану фактілері. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару, азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастыру, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.