Түркістан облысы: Өңір басшысы тәжірибелі металлургке «Құрмет» орденін тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев металлургтерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойып, қоғамды еңбек адамдарын құрметтеуге шақырған болатын.

Осыған орай, бүгін Металлургтер күні қарсаңында отандық металлургия саласындағы жемісті еңбегі һәм еліміздің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін жүздеген жұмысшы мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Түркістан облысында да еңбек адамына құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тәжірибелі маман, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосқан металлург Нұрлан Қадырәлиевке «Құрмет» орденін тапсырды. 1965 жылы туған азамат Шымкент механикалық зауытында слесарь әрі болат балқытушы болған. Қазір «KARLSKRONA LC AB» компаниясында бас болат балқытушы болып жұмыс істеп жүр. Жалпы еңбек өтілі 40 жылға жуықтаған.

Облыс әкімі марапат иесіне Президентіміздің еңбек адамдарына құрмет көрсетудегі бастамалары туралы айта келе, Түркістан облысын дамытуда металлургтердің де үлесі бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен металлургия саласында істейтін 22 жұмысшы «Құрмет» орденінің кавалері атанды, 41 өнеркәсіп қызметкері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, 51 адам «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды. Сонымен қатар 7 маман Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасын иеленді.

Иә, жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде металл өндірумен және оны өңдеумен айналысатын адамдар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Құрылыс, машина жасау, мұнай-газ секторы және энергетика – аталған салалардың бәріне металлургтер өндіретін шикізат пен материалдар қажет.

Бұл күрделі мамандық жоғары технологиялық білімді, жауапкершілік пен зейінділікті, талдай білуді, сондай-ақ жаңа әдістер мен технологияларды үйренуге дайын болуды талап етеді.

Ал металлургтердің өзі — болаттай берік мықты жандар.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні ретінде аталып өтіліп келеді.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

About the Author: admin