Түркістан облысы: 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының жұмыспен қамту бағытында Кентау қаласы бойынша биыл 9 айда 4396 азамат жобаға қатысқан

Бұл туралы бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында сөз қозғаған шаһар басшысы Жандос Тасовтың өзінен естіп-білдік.

Кентау қаласы әкімінің сөзіне сенсек, әлеуметтік салада шаһар аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде көрсетілуде. 2023 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес 1 613 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Көмек алған отбасылардың 2266 баласына кепілдендірілген әлеуметтік топтама төленді.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар мен зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оларды белсенді зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық өмірге бағытталған мәдени-демалыспен қамту үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Тең қоғам» концепциясын жүзеге асыру үшін және Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2023 жылдың сәуір айынан «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Бұдан бөлек тұрғындардың әл-әуқатын көтеру мақсатында халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту іс-шаралары ұйымдастырылуда. «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» жұмыспен қамту бағытында биыл 9 айда 4396 азамат жобаға қатысып, жылдық жоспар 80,8%-ға орындалды (жоспар — 5440). Оның ішінде жастар практикасына — 304, ақылы қоғамдық жұмысқа — 1033, әлеуметтік жұмыс орындарына — 252, алғашқы жұмыс орындарына — 79, «Күміс жас» жобасына 105 адам тартылып, жылдық жоспар орындалды. Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 90 азаматқа мемлекеттік грант берілді (жоспар — 90 адам). Жастарға өз кәсіптерін ашуға 4 адамға жеңілдетілген шағын несие берілді (жоспар — 28 адам). Тұрақты жұмыспен 1297 азамат қамтылды (жоспар — 2104), сөйтіп жоспар 61,6%-ға орындалды» — дейді Жандос Тасов.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1073 жұмыс орны ашылған екен.

Ұлттық жобалар аясында 159 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылып отыр.

Орайы келгенде ерекше атап өткен жөн, Түркістан облысында 2023 жылы 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілді. Оның ішінде 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы уақытша жұмыс орындары болып табылады.

Биыл «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасын» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды (99,9%). Оның ішінде 39,1 мың адам — тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды келелі мәжілістердің барлығында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларына басымдық берілуі тиіс екенін ескертіп отыратынын байқап жүрміз.

– Мемлекет басшысы жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын» ашуды тапсырды. Жыл қорытындысына сәйкес бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдеріне «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Бюджеттік мекемелерге ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына да тұрғындарды тартқан жөн. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, республика көлемінде Ұлттық жобалар негізінде 47,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан астам азаматпен электрондық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр.

Биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінгі таңға 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамту шараларына жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырды. Бір орынға орташа көлемде 7 адамнан келіп түсті. Нәтижесінде 1688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін ашуда.

Биыл пилоттық жоба ретінде грант алушыларға бір бағытта кәсіп ашу ұсынылды. Атап айтқанда, Сайрам ауданында бір көшенің бойында орналасқан 20 азамат күрке тауық асыраумен, Сарыағаш ауданында 40 азамат тамшылатып суғару әдісімен құлпынай өнімдерін өндірумен, Шардара ауданында 20 азамат тігіншілікпен, Түркістан қаласында 11 азамат қолөнер бұйымдарын өндірумен айналысуда.

Биыл ҚР Президентінің сайлауалды тапсырмасы негізінде 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсіммен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспарланды. Осы мақсатта 2,9 миллиард теңге қаржы қаралды. Бүгінгі таңда 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 миллион теңгеге мақұлданды. 490 адамға 2236,7 миллион теңгеге қаржысы аударылған.

Осы және өзге де жұмыстар арқылы биыл өңірде АӘК алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеген.

Әңгімесін түйіндей келе, Жандос Қалмырзаұлы халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатындығын жеткізді. «Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық ауыл халықпен ашық форматта тоқсан сайын кездесулер өткізіліп, ұсыныс-пікірлері тыңдалады, көтерілген мәселелерді орындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Кездесулердің нәтижесіне сәйкес қала көлемінде көтерілген проблемалар сараланып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, орындалуы тұрақты бақылауға алынған» — деп қорытты өз сөзін Кентау қаласының әкімі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin