«Түркістан: туризм, инвестиция, экономика» халықаралық форумы: Өңірге 1 триллион 55 миллиард теңге инвестиция тартуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды

Бүгін Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі секторлардың спикерлерімен және тәжірибелі тұлғаларымен байланыс орнатуға, құнды білім алуға мүмкіндік беретін панельдік отырыстарға ұласуда. Форумды облыс әкімі Дархан Сатыбалды ашып берді.

Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқылануда.

Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.

Маңызды жиында инвесторларға перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға бірегей мүмкіндік берілуде. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылып, тәжірибе және білім алмасады.

Айта кетейік, шара мақсаты — экономикалық өсуді ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірге шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу. Сондай-ақ форум қолайлы инвестициялық орта құру, тәжірибе алмасу және өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру үшін бірлескен шешімдер іздеу мақсатында инвесторлар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында әріптестік қатынастар орнатуға бағытталған.

Форум аясында «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті. Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады. Ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерімен бөлісті.

— Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы аграрлық өңір болып табылады. Өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты, өңірде бұл саланың бірнеше бағыттарын дамытуға күш салудамыз. Сондықтан саланы жаңа бағытта дамытуды, шикізаттық дамудан дайын өнімді шығаруға көшуді жан-жақты талқылауда біз бірыңғай ұстанымға келеміз деп үміттенемін, — деді ол.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына күш салынған. Сонымен қатар Түркістан облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласы дамуда.

Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары арнайы қатысты. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 триллион 55 миллиард теңгені құрайтын 20-ға жуық меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы өте жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 гектар) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың гектар) жүйелі түрде дамып келеді.

Жыл сайын облыста 3 млн. тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.

Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14% — ы, ұсақ малдың 23% — ы, жылқының 11% — ы, түйенің 14% — ы, өндірілген еттің 11% — ы және сүттің 12% — ы тиесілі. Сондай-ақ облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85% — ы, қой етінің 60% — ы тиесілі. Биылғы жылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталады.

Сонымен қатар «Жібек жолы Қытай – Еуропа: Орта және Оңтүстік дәліздердің мүмкіндіктері мен мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық логистиканы дамыту жөніндегі сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.

– Осындай ауқымды форумдар мемлекеттік және іскерлік құрылымдар диалогы үшін өте тиімді. Онда негізгі мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие. Облыс аумағында бірнеше көлік бағыты өтеді. Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады. Бүгінгі форум Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға және жақын, алыс шет елдердің кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады.

Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 га, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 млн. жолаушы. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 6 республикаішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал) қызмет көрсетеді. Аталған рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсінің ашылуы жоспарлануда. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 3 республикаішілік (Көкшетау, Қостанай және Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Облыстың туристік, оның ішінде «зиярат» туризмінің әлеуетін ескере отырып, жақын арада Өзбекстан Республикасының Нұрафшон қаласымен автобус қатынасын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда барлық келіссөздер жүргізіліп, тиісті рәсімдер аяқталды.

Сессияда «YDA Group» компаниясының мүшесі, авиация секторының басшысы Х.Гувенч, Қазақстандағы «Turkish Cargo» операциялар жөніндегі менеджері Корай Дурсун, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының Бас хатшысы Г.Әбдікерімов, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағының атқарушы директоры К.Мурадым, «KTZ Express» АҚ Бас директорының м.а. Д.Қожахметов, «Alpha Sky» ЖШС директоры Г. Джанибекова өз бағыттары бойынша сөз алып, компания мүмкіндіктерімен бөлісті. Ірі компания өкілдері жүк тасымалы бойынша өз қызметтерін ұсынып, жеңілдіктер қарастыру арқылы бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Айта кетейік, облыс бойынша магистральдық теміржол желісі – 476,4 шақырым. Осы жылдың 10 айында жүктерді тиеу-түсіру 294 133 вагонды (тәулігіне 968 вагон) немесе 18 млн. тоннаны құрады. Негізгі бағыттары – Ресей, Қытай, Өзбекстан және республика іші.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin