Түркістан халықаралық әуежайы бүгінге дейін 1 миллион 200 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетті

Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсаны іске қосылған күннен бастап қазіргі таңға дейін 1 204 351 жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал, 2024 жылдың 7 айында әуежай арқылы 166 мың жолаушы қатынаған. Оның ішінде халықаралық рейстерде – 45,7 мың жолаушы, ішкі рейстерде – 120,6 мың жолаушы.

Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайында 3 халықаралық (Ыстамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) бағытта әуе рейстері қатынайды. Сондай-ақ, Үрімші, Анталья, Самарқанд, Ташкент, Мәскеу, Баку бағыттарында әуе рейстерін ашу бойынша шетелдік және отандық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

«Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ Басқарушы директоры Ілияс Нұғымановтың айтуынша, бүгінде әуежай арқылы «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпанияларының ұшақтары қатынайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетеді. Шетелден келіп түсетін тауарларды көтерме-бөлшек сату және оларды пошта қызметтері арқылы жөнелту мақсатында «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп әуежай аумағында халықаралық пошта алмасу орны құрылған. 2024 жылдың 7 айында жүк ағыны 466,6 тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көп. 2024 жылдың соңына дейін әуежайдағы жүк ағынын 1 284 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Реті келгенде атап өтерлігі, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр.

Қазіргі таңда 36-шы көшенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған көше пайдалануға берілген соң, Бекзат Саттарханов көшесі мен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9-шы және 11-ші көшелердегі көлік кептелістерін азайтып, әкімшілік-іскерлік орталығы мен Түркістан әуежай жолын байланыстыратын болады.

Бүгінде аталған көшенің негізгі қабаттары төселіп, асфальт жабындысын салу жұмыстары басталды. Аталған көшенің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы, облыстық құрылыс басқармасының мамандарының қатаң бақылауға алынған.

Мердігер мекеме – «Bazis Construction» ЖШС, техникалық қадағалаушы мекеме – «Стройконсалтинг LTD» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы мекеме – «Бақытжан Жоба» ЖШС.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin