Түркістан шаһарында «Артымда қалсын асыл сөз» жыр жауһарлары кітабының тұсауы кесілді

Бүгін республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтіп жатыр. Байқаудың ашылуында сөз алған облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң қазылар алқасының мүшелері – белгілі әнші Саят Медеуов пен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаровпен бірге «Артымда қалсын асыл сөз» жыр жауһарлары кітабының тұсауын кесті.

Түркістан облысында Қазығұрттың кешегі көмулі тарихында қалып, тасада елеусіз жылдар мен тағдырлы күнтізбенің тасасында қалған Төлеш ақынның еңбектері табылды. Жыр-дастандары жазылған қолжазбалар бүгінгі күнге Сақы Арынбекұлы арқылы жеткен. Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы шығарған аталмыш кітаптағы шығармаларды орталық маманы Аязбек Рүстемов пен Арқалық Әмәлият төте жазудан аударма жасап, жинақтаған.

Сақы Арынбекұлы мен Төлеш ақын – бір атаның балалары. Жасының кішілігі мен заманының кейіндігі бар Сақы ағасы Төлештің мұраларын өзі көшіріп жазып алған. Оның ұрпағына зияны тимесін, тиер таяғы болса кәрі аяқ маған тисін деген ізгі ниетпен өзінікі ретінде жұртқа таратып келген. Сол мұра арқылы халық ортасында Сақы Арынбекұлы да ел аралап, жер аралап, той-томалақ, жиын-отырыстың ортасында әуенімен, қиссасымен ел-жұртқа жария етіп отырған.

Бұған ақынның шығармалары, қолжазба нұсқалары нақты мысал бола алады. Төлеш ақынның мұралары жалпы үлкен екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – дастандар. Оның түгеліне жуығы діни бағытта, яғни Пайғамбарымыздың дінді насихаттау барысындағы кәпірлермен соғыстары. Сонымен қатар сол кездегі батырлардың ерлігі және түрлі аңыздарды арқау еткен тарихи-әдеби туындылар да қамтылған. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен сол кездегі совхоз, колхоз өмірімен қоса халықтың жай-күйін суреттеген де бірнеше дастаны бар. Ал екінші бөлігі – өлеңдер. Соның ішінде өсиет, бата, арнау, лирика бар. Бұл Төлеш ақынның және Сақы Арынбекұлының нағыз қалам қуатын көрсеткен, ақын ретінде таныта алатын нағыз мұралары деуге болады.

Сонымен, бүгін облыс орталығында ұйымдастырылған республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың ішінен алматылық Құрметжан Ербах бас жүлдені иемденді. Жүлдені облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тапсырды. Салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді.

Екі кезеңнен тұратын байқауда 16 жыршы-термеші бақ сынады. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушы оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс.

Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сиқырлы сазды иірімдері ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс тіршілігін, алуан түске бояп, түрленіп отырады. Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов бар.

Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша қазылар алқасы анықтады. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin