Түркістан қаласы жолдарының ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы орталықтағы бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болып табылады. Биыл жыл басынан бері асфальтты жолдар көлемі 41,7 шақырымға артқан.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқа дайындық жұмыстары бойынша орталықтарды аралап, техникалардың қолжетімділігімен танысты.
Қазіргі таңда коммуналдық жұмыстарға жауапты «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС және «Түркістан Су» МКК мен «SK Geokard» ЖШС мекемелері тарапынан 12 КДМ, 18 трактор әзірленген. Сондай-ақ қосыша инфрақұрылым, құрылыс, жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ, «Жол қызметі» тарапынан 10 жүк тиегіш, 22 «КамАЗ» техникалары дайын.
Кәсіпорындар тарапынан маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 52 арнайы техника, 420 жұмысшы жұмылдырылмақ. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 310 тонна құм және 190 тонна тұз әзірленді.
Магистральды көшелерді қардан тазалау ІІІ бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ қосымша 31 көше мен 5 саябақ, ӘІО аумағы, Рухани-мәдени орталық аумағы, Бекзат Саттарханов бойындағы желілік саябақтар реттілігімен тазаланады.
Ал Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3983,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, 434 шақырымы – таулы аймақтарда қар басып қалу қаупі жоғары аймақтар.
«Оңтүстік жолдары» МКК облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға толықтай дайын. Кәсіпорын тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 118 арнайы техника, 258 жұмысшы жұмылдырылған. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 4 187,61 текшеметр құм және 393 тонна тұз әзірленді. Ауа райының қолайсыз мезгілінде облыстық жолдарда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекетттері жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар осы жылдың қараша айынан бастап «Оңтүстік жолдары» МКК мамандары тарапынан тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды.
Көлік магистральдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Облыстық әкімшілік полиция басқармасы және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Түркістан облысы филиалы арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілді.
Жол демекші, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары халықпен тұрақты кездесу тапсырылған. Осы ретте, қарашаның 13-інде ҚР Ккөлік министрі Марат Қарабаев Түркістан облысына іссапармен келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.
Басқосуда автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берілді.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде жол саласында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 202 нысан немесе 1068,4 шақырым жол мен көшелер жөнделуде. Жыл қорытындысына сәйкес 135 нысан немесе 611,7 шақырым пайдалануға беріледі. Сондай-ақ облыста 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта әуежай 3 халықаралық және 6 республикаішілік рейстерге қызмет көрсетуде.
Жиын соңында Марат Кәрімжанұлы тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, министрліктің сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ал қарашаның 15-інде Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалы, Шымкент қаласының салалық басқармасы, облысымыздағы жол салушы мердігер, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелері және аудан, қала әкімдіктерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.
Мәжіліс барысында автомобиль жолдары саласы бойынша өзекті мәселелер ортаға салынды. Нақтырақ айтқанда, жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды қолдану, сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде нормативтік базаға енгізіліп жатқан өзгерістер және карьерлердің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыру, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан туындайтын сұрақтар және облыстағы жол мамандарын қайта даярлаудан өткізу бойынша нақты мәліметтер берілді.
Жиын барысында «ҚазжолҒЗИ» Президенті Арман Алибаев және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Бас директоры Болатбек Айтбаев баяндама жасап, өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ мердігер мекемелердің және аудан, қала әкімдіктерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Атап өту керек, Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік-логистиканы дамытуды тапсырған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Тарқата айтсақ:
республикалық маңызы бар жолдар – 724,6 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%);
облыстық маңызы бар жолдар – 3 991 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%);
аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%);
елді мекендердің көшелері – 11 258 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%).
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы ұсынған деректерге жүгінсек, 2024 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 40 миллиардтан астам теңге (РБ – 8,2 миллиард теңге; ОБ – 21,1 миллиард теңге; «Ауыл – ел бесігі» – 11,5 миллиард теңге) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 244 нысан немесе 1100,3 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 149 нысан немесе 546,6 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделген.
Облыстық маңызы бар жолдарға 20,3 миллиард теңге (республикалық бюджеттен – 7,4 миллиард теңге, облыстық бюджеттен – 12,9 миллиард теңге) бөлініп, 34 нысан немесе 368,1 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен (жыл қорытындысы бойынша 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға беріледі) қамтылды. Бүгінгі таңда 10 нысан (5 жол, 3 су өткізгіш құбыр, 1 көпір, 1 жарықтандыру нысаны) пайдалануға берілді.
Аудандық маңызы бар жолдарға 2,7 миллиард теңге (облыстық бюджеттен – 2,7 миллиард теңге) бөлініп, 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен (8 нысан немесе 31 шақырым жол және 4 көпір пайдалануға беріледі) қамтылды;
Елді мекен көшелеріне 17,8 миллиард теңге (республикалық бюджеттен – 0,8 миллиард теңге; облыстық бюджеттен – 5,5 миллиард теңге; «Ауыл – ел бесігі» – 11,5 миллиард теңге;) бөлініп, 191 жоба немесе 630,6 шақырым жөндеу жұмыстарымен қамтылды (122 нысан немесе 331,3 шақырым пайдалануға беріледі).
2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 194,6 шақырым жол (облыстық жол – 163,6 шақырым, аудандық жол – 31,0 шақырым) пайдалануға беріліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделген.
Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы тапсырыс беруші, автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауына алынған. 2024 жылы басқарма, аудан, қала әкімдіктері мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында 268,9 миллион теңгеге келісімшарт жасалған.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 15 285,7 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі жағдайға қарағанда 107,7%-ды құрады. Жолаушы айналымы 1008,4 млн жкм және 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 82,6%-ды құрады. Сондай-ақ көлік және қоймалау қызметі 346,5 млрд тг немесе НКИ 103,3% құрады.
Осы аралықта байланыс қызметтерінің көлемі 7,4 миллиард теңгені және 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 113,4%-ды құрады.
Жолдағы қауіпсіздік шараларына келсек, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 650 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) (2023 жылы – 486) тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 33,7%-ға өскен, салдарынан 803 адам дене жарақатын (2023 жылы – 609) алып, 147 адам қаза тапқан (2023 жылы – 186) тапты.
Жол-көлік оқиғалары көлік жүргізушілерінің жолда жүру мәдениетін (қозғалыс жылдамдығын асыру, қарама-қарсы бетке шығу, жол белгілеріне бағынбау және т.б.) сақтамауы салдарынан орын алуда.
Жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, Түркістан облыстық Полиция департаменті тарапынан бүгінгі таңда жалпы 3 161 ұйғарым берілген. Олардың 2 869-і орындалып, қалған 294-і орындалып жатыр.
Қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында келесідей жұмыстар атқарылуда:
- Жолдарды жөндеу.2024 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 41,4 миллиард теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 248 нысан немесе 1061,3 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Соның нәтижесінде жалпы пайдаланымдағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 93,7%, елді мекен көшелері – 74% жететін болады.
- Аяқжол салу.Облыстық маңызы бар жолдарда аяқжолдардың жалпы ұзындығы 672 шақырымды құрайды. Биыл 10 шақырымы салынды.
- Жарықтандыру.Осы жылы 19,6 шақырым жолда жарық шамдары орнатылды.
- Таңбалау жұмыстары.Облыстық маңызы бар 2 785,6 шақырым жолда жол таңбасы, 650 жерге жаяу жүргіншілер жолағы сызылды.
- Жол белгілері мен ақпараттық паннолар.Ұйғарымға және жоспарға сәйкес 2042 дана жол белгісі орнатылды (1106 данасы ауыстырылды). Оның ішінде жылдамдықты шектейтін 110 дана жол белгісі орнатылды.
Облыс аумағында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан ескі бильбордтар «Жай жүріңіз», «Жылдамдықты асырма», «Үйде бала-шағаң күтіп отыр» секілді 17 ескерту бильборды жаңартылды.
- Жол катафоттары. Қауіпті жол учаскілеріне 800 метр жарықдиодты катафоттар орнатылды.
- Камералар. Биыл облыс аумағында автомобиль жолдарының бойында орналасқан әлеуметтік нысандардың маңында және қауіпті учаскілерде көлік қозғалысының жылдамдығын шектеу мақсатында 50 жерге «Сергек» камераларын орнату жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу сайтында рәсімдеу жұмыстары атқарылуда.
- Қоршаулар.2024 жылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 70 жерге үй жануарларының макеттері қойылып, нәтижесінде көлік оқиғалары санының азаюына көмегін тигізуде.
Одан бөлек, биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында үй жануарлары жолға шығып кетпеуі үшін 77,5 шақырым темір қоршаулар орнатылып жатыр.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша төмендегілер ұсынылған екен:
✓ Жаяу жүргінші жолақтарын жарықтандыру немесе жарықдиодты катафоттармен жабдықтау;
✓ Қауіпті аймақтарға трапеция тәрізді (жол кедергісі, аяқжол, жаяу жүргінші жолағы) өту орындарын ұйымдастыру;
✓ ЖКО орын алу қаупі жоғары вираждардың жол жабындысын кеңейту, көруді қиындататын көтеріңкі және төмен учаскелерді ретке келтіру;
✓ Жалпы пайдаланымдағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінде ЖКО орын алған учаскілерді «gis.kgp.kz» электронды базасында дәл көрсету;
✓ Жалпы пайдаланымдағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне «Сергек», «Муляж», бейне бақылау камераларын орнату;
✓ ТО Полиция департаментінің патрулдік батальон қызметкерлерінің облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жүйелі түрде аралауын қамтамасыз ету;
✓ Жолаушыларды заңсыз тасымалдауды және жеке таксилердің (inDrive, Яндекс) жұмыстарын заңмен реттеу қажет.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 45,4%-ы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар. Ал 54,6%-ы – тас жол. 2024 жылдың жоспарына сәйкес, шаһардағы 47,1 шақырымды құрайтын 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 41,7 шақырымдық 40 көшесіне асфальт төселді. 5,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Асфальт салу жұмыстары инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталған, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесіне орай, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға өсті.
Сондай-ақ биыл жол сапасын жақсарту мақсатында қосымша 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу көзделген. Қазір 14 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған көшелердің асфальт жолдарына толықтай қаржы қаралған жағдайда, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Оған қоса биыл қалада 11,9 шақырымдық 11 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған. 7,9 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқжол салынып, 4 шақырымды құрайтын 3 көшеде жұмыс жүргізілді. Жоспар қазан айында толық аяқталды. Қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің (сарқынды су, ауыз су) құрылысы салдарынан зақымдалған 102,6 шақырымдық 154 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, биылғы жоспарға сай, қала аумағындағы жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда шаһарда 243 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталып, оның ішіндегі 107 көше қуат көзіне қосылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.