Түркістан шаһарында жаңа зауыттың іргетасы қаланды

Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында құрылыс материалдарын шығаратын ірі тораптық зауыт құрылысының капсула салу рәсімі өтті.

«BAS POLIMER» компаниясы қолға алған жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнында жылына 15 000 тонна полимерлі құбырлар мен пластмассадан жасалған бұйымдар және тамшылатып суаруға арналған таспалар жасалады. Жаңа жобаның іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын айта келе, жаңа кәсіпорын іске қосылғанда импортқа тәуелділік азайып, отандық өнімнің үлесі артатынын атап өтті. Өңір басшысы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталып, өндірісті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін жеткізді.

– Өңдеу өнеркәсібін дамыту – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті дамытуға зор мүмкіндік бар. Жұмыс күші де, инвесторларға арналған қолдау да жеткілікті. Жаңа кәсіпорын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында іргетасы қаланған компанияның құрылысы келер жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Осы арқылы бастапқыда 100-ге жуық түркістандық тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Сұраныс пен өндіріс қуаттылығына сай жұмысшылар саны артуы мүмкін.

Зауыттың өнімдері Қазақстаннан бөлек көршілес мемлекеттерге де экспортталады.

Алдағы уақытта Мемлекет басшысының Түркістан облысының аумағында Түркі мемлекеттері үшін АЭА құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында АЭА атауы «Turan» болып өзгертілмек. «Turan» арнайы экономикалық аймағының жер көлемі 4622,39 гектарға дейін артады. «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4622,39 гектарға тең.

Еске салайық, арнайы экономикалық аймақ құрамына келесі 6 субаймақ кіреді:

ауданы 861,75 гектар тарихи орталық,

ауданы 1578,64 гектар әкімшілік іскерлік орталық,

ауданы 1000 гектар, 35 гектар және 180 гектар өнеркәсіптік аймақтар,

ауданы 967 гектар әуежай.

Естеріңізде болар, облыс орталығы ауыстырылған сәтте екі бірдей маңызды құжатқа – Түркістан қаласын дамыту тұжырымдамасына және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойылды.

Қос құжатты қабылдаудағы мақсат – Түркістан қаласын жедел дамытып, қаланың туристік әлеуетін арттыру және жалпы түркі әлемінің рухани астанасын одан әрі қалыптастыру болды. Аз ғана уақыт ішінде аталмыш арнайы экономикалық аймақта көптеген жұмыстар атқарылды. Осылардың бірқатарына тоқтала кетсек…

АЭА 6 қосалқы аймақтан тұрады. Оның ішінде, тарихи орталыққа – 861,75 га, әкімшілік-іскерлік орталыққа – 1578,64 га, Оранғай ауылында орналасқан Greenfield-қа – 365 га, Кентау қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына – 35 га, Түркістан қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына 180 га, әуежайға 967 га жер берілген.

 Тарихи-мәдени орталық Түркістан қаласының басты жәдігері болып табылады. Ол Түркі халықтары арасында маңызы жоғары құндылықтардың бірі және «екінші Мекке» аталып кеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Онда шетелдік және отандық туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында көптеген қонақүй кешендері, «Қожа Ахмет Ясауи музейі», «Ұлы дала елі», «Шығыс моншасы», «Визит орталығы» сондай-ақ, халықаралық маңызы бар «Керуен Сарайы» көп салалы туристік кешенінің және басқа да туристік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Түркістан қаласына келетін туристер санын 2024 жылға дейін 5 миллионға жеткізу жоспарланған.

Әкімшілік-іскерлік орталық Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы болып саналады. Аталған аймақта заманауи соңғы үлгідегі үлгідегі ғимарат мен  тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге арналған басқа да орталықтар салынуда.

«Turkistan» арнайы экономикалық аймағында «Greenfield» типті және «Brownfield» типті өндірістік аймақтар да бар. Жалпы, аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы мүлде жаңа, бұрын салынбаған, инфрақұрылыммен қамтылмаған жер телімінде, нақты айтар болсақ, Түркістан және Кентау қалаларының ортасындағы Оранғай ауылында орналасқан. Бүгінде онда бизнес нысандарын көтеру және кәсіпкерлікті дамыту үшін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

«Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының аумағында орналасқан. Бұл аймақта өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылымдар бар. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тартылуда. Ал, әуежай аймағы Кентау қаласына қарасты Шаға елді мекенінің маңынан орын тепкен.

Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамына жүктелген болатын. Басқарушы компанияның инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Оның ішінде 115 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция игерілді. Құны 1,16 миллиард теңге болатын «Неке сарайының» жобасы қолданысқа берілді. Құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың саны 5978-ге жетті.

Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылғанын да айта кетейік.

Қазіргі таңда аталмыш аймақта жалпы сомасы 757,307 млрд. теңгені құрайтын 73 жобаны жүзеге асыру бойынша келісімшартқа қол қойылған. Оның ішінде 58 жоба қала құрылысы бойынша іске асырылуда.

Іске асырылған 15 жобаның жалпы сомасы 195,7 млрд.теңгені құрайды. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақта тіркелген 10,015 млрд. теңге сомасына 3 жоба қызмет түрін құрылыс пен пайдалануға беруден (құрылыстың аяқталуына байланысты) қызмет көрсетуге ауыстырды, сондай-ақ 1 жоба 147,706 млрд. теңге сомасына құрылысты әлі аяқтамай қызмет жүргізуге тіркелді. 2175 тұрақты жұмыс орны құрылды, барлық жобалар іске асырылғаннан кейін 7787 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 237 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 4 млрд.теңгеге әлеуетті

4 инвестициялық өңдеу жобасы пысықталуда.

Қазіргі уақытта «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақта қызметі түрлерін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Төлеби ауданындағы  «Қасқасу» туристік – рекреациялық орталығын жетінші субаймақ ретінде қосып, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ аумағын 280 га кеңейту жұмыстары қолға алынған.

Реті келгенде айта кетейік, өткен жылдардың қорытындысы бойынша «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы Financial Times журналының «Global free zones of the year–2019» халықаралық рейтингісі аясында, әлемнің 5000 арнайы экономикалық аймағының арасында «SME Winner-Asia-Pacific» (шағын және орта бизнес бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы жеңімпазы), «Editor’s choice awards-ones to watch» (редактордың бас таңдауы-әлеуетті инвесторларға назар аударуға лайық), «Bespoke awards» (арнайы марапат – үздік маркетингтік слоган: «Тарихты құрметтеп, болашақты құру») деп аталатын 3 номинацияны жеңіп алды.

Мұнымен шектелмей, Түркістан қаласының брендін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін Financial Times жариялаған «Болашақтың туристік орындары 2019/20» рейтингісіне қатысу нәтижесінде «Heritage Tourism» (мәдени туризм), «Infrastructure upgrades» (инфрақұрылымдық даму), «Special economic zones» (арнайы экономикалық аймақтар), «Up-and-coming Destination» (Перспективті мекен) сияқты 4 номинацияның жеңімпазы атанды.

Жалпы, елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Отандық АЭА-лардың инвестициялық портфелі құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 315-ке жуық іске асырылған жобаны қамтиды. Өндіріс ошақтарында 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Қазіргі кезде 4,3 трлн. теңгеге 256 жоба іске асырылып жатыр. Жаңа кәсіпорындарда 24 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар экономиканың барлық базалық салаларында ұсынылған, сондай-ақ қосылған құны жоғары және өнімдік күрделілігі бар тауарларды өндіруге бағытталған.

Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жақсарту үшін АЭА қызмет түрлерінің тізбесі нақты инвестициялық жобаларға арналған 74 позицияға кеңейтілді. АЭА қатысушылары сатып алатын ҚҚС салынбайтын тауарлардың тізбесі 100 мыңға дейін кеңейтілді.

2021 жылы Қазақстанда темірбетон бұйымдары-модульдер, геосинтетикалық мембраналар, ұнтақты полипропилен және ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру зауыттары іске қосылды.

«Отандық АЭА мерзімін ұзарту құқығымен 25 жылға құрылады. Бұл ел аумағында жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақсатында отандық және шетелдік инвестицияларды, технологияларды, құзыреттерді тарту үшін дайын өндірістік алаң болып табылады. Арнайы экономикалық аймақтар барлық дерлік өңірлерде бар және экономиканың перспективалы салаларына шоғырланған», —  дейді ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Ілияс Оспановтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігі инфрақұрылымның дайындығына байланысты. Бүгінде аталған аймақтарға инфрақұрылым тарту үшін 393,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның базалық түрлері жүргізіліп, дайын өндірістік алаңдар салынды. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің төмен деңгейі «Turkistan», «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтарында ғана тіркелген. Ал қалған АЭА-лар қатысушылардың жер учаскесіне дейін базалық инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылымдық жұмыстардың аяқталуының орташа көрсеткіші 70%-ды құрайды, оның ішінде «Оңтүстік», «Инновациялық технологиялар паркі» және «Қорғас – Шығыс қақпасы» аймақтарында толығымен аяқталды.

Ілияс Оспанов бұл түйткілді мәселені шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақты алып тастау ұсынылып отырғанын атап өтті. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға бөлінген қаржыны үнемдеуге және салынып жатқан нысандарға баса назар аударуға септігін тигізеді. 

АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим қолданылады:

  • салықтық міндеттемелерден босату (КТС, мүлік салығы, әлеуметтік салық, жер салығы және төлем, АЭА аумағында тауарды өткізуге ҚҚС);
  • кедендік баждардан босату;
  • инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаң ұсыну;
  • квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндіктері.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов соңғы іске қосылған жобалар туралы айтып берді.

Өткен жылы 28 жоба іске асырылды. Атап айтқанда:

— «Павлодар» АЭА аумағында алюмосиликатты микросфера өндірісі («KazCenospheres» ЖШС). Бірінші кезеңі 2021 жылдың 20 сәуірінде іске қосылды. Өндіріске қажетті шикізат – ценосфера, ЖЭО мен МАЭС күлінің жеңіл фракциялары. Бұл көмір энергиясының қалдықтары болып табылатын гидротазарту күл-қож қоспаларының құрамдас бөлігі.

— «Оңтүстік» АЭА аумағында этил/метил трет-бутил эфир және ұнтақ полипропилен («Shymkent Chemical Company» ЖШС) өндірісі. Жоба 2021 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Бүгінгі таңда фабрикада 130 жұмыс орны ашылды. Жобаның құны өндірістік қуаттылығымен 11 млрд теңгені құрайды. Жылына 80 мың тонна өнім шығарылады. Компания өнімінің 90%-ы ішкі нарықта сатылады. Компания 2022 жылдың І жартыжылдығында 1,2 млрд теңгенің өнімін өндірді, оның 502 млн теңгесі экспортталды.

— «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы көлемді-блоктық үй құрылысы зауыты («ModeX Astana» ЖШС). Өндіріс – бұл темірбетон бұйымдар-модульдер шығарудың автоматтандырылған процесі. Жобаны іске асыру құрылыс процесін оңтайландыруға, оны уақыт, ресурстар мен шикізат пайдалану бойынша тиімдірек етуге мүмкіндік береді.

— 2021 жылдың басында Түркістан қаласының әуежайы («Turkistan International Airport» ЖШС) пайдалануға берілді. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны құрайды.

— «Сарыарқа» АЭА аумағында геомембран және геосинтетикалық өнімдер өндірісі («Altynarna Geosynthetics» ЖШС). Өнімдер тек бастапқы шикізат пен ең озық технологияларды қолдана отырып, заманауи автоматтандырылған өндіріс желілерінде шығарылады. Өндірістік қуаты жылына 6000 тонна, тәулігіне 15 тоннадан астам геомембрананы құрайды.

— «QYZYLJAR» АЭА аумағындағы CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру зауыты («СТ Эссембли» ЖШС). Өндірістің технологиялық процесі Tucano комбайндарын, Xerion тракторларын және CERIO дестелегіштерін құрастыруды көздейді. Өндірістің жылдық қуаты 420 бірлік техниканы құрайды. «СТ Эссембли» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасына қол қойды, оған сәйкес CLAAS әлемдік брендінің жаһандық тізбегіне одан әрі кіру мақсатында құрамдас бөлшектерді өндіру бойынша отандық кәсіпорындардың техникалық аудиті жүзеге асырылады.

Жыл соңына дейін іске асырылатын негізгі жобалар:

— алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС). Зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Жоба өнеркәсіптік салаларды әртараптандыру үшін полимерлер өндірісіне бағытталған.

– «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында сорғы штангалары мен муфталарын өндіру зауыты («EVEREST TECHNO» ЖШС). Жобаның құны 14,2 млрд теңге, 50 жұмыс орны ашылады. Зауыт 300 мың сорғы штангасын және оларға 350 мың муфта шығаратын болады.

– «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында медициналық маскалар мен респираторлар өндірісі («MFA International» ЖШС). Бірінші кезеңде өндіріс қуаты жылына FFP2 және FFP3 класты респираторлардың 2,5 млн бірлігін құрайды. Екінші кезеңде газтұтқыштар мен фильтрлер, сондай-ақ эвакуациялауға арналған өздігінен тотықтырылатын маскалар өндірісін қоса алғанда, жылына 10 млн бірлік болады. Өнімнің 50%-ын Ресей мен Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарланған.

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда отандық АЭА әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемалық мәселелер бар. 

  1. АЭА инфрақұрылымы құрылысының аяқталмауы. Бұл проблеманы шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды алып тастау ұсынылады. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға және басталған объектілердің құрылысын аяқтауға қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвестициялық преференцияларды қолданбай қызметтің басым түрлеріне жатпайтын инвесторларға жер учаскесін беруді көздейтін аралас режим енгізу ұсынылады. 
  2. Нақты салалық АЭА-ның болмауы.«Ақтау теңіз порты» АЭА-да IT, «Астана-Технополис» АЭА-да денсаулық сақтау, «Астана – жаңа қала» АЭА-да құрылыс сияқты кейбір АЭА-да салалық емес қызмет түрлерін алып тастау ұсынылады. Бұл арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін әлеуметтік-экономикалық тиімділігі зор өнеркәсіптік жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
  3. Қызметтің басым түрлерін кеңейтудің ұзақ мерзімді рәсімдері. Кейбір әлеуетті инвесторлар Арнайы экономикалық аймақтардың қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмеуіне байланысты АЭА-ға орналаса алмайды. Елдің заңнамасында белгілі бір жоба үшін қызмет түрлерін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған, бұл процедуралық түрде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Мұндай жағдайда бюрократиялық кідірістерге байланысты инвесторды жоғалту қаупі жоғары. Ол үшін келісудің кейбір элементтерін алып тастау арқылы мерзімдерді қысқарту ұсынылып отыр.
  4. Жер учаскесін сатып алудың қиындығы. Заңнамаға сәйкес Арнайы экономикалық аймақтардың жер учаскелерін қатысушылар АЭА-ның қолданылу мерзімі өткеннен кейін ғана сатып ала алады. Бұл жағдай инвесторда ертеңгі күнге деген сенімсіздік тудырады және өз өндірісінің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан индустриялық аймақтардың қатысушыларымен ұқсастық бойынша барлық объектілер пайдалануға берілгеннен кейін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

«Жоғарыда аталған ұсыныстардың барлығы Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілген. Өз кезегінде Жол картасы жаңа тәсілдерді іске асыру үшін басты стратегиялық құжатқа айналады», — дейді ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов. 

Сонымен қатар Арнайы экономикалық аймақтар қызметін жетілдіру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды: 

— АЭА қызмет түрлерінің тізбесі нақты инвестициялық жобаларға арналған 74 позицияға кеңейтілді.

— АЭА қатысушылары сатып алатын ҚҚС салынбайтын тауарлардың тізбесі 100 мыңға дейін кеңейтілді. 

Бұдан бөлек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және оның тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жандандырады. Сондай-ақ инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

Жалпы, «Түркістан» арнайы экономикалық аймағын құрудағы мақсаттар:

  1. Түркістан қаласын жедел дамыту;
  2. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру және одан әрі түркі әлемінің рухани астанасына айналу және келетін қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын және қанағаттандыра алатын жоғары тиімді, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту.

АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.

Тарифтердің құны:

  • текше метр сумен жабдықтау 134,81 теңге;
  • Жылумен қамту Гкал 6716,38 теңге;
  • электрмен жабдықтау кВт 25,33 теңге;
  • Канализация текше метр/сағ 94,64 теңге.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin