Бүгінгі таңда Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі «Woosong» университетінің филиалын ашу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақ-корей бірлескен білім ордасы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын бақылады. Өңір басшысы 18 қабатты ғимараттағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты басшылармен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпараттық технологиялар университетінің ашылуы келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Жоба «Түркістан» ӘКК» АҚ мен серіктес «BOLD Construction Group» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт негізінде іске асырылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.
Айта кету керек, «Woosong University» – Оңтүстік Кореяда Теджон қаласында орналасқан және әйгілі «WOOSONG» білім беру қорына тиесілі университет. 70 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнында 12 000-нан астам студент білім алуда һәм 780 профессор қызмет етеді. «Woosong» кәсіби және оқу базасын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен өзара ынтымақтасады.
Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша да мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.
Ал кеше Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының Тэджон қаласына ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «Woosong» университетінің төрағасы Ким Джон Хёнмен кездесіп, «SolBridge» кампусын аралады.
Делегация өкілдері «Woosong» және «SolBridge» университетеріне экскурсия жасап, сондай-ақ Тэджон қаласындағы жетекші инновациялық және жоғары технологиялық компаниялардың басшылығымен кездесті.
Олардың қатарында электр көліктерін әзірлеу және өндірумен айналысатын «Korea Mobility», косметикалық өнімдер өндіретін «CELLHAPPYCO», жасанды интеллект негізіндегі деректерді талдау жүйесін шығаратын «Euclidsoft», білім беру және ғарыш дизайны жүйелерін шығаратын «Nuguna Co.,Ltd» және теміржол көлігі басқару жүйесімен айналысатын «InterCon Systems» сияқты компаниялар болды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, облыс экономикасын дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Компания өкілдерімен кездесулер барысында ол шетелдік инвесторлар ұсынатын барлық бастамалар мен жобаларды қолдауға дайын екенін білдіріп, бизнесмендер мен компания жетекшілерін Түркістан облысына өңірдің инвестициялық әлеуетін бағалауға және ықтимал серіктестік бағыттарын талқылауға шақырды.
Сонымен қатар Түркістан облысы мен Корея Республикасының арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті. «Korea International Trade Association» қауымдастығының қатысуымен өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы және кореялық 50-ден астам кәсіпкер мен іскерлік және дипломатиялық орта өкілдері, оның ішінде KITA басқарма төрағасы мырза Юн Джин Сик, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов және Қазақстан мен Кореяның түрлі экономика салаларының делегациялары қатысты.
Форумның мақсаты – екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, энергетика, инновациялар мен технологиялар сияқты экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау және қазақстандық және корей компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату.
Кездесуде Нұралхан Көшеров екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялар мен бизнестің негізгі аймағы ретінде зор әлеуетін ие екенін атап өтті. Өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы мәлімет беріп, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы қолданыстағы жобалар туралы кеңінен баяндады.
«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сияқты салаларда Корея елімен ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз инвесторларға ашықпыз және өңір экономикасын дамытуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Форум аясында G2B және B2B кездесулері де өтіп, нақты жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Шара Түркістан облысы мен Корея Республикасының экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Өзара пайдалы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бұдан бөлек Түркістан облысының делегациясының Корея Республикасына ресми сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Корей теміржол корпорациясының (KORAIL) вице-президентімен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар көлік-коммуникация саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша ынтымақтастықтың келешегі мен мүмкіндіктерін талқылады. Негізгі мәселелердің бірі — Түркістан облысында теміржол және көлік саласы үшін кадрлар даярлауға бағытталған арнайы оқу орталығын ашу.
Нұралхан Көшеров мұндай орталықты ашудың көлік инфрақұрылымы мен технологиялары саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жоғары білікті кадрларды даярлау аймақтың көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді дамытуға, Түркістан облысының басқа өңірлермен және шет елдермен байланысынты нығайту үшін маңызды екеніне тоқталды.
«Korea Railroad Corporation» вице-президенті ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, Түркістан облысында оқу және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру үшін Қазақстанның «Қазақстан темір жолы» операторымен бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттеуді ұсынды. Ол Корей теміржол корпорациясының тәжірибесінің Қазақстанның теміржол және көлік саласын дамытуда құнды үлес қосуы мүмкін екендігін атап өтті.
Бұл жоба Түркістан облысында көлік саласы үшін білікті кадрлар даярлауда маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар екі ел арасындағы жоғары технологиялар мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық нығая түспек.
Орайы келгенде айта өтейік, жуырда ғана Корея Республикасының Сеул қаласында «Корея — Орталық Азия» бірінші аймақтық ынтымақтастық форумы өтті.
Халықаралық жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы қатысты.
Форумның негізгі мақсаты — өңірлік ынтымақтастықты дамыту, дипломатия шеңберінде жергілікті билік деңгейінде өзара іс-қимыл және проблемаларды шешу жолдарын ұсыну.
Корея Республикасы губернаторларының қауымдастығы ұйымдастырған форумда Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимыл, энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық трансформация және инвестициялық әлеует, серіктестіктің негізгі бағыттары сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.