Түркістан шаһарында түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр

Түркістан дейтін шаһарда бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ынтымағы жарасып өмір сүріп жатқан алуан-алуан этнос өкілдері бас қосты. Алқалы жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және этномәдени орталық басшылары қатысты.

Игі шарада алғы сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы барлық этнос өкілдерінің біртұтастық пен келісімде бір ортаны мекен етуі ел іргесінің беріктігіне ықпал ететінін жеткізді.

Ал өз кезегінде қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы бірлік күнінің маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларға жылы лебізін арнады.

Сондай-ақ, қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Райымжан Қошқаров этномәдени орталықтардың қоғамдағы бірлік пен тұтастықты ұстаудағы маңыздылығына тоқталды.

— Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы орасан зор. Бірлік — адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Сол үшін қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі — береке» деп түйген,-  деді өз құттықтауында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Қазақстан халқының бірлігі күні — Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. 1 мамыр мемлекеттік мерекелер санатына кіреді. Сондықтан жыл сайын осы күні қазақстандықтар демалады. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.

Бастапқыда бұл күн «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» деп аталды. Ол кезде Қазақстан халқы ассамблеясының атауында да көптік жалғау болды. Кейінірек өзгеріс енгізіліп, көптік жалғау алынды. Оның мақсаты – Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету.

Елімізде 1 мамырға дейін жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы өтеді. Биыл ұйымның XXXIIІ cессиясы 25 сәуірде өтті. Жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы бұған дейін ұйымның жұмысы туралы атап өткен болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады, — деді Тоқаев.

Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.

Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.

Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.

Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.

– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы Достық үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.

Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Елизавета Шнайдер, «Ел бірлігі» орденімен «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Тимощенко, мемлекет және қоғам қайраткері Мурат Ахмадиев, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Николай Дураченко, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Татьяна Любина, «Шапағат» медалімен Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйдірушісі Сергей Панасюк, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Аркадий Побединский, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Кирилл Пономаренко, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Анастасия Ирубаева марапатталды.

Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Нелли Краснобаеваға, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Александр Урмашовқа, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.

Осы орайда Мемлекет басшысы құттықтауын да назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

«Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке.

Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматтары біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып жатыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл –  әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы.

Ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналады. Биыл біз бұрын-соңды болмаған «алапат тасқынмен» бірлесе күресіп жатырмыз. Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді. 

Халқымыз жасампаздық пен жаңашылдық, еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерінің арқасында өсіп-өркендей береді деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!» — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықауында.

Сондай-ақ елімізде ұлтаралық бірлік пен достықты нығайтуға арналған тағы бір дата бар. Ол – Алғыс айту күні. Бұл мерекені ассамблея құрылған күні – 1 наурызда мерекеленеді.

Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың басындағы статистикасы бойынша, Қазақстанда халық саны 20 033 842 адам. Еліміздегі халықтың 70 пайыздан астамы (14 220 321) қазақ ұлтынан тұрады.

Қазақстан халқының жартысынан астамы (12 451 192 адам) қалада тұрады, ауылдарда тұратын адамдардың саны – 7 582 650.

1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған жиын соңында этномәдени орталықтардағы атқарылған жұмыстар айтылды. Сонымен қатар, қала дамуына үлес қосқан этномәдени орталық мүшелеріне шаһар басшысының алғыс хаты табысталды.

Бұл ретте қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мерекелік құттықтауын да жеткізе кетсек.

«Түркістан — түркі жұртының рухани демі, ізгілік пен иманның шамшырағы.

Тарих тағылымы қаламыздың ежелден ілім мен ғылымның, өнердің ордасы болғанын көрсетеді. Ғұламалар мен даналардың мекені ретінде танылған қала ғасырлар бұрын Қазақ хандығының астанасы да атанды.

Халқы — алауыз, елі ерме болса, көне шаһар бұл қасиетті жәдігерін сақтай алар ма еді?! Әрине, жоқ!

Бабалардың салып кеткен сара жолы — бізге мұра.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де мемлекетіміз татулықты ту етіп, бірлігінен танған емес. Елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың жүрегі де, тілегі де бір арнаға тоғысты.

Құрметті жерлестер!

Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Достығымыз ыдырамасын, татулығымыз берік болып, ынтымағымыз мәңгі жасай берсін!» — дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin