Түркістан шаһарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Патриоттар форумы өтті

Бүгін Түркістанда 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өтеді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, көпшілікті келе жатқан айтулы күнмен құттықтады.

– Халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз. Дәл осы мерекеге орай, дәстүрлі түрде өткізіліп отырған облыстық Патриоттар форумында нағыз үздіктер марапатталғалы тұр. Сіздердің жетістіктеріңіз әрбіріміз үшін зор мақтаныш екені даусыз! Патриотизм – өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі екені барлықтарыңызға белгілі. Мемлекеттік рәміздеріміз өз тұғырынан түспей, еліміз өркендей берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары туған елі үшін еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.

Оқушылар сарайында өткен жиында республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері бар, ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, технология және бизнес, ерекше ерлік көрсеткен азаматтар бағыттары бойынша үздіктер марапатталды. Сонымен қатар биыл көктемде еліміздің бірнеше аймағындағы су тасқыны кезінде қол ұшын созған жандардың еңбегі бағаланды. Соның ішінде өзінің жинаған ақшасын аударған кентаулық 4-сынып оқушысы да бар.

Іс-шара барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, доцент Жамиля Дүйсенова, волонтер Олжас Мамыр, Кентау қаласындағы Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейінің 4 «ə» сынып оқушысы Гаухар Шаймерден сөз сөйлеп, көпшілікті отансүйгіштікке шақырды. Әрі қарай мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елдің рухын көтеретін әндер шырқалып, бишілер мың бұрала биледі.

1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі болып бекітілді. Елімізде жыл сайын кең көлемде аталып өтуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар жоспарланған. Бүгінгі күні «Айбын», «Жас Ұлан», «Жас қыран», «Ұлттық мектеп лигасы», «Тәуелсіздік қырандары», «Менің Отаным – менің бастамам», «Жас сарбаз», «Балалар шексіз әлемде», «Жас құтқарушы», «Облыс тарихы» керуен шеруі сияқты 10-нан аса жоба іске асырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізіліп, жеңімпаздарға жалаушалар сыйға тартылды. Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы білу бойынша google-нысандар арқылы алынған сауалнама қорытындысымен білім деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылданып, жергілікті тұрғындар үшін жыл соңына дейін оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған форум ҚР Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған.

Еске салайық, 1992 жылғы маусым айының 4-і Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы, Әнұраны дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

Қазақстан байрағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының қатынасы — 1:2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен оның бейнесі, көлемдеріне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы эталонының түрлі-түсті және сызба бейнелеріне дәлме-дәл сәйкес келуге тиіс.

Қазақстан елтаңбасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі) бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы көшірме бейнесі, көлеміне қарамастан Қазақстан Президентінің Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы эталонының түрлі-түсті немесе ақ-қара бейнесіне дәлме-дәл сәйкес келуге тиіс.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Әннің авторы — Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin