Түркістан қаласында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Тіл – ұлт қазынасы» атты іс-шара өтті. Мерекелік жиында сөз алған Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев көпшілікті атаулы мерекемен құттықтап, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екенін айтты.
Сондай-ақ, мәртебелі тілді ұлықтаған шараға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қатысты. Мерекелік шарада мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Тіл – ұлттың қазынасы, достықтың кілті, бірліктің бастауы. Өздеріңізге белгілі осыдан 35 жыл бұрын – 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бері атап өтіледі. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне байланысты бұл мереке 2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.