Түркістан шаһарында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр

Тарихы тереңнен бастау алатын Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны артып келеді. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салыну үстінде. Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қадағалау мақсатына құрылыс нысанына барды. Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен өңір басшысы мердігерге жұмысты ширатуды, сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.

Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Жыл ішінде облыс орталығында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өтетін ауқымды жобалар жоспарланып, жүзеге асып келеді.

Теңдессіз туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 гектар. Қолөнершілер қалашығы бас-аяғы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізілуде. Құрылыстың 1 және 2 кезектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс атқарып жүр. Қолөнершілер қалашығының құрылыс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана салудағы мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу.

Мұнда қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.

Тағы бір атап өтерлігі, Күлтөбе қалашығы – Түркістанның бастауы. Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи — мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі — «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталды. Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кесене маңындағы «Күлтөбе» қалашығының құрылысын аралап көрді. Мердігер компания мен жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарына баса мән беруді тапсырды.

«Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы археологиялық парктің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Жалпы аумағы 30 гектарға жуық болса, көгалдандыру аумағы 20 гектардан асады. Жоба бойынша 4 шатырлы күмбез, 27 тірек, КТП 1 дана, суағар (кәріз сорғы станциясы, дренажды жүйе) жоспарланған.

Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Қазір мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді.

Бүгінгі таңда жобада қаралған жұмыстар, яғни күмбездің металл конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Трансформаторды монтаждау жұмыстары толық аяқталып, іске қосуға дайын. Сондай-ақ ағын суларға арналған науалар жүйесі (дренаж жүйесі) аяқталған.

Мұнан өзге Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ондағы өндіріс орындарын аралады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған.

Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 миллиард теңгені құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция көлемі 30,7 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 500 жаңа жұмыс орындары құрылуда.

«BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын құрылды. Ал, «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда, украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер, және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда.

Екінші кезеңде 25 мың шаршы метр қолданысқа беріліп, инвестиция құны 32,3 миллиард теңге құрайтын 12 жоба іске қосылады. Қосымша 400-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үшінші кезеңде инвестиция құны 35,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарға қызығушылық танытып келеді. Айта кетейік, өндірістік парктің толық іске қосылуы бағытында қажетті барлық жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin